ЖЕКЕ КОМПАНИЯ БАСПАНАСЫЗ ҚАЛҒАН 7 БАЛАЛЫ ОТБАСЫНА ҮЙ СЫЙЛАДЫ

Уақыты: 29.02.2020
Оқылды: 1824
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Ақпанның ақырғы күндерінде ақылы пәтері отқа оранған, Панфилов ауылында тұратын Шеңгелбаевтар шиеттей 7 баласымен далада қалғандай күй кешкен еді. Өрт деген тілсіз жаудың салдарынан сансыраған отбасына жедел көмек көрсетуді Алматы облысының әкімі Амандық БАТАЛОВ өз назарына алды. Облыс әкімінің көпбалалы отбасына үй алып беру челленджіне алғашқы болып үн қатқан «Өркениет констракшн» компаниясының өкілдері қайырымдылық жасауға бірінші болып кірісті.

Шын ниеттенген атымтай жомарт жандар ауыл ішіндегі сатылымға қойылған он шақты үйді аралап көріп, ең тәуірі мен қолайлысын қомақты қаржыға сатып алыпты.

- Кезіккен үйді сатып ала салуды ойламадық, бірталай жыл қиындық көрген көпбалалы отбасының ертеңгі тіршілігіне ыңғайлы, пайдалы баспана болуына баса көңіл бөлдік. Соның нәтижесінде аумағы 91 шаршы метрден тұратын осы үйді сатып алдық. Жері де кең – 15 соттық, сонымен қатар, ауласында монша, шағын қоймасы, бақшасында жылыжайдың барына қуандық, - дейді аталған компанияның өкілі Жомарт Райымжанов.

Бес бөлмелі тұрғынүй табиғи газға қосылған. Жарық та жайлы үй ішінде жатын бөлмелер мен ас бөлмесі, жуынатын жері, тіпті, дәретханасына дейін бар. «Қайыр қылсаң – бүтін қыл» деген даналыққа сүйенген кәсіпкер отбасын қажетті жиһаздармен, тұрмыстық техникалармен де қамтамасыз еткендігі қуантты. Айналасы тап-тұйнақтай тұрғын үйдің мінсіз екендігі байқалады.

Осыдан он үш жыл бұрын Бақанастың Балатопар ауылынан көшіп келген Бауыржан Шеңгелбаев пен Ботагөз Байтокова жалдамалы пәтерлерде жүріп, 7 баланы өмірге әкелген. Сан алуан қиындықтарға мойымай өсіріп, қанаттарын қатайтуда. Көпбалалы отбасының тұла бойы тұңғыштары Қуаныш – Панфилов ауылындағы №17 орта мектепте 8-сыныпта оқыса, кішкентай Аяла небәрі 3 жаста. 4 бала мектепке барады. Алапат өрттен аман қалған отбасына еріктілер мен жергілікті әкімшілік көмек қолдарын созған.

Облыс әкімі Амандық Баталовтың қолынан «Алтын алқа» алған 7 перзенттің анасы Ботагөз Байтокова балабақшада тәрбиеші боп еңбек етеді. Ал ері Бауыржан Шеңгелбаев болса, құрылыста жалдамалы жұмыс істеп, балаларының нәпақасын тауып беруде.

«Қорыққан мен қуанған бір» дейтін еді, күні кеше күтпеген өрттен бойларын үрей билеген отбасы мүшелері, араға аз уақыт салып, баспаналы болғандарына сене алар емес.

Өрттен зардап шеккен отбасын жаңа қоныстарына, дәлірек айтқанда, армандарына айналған – өз үйлеріне Талғар ауданының әкімі Жолан Омаров, Талғар аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Матан Бекбосынов, Талғар ауданының Құрметті азаматы Нұрсейіт Құдықов, аудандық мәслихаттың хатшысы Жұмахан Еңкебаев және меценат Жомарт Досанұлы бастап келді. Балаларының бақытына бұйырған баспананың табалдырығын аттамас бұрын дәстүрге сай ақ бата беріліп, алқызыл лента қиылды. Шашу шашылды.

- Көпбалалы отбасының осындай қиын жағдайға тап болғанын естіген облыс әкімі Амандық Ғаббасұлы тапсырма беріп, соның арқасында бүгінгі қуанышқа қол жеткіздік. Осы тұста, қол ұшын созып, жақсылықтың жаршысына айналған Жомарт ағамызға алғыс айтамыз. Баспаналы болу ісі мұнымен тоқтап қалмайды. Қазіргі кезде әр округтен бір-бір үй тұрғызу мақсатында жер телімдері бөлініп, бір аулада 6-8 пәтерлік қоржынтам салудың жобалары жасалуда. Олардың әрбірі 60 шаршы метрді құрайтын болады. Сондықтан, әлі талай қоныстойдың куәсі боласыздар, - деген Талғар ауданының әкімі Жолан Омаров қоныс иелеріне құтты болсын айтты.

Қасиетті жұмада жасалып жатқан ізгі іске ризашылығын айтқан аудандық мәслихаттың хатшысы Жұмахан Еңкебаев кішкентай бүлдіршіндердің аман-есен ержетіп, күні ертең елге қызмет етулеріне тілектестігін білдірді. Одан кейін ауданның бас имамы Мұсабек Тағанұлы дұға жасап, батасын берді.

Тал түсте жалаңдаған өрттен зардап шегіп, жүректері шайлыққан отбасы мүшелерінің бұл күнгі қуаныштарында шек болмады. Тарамдалған көз жастарын тия алмады. Енді олардың өз баспаналары бар. Ешкімге жалтақтамай, еркін ойнап, көсіліп жататын күнге жетті.

Осы орайда, үй иелері өңір басшылығы мен аз уақыттың ішінде кең сарайдай үйді сатып әперген «Өркениет констаркшн» ЖШС өкілі Жомарт Досанұлына алғыс жаудырды.

Ұлбосын ИСАБЕК,

Фото - Жұмабай МҰСАБЕКОВ

Панфилов ауылы,

Талғар ауданы

Алматы облысы