Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ОТБАСЫЛЫҚ САЙЫСТЫҢ АҚТЫҚ СЫНЫНА ӨТТІ

Уақыты: 15.06.2022
Оқылды: 764
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Қазақтың өнегелі шаңырақ иелері Ерболат Әбілмәжүн мен Үкінгүл Құрметтің отбасында «Тәрбие басы – тал бесік» деген қағида ешқашан өзгерген емес. 

Олар дамыған елдердің бала тәрбиесіндегі кейбір ұтымды тұстарымен келіседі, бірақ ол дәстүрлі қазақ отбасының ұстанымына кесірін тигізбеуі тиіс деп біледі. Өйткені, қазақтың өзіне тән отбасылық құндылықтары бар. Ол –  халқымыздың тарихымен біте қайнасқан салт-дәстүрі, отбасы мәдениеті мен этикасы. Ал тіршілігі қайнаған Алматыдай үлкен мегаполисте қоғам ағымына жұтылып кетпеу қиынның қиыны. Сондықтан заман сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді жаңашылдықпен ұштастыра білуіміз  керек. 
–    Әр отбасы бала тәрбиелей отырып қоғамды да тәрбиелейтінін ескерсе, тәуелсіз еліміздің келешегі бұдан да зор болар еді. Іргетасы берік, тәрбиесі тереңде жатқан отбасы қоғамның дұрыс қалыптасуына да тікелей ықпал ете алатыны айтпаса да түсінікті жайт, –  дейді отағасы Ерболат Әбілмәжүн.  
Тәрбиеге келгенде жан-жақтылықты ұстанатын отбасы иелері, ең бастысы, баланың тұлға болып қалыптасуына ата-анасының сөздері мен ескертпелері емес, шынайы іс-әрекеті мен мінезі ықпал ететіндігін жадыларына түйген. Баланы тануға, қабілеттерін анықтап, соны дамытуға барынша назар аударады. Содан болар «Сенімен Болашақ» Республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің «STEAM» республикалық порталымен бірлесіп ұйымдастырған  «FAMILY  STEAM  CHALLENGE -2022» республикалық отбасылық сайысына ойланбастан қатысып, робототехника саласына қызығатын үлкен ұлы Еларыстың талантын байқап көрді. Ұлы үмітті ақтады. Анасы Үкінгүлмен ақылдаса отырып жасаған гидравликалық краны Алматы қаласы бойынша қатысқан 70-ке жуық еңбектің ішінен үздік деп танылып, финалға жолдама алды. Балалардың ғылыми-техникалық қабілеттерін дамыта отырып, инженерлік, математикалық модельдеу дағдыларын қалыптастыруды әрі ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайтуды мақсат еткен жобаның финалы Нұр-Сұлтан қаласында өтеді. Ақтық сынға іріктеу кезеңінен өткен 16 үміткер қатысады. Алматының намысын қорғайтын Әбілмәжүндер отбасының жеңіс тұғырынан көрінеріне сенім зор.

Меруерт МӘУЛЕТ
Алматы қаласы