БАСПАНАЛЫ БОЛУ - БІР БАҚЫТ

Уақыты: 05.04.2024
Оқылды: 348
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Мамыражай көктемде талдықорғандық тұрғындар баспаналы болды. Мемлекеттік қордан тұрғын үй алу үшін кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал санатындағы азаматтардың қуанышы еселеніп, көңілі шаттанды. 


Өткен жылы мемлекеттік сатып алу порталы арқылы 63 пәтерге республикалық бюджеттен 642 миллион теңге бөлінген. Тұрғын үй комиссиясы 30 талдықорғандықтың өтінішін қарап, пәтер кілтін иелеріне табыстады. Ал қалған 33 пәтер кезекте тұрған тұрғындарға алдағы уақытта беріледі деп жоспарлануда. 

Баспаналы болып, қуаныштан жүздері бал-бұл жанған көпшілікті Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков арнайы құттықтап, ыстық ықыласын жеткізді. 
– Біз кезекте тұрған тұрғындарға, барлық заңдылықтарды сақтай отырып, пәтер кілтін табыс еттік. Үй кезегінде тұрған халық санын азайту Мемлекет басшысының назарындағы басты мәселе болғандықтан жіті қадағалауымызда. Жұмыстың ашық, әділ жүргізілуін біз тікелей назарға аламыз. Ешқандай да заңбұзушылық орын алған емес. Өкінішке қарай, қала халқының 15 мыңнан астамы баспанаға мұқтаж. Бұл мәселе кезең-кезеңімен шешіледі. Соңғы екі жылда облыс орталығында, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы жүйелі атқарылды. Дәл осы қарқынмен жұмыс жүргізілсе кезек те біршама қысқарады. Ал бүгінгі қуаныш иелерін шын жүректен құттықтаймыз! Ендігі тілек – шаңырақтан шаттық пен баланың күлкісі үзілмесе дейміз, – деді қала әкімінің орынбасары.  

2008 жылдан бері баспана кезегінде тұрған көпбалалы ана Күләра Еркебаева 3 бөлмелі пәтердің кілтін иеленді. Қуаныштан көзіне жас алған бес баланың анасы Еділ мен Жайық есімді егіз ұлын өмірге алып келген сәтте баспанаға кезекке тұрған. Қазір сол ұлдары 17 жастағы тепсе темір үзетін жігіттер. Бірлігі мен берекесі жарасқан отбасы пәтер жағалап, талай табалдырықты тоздырғанын көзіне жас ала отырып еске алады. Обаға қарсы бекетте медбике болып жұмыс істейтін талдықорғандық келіншек мемлекеттің қамқорлығына дән риза. 

Пәтер кілтін табыстау салтанатына Қайынжамал Әткенова балаларымен, туған-туыстарымен келді. Ол мемлекетке баспана мәселесін шешуге қолдау көрсеткені үшін аналық алғысын жеткізді. 
– Зейнеткер, еңбек ардагері ретінде 2005 жылы тұрғын үй кезегіне тұрдым. 8 балам, 18 немерем бар. Бүгін бір бөлмелі пәтер алдым. Хан сарайдай кең үйімнің болғанына разымын. Мемлекет басшысына, облыс, қала әкімдеріне ризашылығымды білдіріп, әрбір қазақстандықтың шаңырағы биік, босағасы берік болсын деп тілеймін. Ең бастысы, тыныш заманда тату-тәтті өмір сүре-йік, – дейді 88 жастағы Қайынжамал Әткенова.

Е. БАУЫРЖАНҚЫЗЫ