ҚАРИЯЛАР ДӘН РИЗА

Уақыты: 07.04.2024
Оқылды: 302
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Дария кеуде, тау мүсін қарттарымыз өз кездерінде еселі еңбек етіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына қомақты үлестерін қосты. Олар қазіргі кезде де қатардан қалмай қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, ел бірлігін сақтауға, жас ұрпаққа саналы тәрбие беруге қал-қадарларынша атсалысып келеді. «Үйіңнің жанында төбе болса – ерттеулі тұрған атпен тең, ауылыңда қария болса – жазулы тұрған хатпен тең» деген даналық та осыған орай айтылған шығар-ау деп ойлаймын.


Осындай ақсақалды қарттар мен ақжаулықты әжелерімізге бүгінде қолдан келгенше қамқорлық жасап, көмек көрсету адамгершілік асыл қасиеттердің қатарына жатады. Өздерінің осынау азаматтық парыздарын өтеуге үлкен жауапкершілікпен қарап, қазына қарияларымызды қастерлеп жүрген замандастарымыз аз емес. Солардың қатарында облыстың нотариалдық палатасының төрағасы  Арман Бекішбаевты айтсақ болады.

Бірден айта кетейік, бүгінде Арман Сейітжапарұлының өзі де қариялық кезеңге аяқ басып, жетпіс деген мерейлі жастың желкенін көтеріп жүр. Нақтырақ айтатын болсақ, ол биыл 75 жасқа толады. Содан кейін де осынау жауапкершілігі жоғары мамандық иелерінің басын қосып, бір ұйымға ұйыстырып отырған білікті басшы, абзал азамат ардагерлердің өмірлік, тұрмыстық қажеттіліктерін тап басып біліп, қажет болған кезде оларға тиісті жеңілдіктер жасауға ықпал етіп отырады. Тіршілік болған соң кездеспей тұрмайтын түрлі жағдайларға орай тиісті ақыл-кеңестер беріп отыру да сондай өмірлік қажеттіліктердің қатарынан саналады.

Жасыратыны жоқ, жасы келген замандастарымыздың өмірінде үй-жайлары мен жиған-тергендерін мұраға қалдыру жөніндегі мәселелер жиі туындап жатады. Бұл жағдай көп ретте жалғызілікті жандарға қатысты туындайды. Ондай кездерде бірден-бір оңтайлы шешім қабылдау да оңайға соға қоймайды. Мұндайда пайдалы, пайдасызы бар неше түрлі кеңес беретіндердің  де көбейіп кететіні белгілі. Көп ретте заң талаптарын жетік біле қоймайтын қарт адамдардың тығырыққа тірелетіні де осы кез. Білікті нотариустердің көмегі, міне, нақ осындай сәттерде керек болады. 

Мұндай қажеттілікті жақсы түйсінген нотариустер қауымы дәл осындай кездерде қариялардың қасынан табылып, ақыл-кеңес беріп отыруды әдетке айналдырған десек те болады. Ондай жүздесулер әсіресе Қарттар үйі мен белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарында, мүгедектер мен зағиптар, саңыраулар қоғамдарында жиі өткізіледі. 

Әңгіме өзегі мұрагерлік мәселесінде дұрыс шешім қабылдап, маңызды деген құжаттарды рәсімдеуге келіп тірелген соң мұндай жүздесулердің аяғы әдетте тақырыпты қызу талқылауға, бірінен кейін бірі туындап жататын сұрақ-жауаптарға ұласады. Кәсіби нотариустер   сөз болып отырған тақырыптың өмірлік маңызды екенін түсінгендіктен де әңгіме қанша уақытқа созылса да төзімділік танытып, мәселенің орайына келетін заң талаптарын түсіндіруден жалықпайды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні әдетте қариялардың заңгерлерге деген шынайы алғысымен, шын көңілден шыққан ризашылықтарымен түйінделіп жатады. 

Мұндай ақыл-кеңес беру шаралары жаңағыдай орталықтар мен қарттар шоғырланған мекемелерде ақысыз негізде ай сайын өткізіліп тұрады. Бұл үшін нотариустерге тағы бір алғыс айтып өткім келеді.

Нотариустердің жұмыстары жекеменшік негізде атқарылатындығына қарамастан олардың зейнеткерлер мен мүгедектерге, көп балалы аналарға жеңілдік жасап, көп ретте тегін қызмет көрсететіндіктері де қуантады. Арман Сейітжапарұлының айтуынша, өткен 2023 жылы жоғарыда аталған зейнеткерлер мен мүгедектерге, көп балалы аналарға 6 млрд.-тан астам теңгеге, соның ішінде Жетісу облысы бойынша 133 млн. теңгеге жеңілдік жасалынған екен. Осынау қомақты көрсеткіштің тасасында қаншама қарттың ризашылығы мен шынайы алғысы жатыр десеңізші?!

Өмірлік тәжірибем көрсеткендей, нотариус келісімшарт жасасатын адамдар кеңсеге өз еріктерімен келіп отыр ма, алданып немесе адасып отырған жоқ па, құжаттары толық сәйкес келе ме, соның бәрін анықтап барып мәміле жасауға кіріседі. Азаматтардың бір-бірінен ақша алған, алмағаны жайындағы дәлелдерге де толықтай көз жеткізіп барып куәландырады. Өйткені күні ертең әлдебір даулы жағдай туындай қалса, құжаттағы әрбір тұжырым үшін өзі жауап береді. 

Бұл орайдағы құжаттардың күнделікті өмір барысында жоғалып, өртеніп кетпей нотариалдық кеңседе 75 жылға, кей жағдайда тұрақты түрде сақталатындығы, қажет болған жағдайда көшірмесін алуға болатындығы да қуанышты жағдай. Нотариуске барудың бір артықшылығы осында ма деймін. 

Сөз соңында қазына қарттарымыздың жағдайын ойлап, оларға тегін немесе жеңілдікпен заң көмегін беріп, қалтқысыз қызмет көрсетіп жүрген нотариустерге, олардың басшысы Арман Бекішбаев замандасымызға шынайы ризашылығымды білдіргім келеді.

Ақшабай Керімбеков,
Талдықорған қалалық 
ардагерлер кеңесінің 
төрағасы