Қазақстанда бір жыл ішінде халық саны 267 мыңға жуық көбейген

Уақыты: 02.02.2024
Оқылды: 824
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ұлттық статистика бюросы халық саны туралы мәліметті жариялады. 2024 жылдың 1 қаңтарына дейінгі мәлімет бойынша Қазақстан халқының саны 266 739 адамға көбейген.

Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы kursiv.media  сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Аталмыш мекеменің хабарламасында 2024 жылдың 1 қаңтардағы есебі бойынша, халық саны 20 033546 адамды құрады. Оның 12 451 004 қала тұрғындары болса, ауыл тұрғындарының үлесі 7 582 542 адамға жетті. Алайда былтырғымен салыстырғанда, халық саны небәрі 1,35 %-ға өскен.

Естеріңізге сала кетсек, Ұлттық статистиканың 2023 жылғы 1 желтоқсандағы есебі бойынша, халық саны 20 014 575 адам болған. Оның 12 431 220-сы қала тұрғындары, 7 583 355-і ауыл тұрғындары.

Халықтың өсу қарқыны жағынан Астана тұрғындары 5,58% -ға көбейсе, ал Алматы тұрғындары 3,08%-ға. Шымкент болса, 2,50%-ды құраған.

Ал халық санының өсімі төмен аймақтардың қатарында Павлодар -0,13%, Жетісу- 0,10 %, Қостанай -0,27%, Шығыс Қазақстан облысы -0,43 % көрсеткішпен тұр.

Халық санының өсу қарқыны бойынша Астана мен Алматы көш бастап тұр. Астана халқының саны 5,11%-ға, ал Алматы қаласындағы адам саны бір жылда 2,82%-ға артқан. Сонымен бірге ірі қалалардан кейінгі орынды Маңғыстау облысы иеленді. Бұл өңірде халық өсімі – 2,40%-ды құраған.

Айта кетейік, 2023 жылдың 16 қарашасында Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Осы айтулы оқиғаға байланысты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің X (бұрынғы twitter) парақшасында қазақстандықтарды қуанышты жаңалықпен құттықтады.

«Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді», – деп жазды президент.

ҰСБ мәліметінше, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар.

Еске сала кетсек, былтыр қазақстандықтар 2009 жылдан бері 20%-ға көбейіп, халқы біршама жасарған, 15 жасқа дейінгі балалар саны 30%-ға жуық деп мәлімдедік

Фото: коллаж kursiv.media