Баспаналы болу – бір бақыт

Уақыты: 31.12.2023
Оқылды: 1099
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жетісу облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасына қарасты салаларда атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Солардың бірі апатты үйлерде тұратын адамдарды көшіру, тұрғын үй реформасын іске асыру, баспанамен қамтамасыз ету, кезекте тұрғандарға жалдау ақысын субсидиялау бойынша іске асырылған жұмыстар.

Облыстың барлық ауданы мен қалаларында «Реновация бағдарламасы» бекітілді. Бүгінде аймақта 1648 көппәтерлі тұрғын үй бар, оның 38-і апатты жағдайда. Осындай үйлерде тұратын үй иелерін жаңа баспанамен қамтамасыз ету мақсатында 2023-2029 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Осыған сәйкес Текелі қаласында 6, Ақсу ауданында 3 апатты тұрғын үй бұзылды. Биыл осындай үйлердің тұрғындары үшін пәтер сатып алуға бюджеттен 1,2 млрд. теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 129 пәтер сатып алынып, (Талдықорған – 24, Текелі – 93, Ақсу – 12) көшірілді.

1 желтоқсандағы жағдай бойынша облыста жалпы 30 153 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары – 13 179, мемлекеттік сектор қызметкерлері – 8 600, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар – 3 118, көпбалалы аналар – 5 151, мүгедектер мен соғыс ардагерлері – 5.

Тұрғын үйі апатты деп танылған адамдар – 100. Биыл барлық бағыт бойынша  3 147 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарланып, 1 205 отбасы баспаналы болды.

Облыстық бюджеттен тұрғын үй бағдарламаларына қатысушылар үшін тұрғын үй сертификаттарын ұсынуға 303,0 млн. теңге қарастырылды. Жыл басынан бері 38,3 млн. теңгеге 31 тұрғын үй сертификаты берілді. Жалдау төлемдері бойынша субсидия алуға 29 800 адам кезекте, оның ішінде төрт санат бойынша 12 221 азамат үміткер. Табысы күнкөріс деңгейінен аспайтын ең төменгі табысы бар азаматтар саны 3 562 адамды құрайды.

Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлемдерді жүзеге асыруға биыл жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып, шарт кестесіне сәйкес «Отбасы банк» АҚ-ға 400 млн. теңге аударылды. Ағымдағы жылы 200 азаматқа тұрғын үйді жалға алу шарты жасалды.
Облыс бойынша жастарды қолдау мақсатында өңірлік «Жетісу Жастары 0-5-25» бағдарламасы іске асырылуда. Аталған шараларға жергілікті бюджеттен биыл 400,0 млн. теңге қаржы қарастырылды. Бүгінгі таңда «Отбасы банк» АҚ-на 180 азаматтың тізімі анықталып, 24 азамат тұрғын үймен қамтылды. Сонымен бірге, 2024 жылға аталған бағдарламаға 500,0 млн. теңге қарастырылып, қазіргі кезде «Отбасы банк» АҚ несиелік шарт қаралуда.

"Жетісу-Ақпарат"
Фото: lada.kz