ЕҢБЕК ҰЖЫМЫНДА ӘЛЕУМЕТТІК ШИЕЛЕНІСКЕ ЖОЛ ЖОҚ - ҮШЖАҚТЫ КЕЛІСІМ

Уақыты: 04.12.2022
Оқылды: 1596
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әлидің төрағалығымен әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік-экономикалық және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның алғашқы отырысы өтті.

Жаңадан құрылған Жетісу облысында бірінші рет өтіп отырған кездесуде әлеуметтік әріптестер, бірлестіктер қызметкерлері мен жұмыс берушілердің негізгі жұмыс бағыты мен міндеті талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли үшжақты келісімнің облыстағы тұрақты еңбек қатынасын қамтамасыз етіп, еңбек ұжымындағы әлеуметтік шиеленісті болдырмауға мүмкіндік беретінін, сондай-ақ, әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары мүдделерінің теңгерімділігін сақтау тұрғысынан тиімді әлеуметтік диалог құрудың маңыздылығын атап өтті.

Ал Алматы облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әсет Қыдырманов, ҚР жұмыс берушілер ұлттық конфедерациясы бас директорының орынбасары Санжар Тіллабай, Жетісу облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыс бағыттары төңірегінде баяндама оқып, үшжақты келісімнің маңыздылығына тоқталды.

Соңында Жетісу облысы әкімдігі, жұмыс берушілердің республикалық бірлестігі және кәсіподақтар бірлестігі арасында 2022-2023 жылдарға арналған үшжақты келісімге қол қойылды. Сонымен қатар, комиссияның келесі жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Гүлжан ТҰРСЫН

Жетісу облысы