ЫНТЫМАҚТА ЖАРҚЫРАҒАН ЖАҢА МЕКТЕП АШЫЛДЫ

Уақыты: 10.01.2024
Оқылды: 2493
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Жетісу облысында тағы бір жаңа мектеп ел игілігіне берілді. Оқу жылының 3-ші тоқсанында Талдықорған қаласына қарасты Ынтымақ елді мекенінің оқушылары жаңа да зәулім, заманауи құралдармен жабдықталған, арнайы сыныптары бар 1200 орынды мектепке шаттана кірді. Күміс күлкісі сыңғырлаған жас өскіндер мен ғұмырын білім жолына арнап келе жатқан ұстаздар қауымы, ата-аналар қуанышты сәтке көзайым болып, мектептің ашылу салтанатын асқақ көңілмен өткерді.

Жетісулық зиялы қауым, ел жақсылары мен шаһар тұрғындары қатысқан №30 орта мектептің ашылу салтанатында алғашқы болып облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов сөз алды. Адамның жақсы болмағы ата-ана, ұстаз бен өмір сүрген ортасына байланысты екенін Абай бабамыз айшықтағанын, бүгінде хакім айтқан үштағанды тәрбиені нықтау өзекті екенін, осыған орай заман талабына сай білім ошақтары салынып, мектептер бой көтеріп жатқанын ерекше атады. Мұның бәрі ұлт пен ұрпақ болашағы негізінде екенін жеткізді.

– Мемлекет басшысы өскелең ұрпақтың терең білім, тәлімді тәрбие алуына барлық жағдай жасауды міндеттеді. Соған орай елімізде, соның ішінде өңірімізде де білім саласын дамытуға барынша қолдау көрсетілуде. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында облыста 7 мектеп, соның 3-уі Талдықорған қаласында салынады. Сол сияқты өткен жылы 10 білім нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған, соның бірі – осы Ынтымақ ауылындағы бүгін есігін айқара ашып отырған 1200 орынды білім ордасы, – деген Марат Бекбосынұлы көпшілікті мектептің ашылу қуанышымен құттықтады. – Қазіргі уақытта мектепке 661 оқушы қабылданды, 31 класс – комплектісі ашылды. Оның ішінде, Өтенай аулындағы №21 орта  мектептен 13 сынып, 345 оқушы, 13  сынып жетекшісімен жаңа мектепке бірге ауысып, оқушыларды тасымалдау мәселесі шешілді. Сонымен қатар, қазіргі уақытта педагогтерге 30 бос орынға мен 20 кіші қызметкерге конкурс жарияланып,  қабылдануда, – деп атап өтті.

Өз кезегінде сөз алған ардагер ұстаз Минуар Баймолданова да білім мен өнер тұрғысында өрелі ойларын айшықтап, ізгі тілегін арнады. Келесі кезекте мектеп құрылысына жауапты мердігер компания «Гунн Строй Сервис» ЖШС бас директоры Сәбит Қалимолдаев жаңа нысанның кілтін мектеп директоры Сәуле Үсеноваға табыс етті. Ән асқақтап, би биленген шара барысында мектеп лентасын облыстық білім басқармасының басшысы М. Сүлейменов, ардагер ұстаз М. Құсманқызы қиды.

Айта кетерлігі, жаңадан ашылған мектеп заманауи талапқа сай жабдықталған. Оқушылардың сапалы білім алуына барлық мүмкіндіктер жасалған. Мектепте 50 орынды оқу залымен кітапхана, спорт зал, гимнастикалық зал,  405 орынды асхана, 390  орынды мәжіліс залы, 2  физика, 2 химия, 2 биология жаңа модификациялық кабинет, 4 мультимедиялық кабинет, 2 ұлдар шеберханасы, 2 қыздар шеберханасы бар. Сонымен қатар, барлық пән кабинеттері қажетті әдістемелік, техникалық құралдармен жабықталған.

 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ