ШЕТЕЛДЕ ЖҮРГЕН ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТЫ ТӨЛҚҰЖАТЫН ҚАЛАЙ РӘСІМДЕЙДІ?

Уақыты: 04.04.2022
Оқылды: 1518
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Шетелде жүрген Қазақстан азаматы төлқұжатын қалай рәсімдейді? Бұл сауалға Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары жауап берді.

Егер сіз шетелде оқып жатсаңыз, жұмыс істесеңіз немесе тұрып жатсаңыз және Қазақстан азаматының төлқұжатын алу немесе ауыстыру қажет болса, оған бола Қазақстанға қайтудың қажеті жоқ. Ол үшін сол елдегі ҚР Елшілігіне немесе консулдығына хабарласып, келесі құжаттарды ұсынсаңыз жеткілікті:

*өтініш;
*жеке басын куәландыратын құжат: төлқұжатты ауыстыру үшін ҚР азаматының төлқұжаты; 16 жасқа толмаған болса, туу туралы куәлік, ата-анасының бірінің жеке басын куәландыратын құжаты мен екіншісінің нотариалды рұқсаты;
*өлшемі 3,5х4,5 түрлі түсті 4 фотосурет;
*тұрақты тұру, оқу, шетелде жұмыс істеу фактісін, отбасы жағдайын растайтын, медициналық анықтама (түпнұсқа және көшірме);
*консулдық төлем түбіртегі.

Бұл қызмет түрі ҚР Цифрлық даму, Ішкі істер және Сыртқы істер министрліктерінің бірлескен жұмысының арқасында қолжетімді. Қызмет көрсету мерзімі - 80 күнтізбелік күн.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"