Аутизм – үкім емес

Уақыты: 02.04.2024
Оқылды: 268
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм туралы ақпаратты тарату күні. Бұл күн БҰҰ шешіміне сәйкес, 2008 жылдан бастап әлемде аутизммен ауыратын балалар  мен  ересектердің проблемаларына қоғам  назарын аудару  мақсатында Аутизм туралы ақпарат  тарату  күні болып атап өтіледі.

Бұл туралы Жетісу облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының Психиатриялық қызмет жөніндегі орынбасары Сеилхан  Жұмабеков пен облыстық психикалық денсаулық орталығының балалар психиатр-дәрігері Дидар Аушинов баяндады.

«Балалық аутизм – бұл 3 жасқа дейінгі жастық кезеңде білінетін, ауытқымалы және бұзылған дамудың болуымен, әлеуметтік өзара іс-қимыл, қарым-қатынастың және шектеулі, қайталанатын мінез-құлықтың барлық үш саласында ауытқымалы қызмет етуімен айқындалатын дамудың жалпы бұзылуы. Аутизм спектрінің бұзылуының (АСБ) себептері туралы бірыңғай тұжырымдама жоқ. Қазақстанда және бүкіл әлемде сырқаттанушылықтың өсуінен, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау ұйымдарының белсенді өзара іс-қимыл жасау қажеттілігіне байланысты АСБ аса өзекті болып отыр», - деді Сеилхан Абдрахманұлы.

ДДҰ статистикасы бойынша әлемде 10 миллионнан астам адам аутизммен  ауырады. Бірнеше онжылдықтар бұрын аутизм спектрінің бұзылуы бар 10 000  адамға  бір адамнан келетін. Жыл сайын олардың саны 11-17 пайызға артып келеді. Бүгінде жер шарындағы әрбір жүзінші адам аутизммен ауырады.  

«Жетісу облысының статистикасына сүйенетін болсақ, диспансерде аутизм және аутизм спектрінің бұзылуы диагнозы бар науқастардың саны өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға өскен. 2023 жыл дертке шалдыққандар 167 болса, биыл жыл басынан бері 217-ге жетті. Диспансерде тіркелген 217 науқастың  170-інде мүгедектік тобы бар, олардың 149-ы 0-ден 14 жасқа дейінгі балалар», - деді Дидар Ерболатұлы.

Мамандар бұл туралы тек осы күні ғана айтпай бұл туралы ақпаратты әркез біліп жүрген абзал дейді. Сондықтан атаулы күнге орай Талдықорған қаласының орталығындағы арбатта «Аутизм туралы не білуіміз керек?» тақырыбында кітапшалар таратылды. Одан бөлек облыстық психикалық денсаулық орталығында аутизм спектрінің мәселелері бойынша ашық есік күні ұйымдастырылды.

"Жетісу-Ақпарат"