Даналықтың дариясы

Уақыты: 29.12.2016
Оқылды: 1395
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жыл сайынғы дәстүр бойынша облыс әкімі Амандық Баталов жаңа жыл қарсаңында қазыналы қариялармен, Жетісу аймағындағы ардагерлермен кездесті. Алматыдағы «Қазақстан» қонақүйінің салтанат залында аға буын өкілдері  өзара жүздесіп, ел басқарған күндердің естеліктерін әңгімеледі.

Ең бастысы, бұл басқосу ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлаған кезеңде өтіп отыр. Қазақ салтымен ардагерлерге ақ дастарқан жайылып, сый-сияпат көрсетілді. Елбасының ұстазы болған Сейітхан қария Исаев жиналғандарға ақ батасын берді. Бұдан кейін басқосуға келген қауым бір сәт телеэкранға көз салды. 12 минуттық бейнекөрсетілімде облыстың биылғы әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірінде қол жеткізген жетістіктері туралы баяндалды. 
Мешін жылы жетісулықтар үшін жаман болған жоқ. Өндірісте, аграрлық салада, құрылыста және мәдениеттегі табыстар ел игілігіне айналды. Мәселен,  облыста қант қызылшасын өсіру көлемі ұлғайды. Биылдың өзінде 6800 гектар алқапқа тәтті түбір егілді. Көксу қант зауыты іске қосылды. Алдағы уақытта Қарабұлақ, Ақсу қант зауыттары ашылады деп күтілуде. Күні кеше ғана жұмысын бастаған Алакөл ауданындағы майлы дақылдарды қайта өңдеу зауыты да диқандарға зор табыс әкелмек.
Биыл аймақтың мәдени өмірінде жайдарман жаңалықтар аз емес. Солардың басты-бастысына тоқталсақ, Сүйінбай бабамыздың ескерткіші Түркияның қақ төрінде бой көтерді. Бұл игі іс жетісулықтардың ғана емес, бүкіл елдің мерейін үстем етті. Сол сияқты, Талдықорғанда жаңа театрдың іргетасы қаланды. Екі жылдан кейін өнерсүйер қауым спектакльдерді бүгінгі заманға сай өнер ордасында тамашалайтын болады.
Талдықорған қаласындағы «Жастар» саябағының ашылуы, онда ақиық ақын Мұқағали Мақатаев мүсінінің орнатылуы өскелең ұрпақтың ұлттық тәрбие алып, рухани кемелденуіне әсер ететіні анық. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мерейтойы қарсаңында облыс орталығында Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың мүсіні ашылды. Жетісулықтар ұлы тұлғаға айналған Алатаудың төл перзентіне, мақтаныш етер жерлестеріне өздерінің шынайы ықыластарын осылай білдірді. Міне, осы тектес жақсы мазмұндағы тартымды кадрлар бірінен соң бірі экранда алмасып жатты. Ардагерлер көптеген игі шаралардың ойдағыдай жүзеге асқанына  ризашылық білдірді.
Аға буын өкілдерін тәуелсіздік мерейтойымен және келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаған облыс әкімі  олардың елге сіңірген еңбектерін мақтанышпен атады.
– Өздеріңіз білесіздер, еліміз Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойын жоғары деңгейде өткізді. Бұл  айтуға оңай болғанымен, атқаруға оңай болған жоқ. Осы мерзім ішінде қаншама тер төгілді?! Тың ізденістер, батыл бастамалар жасалды. Сол жұмыстардың бел ортасында жүріп, сіздер ел-жұртты алға бастадыңыздар. Олардың сенімдерін нығайттыңыздар. Өтпелі кезеңдердің сындарлы асуларынан сүрінбей өту мүмкіндігін қамтамасыз еттіңіздер. Елбасымыз алға қойған сарабдал саясаттың ойдағыдай жүзеге асуына барынша үлес қостыңыздар. Бүгінгі жетістіктеріміз – сол еңбектеріңіздің нәтижесі. Сондықтан сіздерге алғысымызды айта отырып, мықты денсаулық, бақыт пен шаттық тілейміз, – деді Амандық Ғаббасұлы.
Есімі елге белгілі қайраткерлер  Кеңес Аухадиев, Серік Ақымбеков, Шәмшә Беркімбаева, Бижамал Рамазанова,  Өмірзақ Сәрсенов сынды ардагерлер ойларын ортаға салып, өздерінің ыстық лебіздерін паш етті. 
– Мен бүгін ерекше толқып тұрмын. Өйткені, кезінде бірге қызметтес болған әріптестерімнің ортасындамын. Олардың жүздеріне қараған сайын өткен күндердің естеліктері көз алдыма келеді. Мемлекетіміздің гүлденуіне осы отырған әр азаматтың қосқан өзіндік үлесі бар. Міне, осындай жайсаң жандармен тағы да дидарласуға мүмкіндік беріп, жыл сайын дәстүрлі кездесу ұйымдастырғандарыңызға айтар алғысымыз шексіз. Еңбекті елеп, ескеру – үлкен құрмет. Жас толқын үшін үлкен тәрбие, – деді Кеңес Аухадиев.
Әрине, ел басқару оңай емес. Ардагерлер кешегі өздері жүрген құтты жолдың бүгінгі таңда жас толқынмен жалғасып жатқанына марқайды. Үміттерінің ақталғанына, ата дәстүрдің сақталғанына риза болысты. Сонымен қатар, бұл басқосудағы айтылған сөздерден көптеген ізгілікті істерді аңғардық. Ойға ой қосылды, тыңдаушыларды тәлім мен ғибратқа кенелдірді. Аталған игі шара сонысымен ерекше, сонысымен мазмұнды сипатқа ие болды.
Кеш соңында «Құлансаз» бен «Сүйінбай сазы» ансамбльдерінің әншілері мен бишілері ардагерлерге өнер көрсетіп, мерекелік көңіл-күй сыйлады.


Алматы қаласы.