ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ЖҰМЫСШЫЛАР ЕРЕУІЛІ: БЫЛТЫР 20 ЖАҒДАЙ ТІРКЕЛГЕН

Уақыты: 05.03.2022
Оқылды: 1240
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың басшылығымен өткен селекторлық жиында еңбек шарты мәселесі қаралды. Бейнебайланыс арқылы өткен жиынға Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев қатысты.

Жиында еңбек заңдылығының сақталмауына байланысты әр жерде жұмысшылардың ереуілі орын алып жататыны тілге тиек етілді. Бұл көп жағдайда айлықтың төмендігі, еңбеккерлерге жағдайдың жасалмауы салдарынан орын алуда. Басшы мен жұмысшылардың келіспеушілігінің кесірінен бірнеше кәсіпорынның жұмысы тоқтаған.

Нәтижесінде, ел экономикасы зардап шегеді. Соңғы екі жылда республика бойынша 51 еңбек шиеленісі орын алған. Барлық жағдайдың соңы кәсіпорынның жұмысты тоқтатуымен тамамдалған. Былтырдың өзінде елде осындай 20 жағдай тіркелген. Сараптаушылардың сөзінше, ереуілшілер  өз құқықтарын талап еткен. Еңбекақыны уақытында, атқарылған жұмысқа сай төлеуді сұраған.

Селекторлық жиында Үкімет басшысы салаға қатысты министрліктер мен облыс басшыларына қақтығысқа жол бермеу керектігін ескертті. Шиеленіс бола қалған жағдайда жұмысшылардың талабын орындау, мәселені ушықтырмау тапсырылды. Жиында тұрғындарды жұмыспен қамтуға баса мән беру керектігі айтылды. Еңбекке жарамды адамдарға екі қолға бір күрек табуына жәрдемдесу жергілікті атқарушы органның міндеті екені назарға салынды. Жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттырып, еңбек шартын сақтау жайы сөз болды.

Үкімет басшысы селекторда жұмысшылардың кәсіподағын құрып, олардың белсенділігін арттыруды тапсырды. Олар жұмысшылар мен басшылық арасына алтын көпір болуы тиіс. Еңбеккерлердің отбасылық жағдайы, олардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыруын да кәсіподақ ұйымдастыра алады. Бұрындары кәсіподақтар қызметкерлердің балаларының жағдайын, өздерінің шипажайда демалуын да ойластыратын. Бүгінгі таңда осы қызметтің жоқтығы әлеуметтік жағдайды шешуде қолбайлау болуда.

Селекторлық жиын соңында Әлихан Смайылов Ұлттық экономика министрлігі мен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірігіп, жергілікті атқарушы органның қызметін бағалауға баса мән беру керектігін тапсырды. Ол үшін жауапты басшылардың халыққа жақындығын назарда ұстау міндеттелді.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ