ҒАШЫҚТЫҚ ДАСТАН САХНАЛАНДЫ

Уақыты: 19.03.2024
Оқылды: 382
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Буыны қатпаған жас балаларды өнерге баулу, сахна мәдениетін үйрету, актерлік шеберліктерін шыңдаудың мехнатын сол жолмен жүрген жан ғана салмақтай алмақ. Ал жас шәкірттерімен үлкен бір қойылымды сахналау терсіңді еңбек, тегеурінді екпінді қажет етеді. Бұл орайда жетісулық өнердің қос жұлдызы Кендебай Темірбайұлы мен Алмахан Кенжебекованың есімін ерекше атауға негіз бар.

Біршама жыл бұрын Оқушылар сарайында «Жас актер» театрын ашып, балаларды сахна өнеріне баулуды бастаған қос саңлақтың еңбегі елеулі. Мұқағали Мақатаев атындағы поэтикалық театрдың алғашқы легі бүгінде жоғары оқу орнына, академияға түсіп, білімі мен өнерін жетілдіруде. Одан кейінгі буын Оқушылар сарайының үлкен залында халық ақыны Ғабдиман Игенсартовтың дастаны желісінде сахналанған «Шынар-Сырым» музыкалық драмасын көрерменге өз деңгейінде ұсынды.

Алғаш рет сахналанған дастан «Бабалар сөзі» 100 томдығындағы туындылардай, Ш. Құдайбердіұлының «Әділ мен Мәрия» поэмасындай, түу алыстан қозғасақ «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» ғашықтық дастандарындай ізгілік пен махаббатқа, адамгершілік пен адалдыққа негізделген. Батырдың қаһарынан ығып, қалың малына қызыққан әкенің ерке қызын енжар біреуге қосуға келісім беруі Қодарға оң қабақ танытқан Қарабайдың қылығын еске салса, Шынар мен Сырым арасындағы ізгілік Қозы мен Баянның іңкәрлігінен кем емес. Дегенмен, Ғабдиман Игенсартов қаламынан төгілген дастанда екі ғашық сезімі баянды күймен тиянақталады. Билер дауының кесімі арқылы әрі серісін аңсаған Шынардың табандылығы арқасында мұрат мұрындықталады, арман ауыздықталады.

Адамзаттық сезім қылының әр пернесін қозғайтын қазақ дастандары әдебиетіміздің маржаны десек қателеспейміз. Сол санаттағы шығарманы өз деңгейінде сомдаған «Жас актер» театрының шәкірттері көпшілікті сүйсінтті. Бес жасар баладан 10-11-сынып оқушыларына дейінгі аралықтағы өрендер өнері көрерменді тәнті етті. Қойылым соңында Талдықорған Жоғары медицина колледжінің оқытушылары, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қуаныш Сүлейменов сөз алып, жас шәкірттерге сүйсінгенін, жекелей жас актерлардың өнерін бағалап, Кендебай Темірбайұлы мен Алмахан Кенжебекованың еңбегін ерекше атап өтті.

Ерлік пен елдікті, досқа деген адалдық пен адами сүйіспеншілікті насихаттаған «Шынар-Сырым» музыкалық дастан-драмасын алдағы уақытта Талдықорған қаласындағы 30 мектептің оқушылары тамашалайтынын да айта кеткен жөн.

АРДА БИ
Суреттерді түсірген Руслан ҚАДЫРОВ