Тәрбие – тағдырың, білім – байлығың

Уақыты: 06.01.2024
Оқылды: 1607
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

«Әдеп-құқық жұмысы жөніндегі ментор» жобасы аясында елімізге, өңірімізге танымал азаматтар, халық қалаулылары мен зиялы жандар мектептерге барып, жетісулық оқушыларға дәріс берді. Солардың қатарында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, әлеуметтік-мәдени даму және ғылыми комитетінің төрағасы Нұртөре ЖҮСІП арнайы іссапармен Жетісу жеріне келіп, 2 мектепте ділмарлар даналығымен ұштасқан ой сабақтап,  өміршең өнегеге толы дәріс оқыған еді. Сол жиында Нұртөре Байтілесұлы айтқан  айшықты ойлардың бір парасын сыр сандығымызға сақтап қойған едік. Оқыған жанға берері мол әсерлі әңгімені өздеріңізбен бөліскенді жөн санадық. 

– Адам мүмкіндігі шексіз. Бала жастан биікке ұмтылған талай данышпан тағдырдан өз сыйын ала білді. Сіздер қазір мектепте білім алып жатқандарыңызбен, санаулы жылда ел азаматы ретінде үлкен өмірге араласа бастайсыздар. Сол шаққа қазірден даярлық жасауларыңыз қажет. Ол үшін жан қалаған, қабілет-қарым жететін, қолыңыздан келетін мамандықты екшеп, сол бағытта білім толықтырып, алдағы сынақтарға тыңғылықты даярлануларыңыз керек. Өмірдің кейбір сәтсіздіктерін жеңе білетін жігер қажет. Ол үшін де қазірден салқынқандылыққа, ұстамдылыққа бейімделіп, тәрбие мен тәлім, білім мен біліктеріңізді шыңдаған жөн. Осы орайда Джек Лондонның тағдырын мысалға ала кетейін.

Тағдыр талайын көрмей жатып жастығына налыған Джек Лондон ұрлық-қарлық жасап, қылмыс атаулы дүниенің шырмауына батты. Теңіз кешіп, мұхит басты. Осылайша тіршілік ете бастаған жас таланттың көкірегінің көзі ашылып, бірауық өзімен-өзі кеңескен сәтте әріп танып, білім алудың қажет екенін түйсінді. Сөйтіп, 19 жасында өздігінен әріп танып, кітапқа бас қояды. Білімін жетілдіру, қатарға ілесу үшін тәулігінің 19 сағатын білімге арнаған. Дәл осылай азамат болған жасында талантына қамшы басқан Джек алғашы әңгімелерін де қағаз бетіне түсіре бастайды. Алайда алғашқы жазған дүниелерін жарамсыз деп тапқан редакциялар оның десін басқан. Әрбір шығармасын жарамсыз деп танып өзіне қайтарып отырған. Ал сіздер бүгінге дейін жазған әңгіме, мақалаларыңызды газет-журналдарға жолдап көрдіңіздер ме? Жолдаңыздар, өмір жайлы толғамдарыңызды өрнектеп, қаламмен сырлас болуға тырысыңыздар. 

Содан, әлемдік деңгейде классик деп мойындалған тұлға, әлгі Джек Лондон басылым беттеріне ұсынған әңгімелерін барынша көркемдей түскен. Алайда бақандай 650 рет Джектің шығармасын жарамсыз деп тауып, өзіне қайтарған ғой. Сіздің жазған шығарма, жасаған еңбегіңізді 10 мәрте жоққа шығарса, дұрыс емес десе қалай қабылдар едіңіз? Мәселен, оқушылар шығарма жазады. Жазған шығармаларыңызды үнемі төменгі бағамен бағалап, «сен шығарманы көркемдеп жаза алмайсың» десе, мұңайып қаласыз әрі ендігәрі шығарма жазбаспын деп ойланасыз. Джек Лондон керісінше істеген. Өмір ағысына кері бағытта кемесін салған. Жігерін жасытпаған, қолымнан келеді деп намысына қамшы басқан. Соның арқасында бүгін оның «Теңіз қорқауы», «Тектік сарын», «Мартин Иден» сынды көптеген шығармасын адамзат баласы сүйсініп оқып келеді. Мұның артында адамның білімі, тәрбиесі, жігері, өз арманына деген ұстамдылығы, табандылығы жатқанын көруге болады. Әрбір адам, әрбір оқушы дәл осы жазушыдай еңбекқор, табанды болуы қажет. 

...Байқайсыздар ма, сіздердің алдарыңызда мектеп бітірген түлектердің дені грантқа оқуға түсуге тырысты. Соның негізінде университеттерге құжат тапсырды. Ақылы болсын, грант иесі атансын, әйтеуір жоғары оқу орнында білім алып жатыр. Бірақ, ертең бәрі мамандығы бойынша қызмет ете ме? Күмәнді дүние. Өткені олар о баста жанының қалауы бойынша университетке түспегені анық. Олар мамандықты емес, грантты таңдайды. Қай мамандық бойынша грант көп бөлінсе соған түсуді ойлайды. Сондықтан сіздерге айтарым, ең алдымен жүрек қалауын орындау керек. Сіздер осыған мән беріңіздер.

Көңіл көзі ашық, көкірегі тұнық жандар тәлімді күллі игілік атаулыдан бойға дарытады. Тіпті, адам кітаптан да, кинодан да тәлім алады. Кітапты парақтап-тарақтау емес, тармақтап танып тамырға сіңірген дұрыс. Киноны көру емес, өмірмен сабақтастыра-салыстыра отырып, санаға пайым қалыптастыру маңызды. Бірде америкалықтар түсірген киноны көрдім. Басталып кетіпті. Сол киноның жалпы сюжеті былай: Жарылыс болатынына байланысты қабілеті бар оқушыларды іріктеп аламыз деп ескертеді. Сосын 25 оқушының ішінен тек қабілетті деп тапқан онын ғана аман алып қалу үшін арнайы азық-түлігі бар бөлмеге қамайды. Сол іріктеуде өзге салаға ынталы жастардың арасынан ақын мен музыкаға қабілетті оқушыны атып тастайды да қалғанын әлгі бөлмеге жабады. Келесі сынақта да дәл солай ақын мен музыкаға үйір жанды оққа таңады. Арып-ашып аштыққа, тар бөлмеге шыдай алмаған талантты жастардың келесі сынағында  бір жас суырылып шығып, ақын мен әншіні атқызбай әлгі ондықтың қатарына қостырады. Сонда бастапқы сынақтан бордай тозғандардай емес, әлгі ондық қандай қиыншылыққа болсын шыдас береді. Өйткені рухы семіп бара жатқандарға жырмен жігер, әнмен шабыт беретін ақын мен әнші олардың қатарында бар еді. Бұдан нені аңғарамыз, адам өмір деген ұзақ сапарда рухы мықты, рухани кемел адамдармен дос-жолдас болуы қажет. Сонда ғана сынаққа төзе білетін, өмір қиыншылығын жеңе білетін адам ретінде қалыптаса алатынымызды аңғарамыз. Алайда сіздер ондай адамды сырттан іздемей, әрқайсысымыз қазақ еліне қызмет ететін, толысқан, білікті, рухани кемел жан боламыз деп тырысып, қарекет еткендеріңіз жөн деп ойлаймын...

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ