КӨКЖИЕККЕ КӨЛЕҢКЕ ТҮСПЕСІН

Уақыты: 22.02.2024
Оқылды: 422
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ұлағат иелерінің әрбір ісі ұлт пен ұрпақ болашағына негізделуі тиіс. Сапалы білім мен саналы тәрбиені өскелең ұрпақтың бойына сіңіреміз десек, білім деген қасиетті саланың салмағын сезініп, ұстаздар қауымының абыройы мен бет-беделіне мүлдем көлеңке түсірмеуіміз керек. Десе де бір мекеменің немесе мектептің есепшісі, кейбір басшылар мемлекет бөлген  ақшаны жымқырып жемқорлыққа баратыны, мұндай деректің ақпарат кеңістігінде таралып, абыройды аймаңдай етіп жатқаны жасырын емес. Жемқорлық түсінген адамға ақтап, айықтырып алмайтын ауру, қоғамның тегершігін тежейтін аса қауіпті індет.

Осылай деп ағынан жарылған облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев «жегіқұрт» саналған жемқорлық дерегі жойылмаса да жыл сайын тіркелетінін де айшықтады. Күні кешегі Кербұлақ ауданында болған оқиғаны ел есіне қайталай салды. Мұның бәріне қоғам емес, адам факторы әсер еткенін атаған аймақ басшысының орынбасары «бір қарын майды бір құмалақ шірітедінің» кері екенін, құлқынына құл болған бір адамның жүгенсіздігінен жалпақ халық, күллі ұлағат иелері зардап шегетінін де тілге тиек етті.

Білім беру мекемелерінде қаржылық қылмыстық құқықбұзушылықтарға ықпал ететін жағдайларды жою бойынша өткен жиынға қалалық, аудандық білім бөлімдерінің басшылары мен есепшілері, педагогтер, ҚР Сыбайлас-жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Оралбек Жұмағалиев, Жетісу облысы бойынша мемлекеттік ішкі аудит департамент басшысының орынбасары Қуаныш Сағымбаев, Жетісу облысының білім беру саласындағы сапасын қамтамасыз ету департаментінің директоры Әлішер Башаров қатысты.

Алғашқы болып сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Марат Сүлейменов білім саласында атқарылып жатқан ілкімді істерді баяндады. Сонымен қатар, аталған сала бойынша тіркелген жемқорлық деректерін, оның алдын алу шараларын, қаржы жымқырған жандарға заң шығарған шешімді де атаусыз қалдырмады.

Білім басқармасы басшысының айтуына қарағанда өткен жылы Ақсу, Көксу, Ескелді, Кербұлақ аудандары мен Текелі, Талдықорған қалаларындағы білім бөлімдері аудиттік тексерістен өткен. Тексеріс нәтижесінде кейбір аудандар бойынша тәртіптік шаралар қолданылса, кейбіріне сот шешімі шығарылып, заң жүзінде жаза кесілген. Мәселен, Ақсу ауданы бойынша 2021-2022 жылдары 71,2 миллион теңгеге қаржылық құқықбұзушылық анықталып, келтірілген залал толықтай жергілікті бюджетке қайтарылған. Осындай көрсеткішке көңіл аударсақ, Алакөл ауданы – 79,3 миллион теңге, Көксу ауданы – 59 млн. теңге, Ескелді ауданы – 49,1 млн. теңге, Кербұлақ ауданы – 16,4 млн. теңге, Текелі қаласы – 2,1 миллион теңге қаржы жымқырылса, Талдықорған қаласы бойынша мемлекеттік бюджетке келтірілген залалдың шығыны 4,6 миллиард теңгені құраған. 

Аталған ақпаратты санаға салып байқайтын болсақ, қыруар қаржының қолды болғаны күйіндіреді. Десе де өңірлердегі дерек бойынша көрсетілген шығындардың дені мемлекеттік бюджетке қайтарылса, Талдықорған бойынша жымқырылған ақша кезең-кезеңімен мемлекет қамбасына құйылуда. 

Айта кетерлік дүние, аталған жемқорлық фактілері бойынша 10 директор қызметінен босатылса, орталықтандырылған бухгалтерияның 2 есепшісі, бас есепші қала мектептерінің 6 есепшісі тергеу изоляторында отыр. Жемқорлыққа барған кейбір жеке тұлғалар 3-7 жыл аралығында бас бостандығынан айырылған.

Жиын барысында аталған заңсыз әрекеттің түпкі себебі мектеп басшыларының электронды кілтті есепшілердің қолына беріп қоюынан екенін айтқан Марат Бекбосынұлы өз кезегінде ата-аналардан заңсыз ақша жинау фактілері бойынша да көңіл жабырқатар деректер келтірді.

Біз жекелей азаматтарды айшықтап, аудан, ауылдың атын атамасақ та облыс бойынша жемқорлық індетінен тегістей аман емеспіз. Журналистік пайым мен азаматтық көзқарастың арасында ешқандай айырмашылық жоқ қой. Ақпарат саласында жүрген біз де жиындағы әрбір дерек үшін, жағымсыз дүниелер үшін азамат ретінде, Отанның, өңірдің перзенті ретінде күйінеміз. І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында айтылған әрбір деректі тізбелей берсек, бір ғана білім саласына бөлінген қыруар қаржының бір мөлшері селге кеткенін (мемлекетке қайтарылғанынан бөлек) байқауға болады. Ал бұған кім кінәлі? Ұлағат иелері ме? Әрине, олай емес, бұл жекелей азаматтардың ардан аттап, шеңберден шет кетуі салдарынан туындайтын жағымсыз дүние. Сондықтан да М. Сүлейменов баяндамасынан кейін сөз алған өңір басшысының орынбасары Марлен Қапашұлы ұрпақ қамын ойлаған ұлағат иелерінің абыройына құлқынын ойлаған жандардың көлеңке түсіруі кешірілмес дүние екенін атап өтті.

«Толғауы тоқсан қызыл тіл, сөйлеймін десең өзің біл» дегендей, білім саласындағы жемқорлыққа қатысты деректер мен баяндамашылардың келтірген мысалын, оған қарсы жасалған шаралары мен атқарған істерін айшықтасақ талай жерге барарымыз анық. «Атың шықпаса жер өрте» деген сөзді қалыбын бұзбай тура мағынасында қабылдаған жекелеген жемқор жандар үшін сала мамандары жапа шегуде. «Жапа» дегенде заң алдында жауапқа тартылып емес, қоғам, халық алдында еңселері түсіп, «ұстаздың бәрі ақша жегіш» деген сарындағы көзқарастан ұят арқалап жүргені мәлім. Мәселен, Жетісу облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің превенция басқармасының басшысы Ермек Сұлтанқұлов, Жетісу облысы бойынша мемлекеттік ішкі аудит департамент басшысының орынбасары Қуаныш Сағымбаевтар өз баяндамаларында ақша жымқырғыш жандарға заңдық тұрғыдан берілген жазаны, білім саласы бойынша жемқорлық деректерін атағанда Мәдениет сарайындағы ұстаздар бір күрсініп, бір күйініп отырды. Өңінде естігенімен түсіне кірмес қаржыны орталықтандырылған бухгалтериядан мемлекеттік мекеме қызметкеріне төйлейтін жалақы есебін оңды-солды шашып, өзінің, туыстарының шотына салуы қарапайым мұғалімнің қолынан келер дүние емес-ті. Есепке жүйрік, электронды кілтті иемденген, көптің, халықтың қаржысын жалқы құлқынға жұтқызып жіберуге арланбайтын жандардың күйесін көпшілікке жағу дұрыс емес. Осы ретте заңдық тұрғыда баяндама жасап, зерттеу һәм түсіндірме жұмысын қос баяндамашы жалпы мемлекет бойынша 13 миллиард көлемінде жемқорлық фактісі тіркелгенін айшықтады. Бұл дегеніміз, бір өңірдегі білім саласының спорттық нысандарын жабдықтап немесе спорттық алаңдарды жаңартуға молынан жететін қаржы. Елдің есіл ақшасы.

Жиын соңында қорытынды сөз сөйлеген М. Көлбаев білім баршаның қазынасы, ұлт болашағының бастауы екенін тілге тиек етіп, тиынның да сұрауы барын көпшілікке қадап айтты. Мектеп директорлары мен мекеме басшыларына қарата: «Электронды кілтті есепшіге беріп қойып, есеппен бас қатырмаймын дегенді қою керек. Не үшін басшы болып отырсыздар? Қол астыларыңыздағы әрбір адамның жалақысына, мектептің ұсақ затына дейін жауаптысыздар. Сондықтан сергек болу, жауапкершілікті сеніммен арқалау керек. Ендігі таңда электронды кілт менде емес еді, «білмедім» деген жауапты атамайтын болыңыздар», – деп ескертті.

Шымыр-шымыр ой айтылып, шындық ашық талқыға түскен жиын соңында көпшілік жемқорлық деген жегіқұрттың өміршең болуы немкеттіліктен екенін түсінгендей көрінді. Тұтас қоғам, сала, қауым болып күреспесе құлқынын қамдағысы келетін адамдардың нәпсі зәруінің уын ұлт болып сіміре, сіңіре беретінімізді іштей мақұлдадық.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Суретті түсірген Руслан Қадыров