БАЛАЛАР ҮЙІРМЕСІНЕ НЕ ҮШІН ҚАРЖЫ БӨЛІНБЕЙ ЖАТЫР? ОБЛЫС ӘКІМІ ТҮСІНДІРДІ

Уақыты: 16.04.2022
Оқылды: 1201
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Алматы облысының әкімі Қанат БОЗЫМБАЕВ жан басына қаржыландыру нормативі бойынша ашылған балалар үйірмелері жұмысының тоқтау мәселесін кәсіпкерлермен бірлесіп талқылады.

Облыс әкімі өз сөзінде бұл бағдарламаның кемшілігі көп екенін айтты. «Ең бастысы, кез келген бағдарлама бюджет қаржысына сәйкес келуі керек. Ал бұл бағдарлама шексіз пирамида сияқты. Мәселен, былтыр мәдениет саласына 1,5 млрд теңге бөлінді. Биыл 2,4 млрд теңге қарастырылды. Бұл қаржы екі-ақ айға жетті. Бағдарлама пирамида сияқты болса, тек осы үйірмелердің өзіне 34 млрд.теңге керек болады. Ондай қыруар қаржы облыста жоқ», - деді Қ.Бозымбаев.

Әкімінің айтуынша, биыл 15 мектептің құрылысын бітіру керек. Еңбекшіқазақ, Қарасай сияқты халық тығыз орналасқан аудандарда үш ауысымды мектептердің мәселесі әлі де өзекті. Бірінші кезекте осы проблеманы шешу қажет. «Облыста бюджеттің 55 пайызы білім саласына, 30 пайызы әлеуметтік салаға бағытталады. Одан бөлек, жол, ауызсу сияқты басқа да көптеген мәселе бар. Оларды да шешу керек», - деді Қанат Бозымбаев.

Облыс басшысы Мәдениет және спорт министрлігі бағдарламаны бір жүйеге түсіріп, бекіткеннен кейін ғана қаржыны қайта есептеу және қаражат бөлу қарастырылатынын айтты.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"