АУЫЛЫН КӨРІП, АЗАМАТЫН ТАНЫ

Уақыты: 15.04.2024
Оқылды: 369
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Өткен сенбіде республикалық «Таза Қазақстан» акциясы жанданды. Жетісу өңірінде акцияға 25 мыңнан астам адам қатысты. Аймақ басшысы Бейбіт Исабаев та көпшілікпен бірге қоршаған ортаны тазартуға келген бүлдіршіндермен тілдесіп, ұлағатты әңгіме айтты. 


Жалпы, сенбілікке студенттер, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың қызметкерлері, еріктілер, қоршаған ортаны қорғау саласындағы белсенділер атсалысты. Сенбілік барысында тазалықшылар өңірдегі скверлер, саябақтар, бұлақ көздері, көппәтерлі үйлердің маңайын, арық жүйелерін күл-қоқыстан тазартты. 

Орталық саябақтағы сенбілікке қатысқан аймақ басшысы осынау игі шараға үлес қосуға келген бүлдіршіндерге разылығын білдірді. Мұнан кейін әкесіне ере келген 6 жасар Айсұлтан Қанатұлымен тілдесіп, құс ұясын ағашқа ілді. Облыс әкімі биік сатыны демеп тұрды, Айсұлтан ұяны ағаш басына ілді.

 – Ата-бабамыздан келе жатқан салт – наурыз айы туғаннан бастап көктемде дүние тіршілік оянып, көк шығып, қыстан қалған ескі-құсқы тазаланады. Біз бір апта бойы облыстың барлық аудан-қаласында тазалық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бүгін, міне, жаппай сенбілікке шықтық. Бұл іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады. Тазалықты, әділдікті, жаңару мен жаңғыруды, патриоттықты әркім өзінен бастауы тиіс. Әрқайсымызда «Менің үйім, менің аулам, менің көшем, менің қалам, менің елім» деген елжандылық ұстаным болуы керек. Адам өзінің бойын да, оған қоса қоршаған ортасы мен табиғатты да таза ұстауы тиіс, – деді облыс әкімі Б. Исабаев. 

Бала Айсұлтанның әкесі Қанат Жаманбалаев «Аmanat» партиясы Жетісу облыстық филиалының қызметкері. Айтуынша, қазір көпшілік баласын ертіп жүргенді құп көрмейді. №4 балабақшаның тәрбиеленушісі Айсұлтанды мұндай қоғамдық шаралардан қалдырмайтын көрінеді.

– Адам өз ұрпағын тәрбиелеуге тиіс. Қазақта «Әке көрген – оқ жонар, шеше көрген – тон пішер» деген ұлағат бар. Жас ұрпақ көргенін істейді. Қоғамға, қоршаған ортаға қызметімді көрген  жеткіншек осал өспейді. Бүгін ұлым облыс әкімі Бейбіт Исабаевпен бірге құс ұясын ағаш басына орналастырды. Бұл да тәлімі бөлек сәт болды, – дейді  Қ. Жаманбалаев. 

Сенбілік шарасына облыс көлемінде 84 техника жұмылдырылып, арнайы техниканың көмегімен 635 тонна қоқыс шығарылды. Талдықорған қаласындағы сенбілік барысында 300-ден астам көшет отырғызылды. «Көшесін көріп  азаматын таны» деген тәмсілдің мәні осындай қоғамдық шарадан айқындалғандай. 

Дастанбек САДЫҚ