Өнер дарыған отбасы

Уақыты: 07.04.2024
Оқылды: 313
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Махаббат – таразыға өлшенбейтін мөлдір бұлақ, тұмса табиғатпен теңдесетін ерекше сезім. Оған тең келер ұлы сезім болмасы хақ. Соның ішінде ең таза, адал, кәусары бала махаббат десек қате айтқанымыз емес. Балалық шақтан, кіршіксіз сезімнен бастау алған махаббаттары өмірлік жан серігіне айналып, өнерде де, өмірде де қол ұстасып жүрген жандар Дәурен  Жұмабеков пен Құралай Шаяхметова.


Қазақта өнер десе ішкен асын жерге қоятын отбасылар, өзгеге өнеге болатын адамдар өте көп. Соның ішінде жер жаннаты Жетісуда туып-өскен Дәурен мен Құралайдың шаңырағын ауыз толтырып айтуға болады.  

Әншілік те, шеберлік те Алладан келетін үлкен сый десек, сол сыйды орнымен өз деңгейінде ұтымды пайдалана білу де – өнер. Ал өнер жалғандықты, жасандылықты көтермейді. Ол «бар» немесе «жоқ» болуы тиіс. Сондай өнер жолын таңдаған жұптардың бүгінгі шыққан биіктері шынайы өнермен, адал еңбекпен, маңдай термен келгені дау тудырмас.

Қос өнерпаз алғаш рет аудандық, облыстық конкурстардан бой көрсетті. Жүре-жүре бір-бірінің өнерін тамашалаған жастардың арасында махаббат ұшқыны оянды. Таныстықтары түрлі өнер байқауларынан басталған жандар бүгінде өнер айдынында қол ұстасып қатар жүзуде. 

«Алма ағашынан алыс түспейді» деген де  дәл осы өнерлі жұпқа арналғандай. Кішкентайынан музыканы жанына желеу етіп, болашағын онсыз елестете алмаған екі жанның бүгінде аңсаған арманы орындалып, мақсаттарына жетті десек болады. 

Дәурен Жұмабеков бала кезінен кіші әкесі Болат Мақсұтбекұлының тәрбиесінде өскен. Ол өнер десе ішкен асын жерге қоятын жандардың қатарынан еді. Бала Дәуреннің өнерге махаббаты да дәл осы кісінің арқасында ашылған-ды. Ең алғаш домбырамен «Сәби болғым келеді» әнін үйреткен де осы Болат әкесі. Анасы да өнерден кенде емес. Ауылдағы думанды кештерде әуелетіп ән салып, көрерменнің ықыласына бөленіп жүретін жан. Қасиетті қара домбыраның үнін естіп өскен бала өзінің болашағын өнерден басқа салада елестете де алмаған. Кейін әке-шешесінің қолдауымен Талдықорған қаласындағы Қ. Байсейітов атындағы саз колледжінің домбыра курсын бітірді. Одан кейін Жетісу мемлекеттік  университетінің музыка факультетінде оқи жүріп, Алматы облыстық Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінде жұмыс істеді. 

Ал Құралай Шаяхметова туғаннан әкесінің баянда ән шырқағанын естіп өскен қыз. Онымен бірге қосылып ән де айтатын. Бала ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілетіні рас. Мектеп бітіргеннен кейін әкесінің жол сілтеуімен Қ. Байсейітов атындағы саз колледжіне оқуға түсіп, өзінің өнердегі сара жолын бастады. Кейін Алматыдағы Құрманғазы атындағы Ұлттық консерваторияның дәстүрлі ән бөлімін үздік тамамдап шықты. Оқуды аяқтап, 2009 жылы туған жерге келіп, өзінің бала махаббаты Дәуренмен шаңырақ құрып, үлкен өмірге қадам басты. 

– Өнер жолы ауыр екені айтпасақ та белгілі. Алайда сүйгеніңнің сүйіктісі бола білсең, бұл жолда жетер жетістігің көп болары анық. Себебі, өнерде жүрудің қандай қиын екені  тек өнерді сүйетін, сондай-ақ, оны түсінетін жанға ғана мәлім. Өз басым сондай азаматпен көңіл жарастырғаныма, әр жеткен жетістігіме бір адамша қуанып, қолдау білдіріп отырған жанға ризамын», – деді Құралай Шаяхметова.

Бүгінде жұп жарастырған жұбайлардың өнерде ойып тұрып алған орны бар. Шаңырақтың отағасы Дәурен Темірбекұлы Жетісу облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармонияда Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінде бас домбырашы. Ал Құралай Аюбайқызы өзі оқыған Қ. Байсейітов атындағы саз колледжінде дәстүрлі әннен сабақ береді. Сондай-ақ, Жетісу облыстық Дәнеш Рақышев атындағы филармонияда жеке дауыстағы әнші. 

Өнер жеңіл-желпілікті, атүстілікті, сатқындықты кешірмейді. Дәурен мен Құралайдың шаңырағы бұл бағытта өзіндік із қалыптастырғаны  кішкентай болса да балаларының бойындағы дарындарын ұштап, ұшқындатып отырғанынан байқалады. Бүгінде 8-сыныпта оқитын тұңғыштары Әмина театр актрисасы болғысы келеді. Бұл саланың тіптен ауыр екенін білсек те қызымыздың арманын еш еткіміз келмейді, – дейді өнерлі ана. Ал ұлдары Алан сурет салғанды ұнатады. Небәрі 3-сыныпта оқыса да салған суреттеріне «9 жасар баланың туындысы» деп баға беру мүмкін емес. Міне, өнерліден туған баланың да өнерден алыстамайтынына тағы бір дәлел. 

Шаңырақтың тұтқасын берік ұстап, отбасының ұйытқысы болып отыру өнерде жүрген әйелге қиын екені айтпаса да мәлім. Сол себепті жанында жүрген жанашыр жары барынша қолдау білдірсе, нәзік әйел өнердің биік шыңын бағындырары сөзсіз. 

– Құралай биік болатын кезде биік болып, кішірейетін кезде кішірейе біледі. Бойындағы бар қасиетін әлі күнге дейін сақтап келе жатыр. Кешірімді әрі қатесін тез жөндеуге тырысатын жан. Алдауды, жалған сөз айтуды білмейтінін алғаш танысқанда жанарынан байқадым, – дейді Дәурен Жұмабеков. 
Құралай Шаяхметова консерватория қабырғасында оқып жүріп, ең алғаш Әміре Қашаубаев атындағы республикалық байқауда дипломат атанған. Сондай-ақ, Ж. Елебеков атындағы республикалық байқауда Жаңыл Қартабаева атындағы жүлдеге ие болса, халықаралық Шабыт фестивалінен 1-орынды еншілеген. 2023 жылы Жетісу облыстық әкімдігінің «Үздік дәстүрлі әнші» номинациясының иегері. Дәурен Жұмабеков ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен Алғыс хатпен марапатталды. 

– Бақытты отбасы болу үшін шаңырақтағы сыйластықты сақтап қалу маңызды. Отбасын құру Отанға қосатын үлесің. Жақсы бала тәрбиелегің келсе алдымен өзің жақсы бол. Себебі, бала әркез көзбен көргенін істейді. Үйлену оңай, үй болу қиын деген сөз бекер айтылмаған. Қазығы мықты отбасы болу үшін әр адам өзіне жүктелген  жауапкершіліктің маңызын түсіне білуі шарт. Әр отбасыда келеңсіздіктер болатынын да жасырмау керек. Ал ондай қиындықты еңсеру сол кішкентай мемлекеттің ғана мойнында, –  деп Дәурен Жұмабеков өз ойымен бөлісті. 

– Өнерде де, өмірде де өзімді бақытты әйел санаймын. Сәнденіп сахнаға шыққандағы халықтың қошеметі, құрметі болады. Бұның бәрін дұрыс жағынан түсініп, сені қолдап, қолпаштап жүретін жарыңның болғаны екі есе бақыт. Осы күнге дейін армандаған сахнаның бәрін көрдім. Әлі де көремін деп ойлаймын. Әрине, осының бәрі сүйікті жарым, жанашырым  Дәкеңнің арқасы, – деп дәстүрлі әнші жарына ризашылығын білдірді.
 Шаңырақ иелеріне өнер атты қызығы мен шыжығы мол үлкен сапарда сəттілік тілейміз. 

Айғаным АЙТМҰХАН