"НЕГЕ ЖӨНДЕМЕЙСІЗДЕР?" ӘКІМ ЖЕЛІ АРҚЫЛЫ ҚОЙЫЛҒАН СҰРАҚТАРҒА ЖАУАП БЕРДІ

Уақыты: 03.03.2020
Оқылды: 1038
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Құрметті Алматы облысының тұрғындары! Облыс әкiмi Амандық БАТАЛОВТЫҢ халыққа есеп беру кездесуi барысында облыстың ресми www.zhetysu.gov.kz сайтындағы «Сұрақ-жауап» бөліміне, облыс әкімі баспасөз қызметінің «Instagram» және «Facebook» әлеуметтік желілердегі парақшаларына және жедел байланыс желісі телефондарына келіп түскен сұрақтарға берілген нақты әрі толық жауапты назарларыңызға ұсынамыз.

Елена ЖҰМАБАЕВА:
– Жеке тұрғын үй құрылысына жер телімін алу үшін кезекте тұрғаныма 10 жылдан аса уақыт өтті.  Қай уақытта жер телімін ала аламын? 

– Облыстық жер қатынастары басқармасының хабарлауынша, сіз 2009 жылдың 24-ші маусымында жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін алуға кезекке қойылғансыз. 2020 жылдың 19 қаңтарындағы кезек бойынша №405-нші болып тұрсыз. Жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелері арнайы дайындалған алаңдарда және ҚР Жер кодексінің 43-бабына сәйкес  ретімен беріледі. Ауданда соңғы рет жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскелері 2008 жылы берілген. Бақтыбай ауылында тұрғын үй құрылысын салуға арналған 6,7 гектар жер учаскесіне су жүйелері  мен электр желілері тартылып, жер учаскелерінің таңдау актісі жасалған. Үстіміздегі жылдың наурыз айында кезек бойынша   37 азаматқа жер учаскелері беріледі.

Гүлшат БАЙҒАБҰЛОВА: 
– Жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге 10 сотық жер учаскесі 11 жыл бойы берілмей келеді. Себебін түсіндірсеңіз екен.

– ҚР Жер кодексінің талаптарына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысы үшін учаскелер инфрақұрылыммен жабдықталған алаңдардан беріледі. 
Бүгінгі күні Талдықорған қаласы бойынша кезекте тұрған азаматтардың саны 28 мың 423 адамды құрайды. Талдықорған қаласы бойынша жалпы көлемі 154 гектар құрайтын алаңдар дайындалған. Сіздің кезегіңіз тізім бойынша 2432. Өз кезегіңіздің реті келген уақытта тиісті жер учаскесі беріледі.

Пак ЕШШОН,  II топтағы мүгедек:
– Тұрғын үй құрылысын жүргізгенге жер телімі беріле ме? Жұмысқа орналастыра аласыздар ма?

– «Қазақстан Республикасы Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74- бабына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын жайлар кезек бойынша ретімен ұсынылады. Бүгінгі таңда «Нұрлы Жер» бағдарламасына сәйкес, отбасының табысын есепке ала отырып, азаматтарды тұрғын үймен қамту жоспарланған. Сонымен қатар, облыс әкімдігімен мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларға қатысушылар үшін алғашқы жарнаны өтеуге 1 миллион теңгеге дейін (жарнаның 50%) тұрғын үй сертификаттары қарастырылған. Қосымша ақпаратты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жүгіну арқылы біле аласыз. Тұрғылықты елді мекеніңіз бойынша жұмыспен қамту орталығына жүгінсеңіз болады. Жауапты мамандар сізге бос жұмыс орындары және жұмыспен қамтудың белсенді шараларын түсіндіріп береді.

Гүлмира ЖАНАТАЕВА,  Көпбалалы ана (6 баласы бар), мүгедек баланың анасы:
– Баспана мәселесін шешіп бере аласыздар ма? Қаспан ауылының жолдарын жөндесе деген ұсынысым бар. 

– Сіз, Кербұлақ ауданы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорына тұрғын үйге мұқтаж азаматтар кезегіне 2019 жылдың 24 шілдесінде өтініш білдіргенсіз. Бүгінгі күні "Көпбалалы отбасылар" санаты бойынша №112 тізімде есепте тұрғаныңызды хабарлаймыз. «Қазақстан Республикасы Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабына сәйкес мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын жайлар кезегімен ұсынылады.
Ал Қайнарлы ауылының кірме жолына келер болсақ, ол аудандық маңызы бар жол. Жалпы, ұзындығы 3 шақырым. 2019 жылы аталған жолға мемлекеттік акт әзірленіп, әділет органдарында тіркелді. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша жолды жөндеу жұмыстары 2024 жылға жоспарланды.

Серік МҰСАБАЕВ: 
– Өтенай ауылы маңынан жеке баспана салуға жер телімін берсеңіздер. 

– ҚР Жер кодексінің талаптарына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысы үшін учаскелер инфрақұрылыммен жабдықталған алаңдардан беріледі. Бүгінгі күні Талдықорған қаласы бойынша кезекте тұрған азаматтардың саны 28423 адамды құрайды. Талдықорған қаласы бойынша жалпы көлемі 154 гектарды құрайтын алаңдар дайындалған. Сіз 10173-ші кезекте тіркелгенсіз. Өтінішіңіз кезегіңізге сәйкес қанағаттандырылады.

Ләззат СЕЙДАХМЕТОВА: 
– Шымырға қатынайтын автобус керек. Аудан мен қаланың ортасында тұрамыз. Не ауданнан, не қаладан автобус қатынамайды. Барлық тұрғын жұмысқа, оқушылар мен студенттер оқуға бару үшін ауылдың шетіне шығып, жол бойында такси ұстап тұрамыз. Жол азабын бір кісідей-ақ тартып келеміз. Осыған көңіл бөлсеңіздер жақсы болар еді.

– Ескелді ауданы Қарабұлақ ауылынан Талдықорған қаласына №565 автобус жолаушылар мен багажды тасымалдау қызметін жеке кәсіпкер  «Ж.К. Джолдагутова» көрсетеді. Аудан әкімдігі тарапынан аталған маршруттың жүру бағытын өзгертіп, Шымыр ауылы арқылы жүруі туралы Талдықорған қалалық жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ұсыныс енгізілді. Талдықорған қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі «Қарабұлақ–Талдықорған» бағытындағы маршрут желісіне «Тасымал» ЖШС өзінде бар 12 бірлік қоғамдық көліктерімен жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсететіндігін хабарлады. Сондай-ақ, Шымыр ауылы тұрғындарының өтініштері бойынша №865 маршрут қозғалысының жаңа маршруты  Талдықорған қаласының полиция  басқармасымен және Ескелді ауданының әкімдігімен келісіліп, қажетті құжаттармен бекітіліп, наурыз айынан бастап қолданысқа енгізілетіндігін хабарлады.

Айгүл ЖАРМЕНОВА: 
– Құрметті әкім мырза, мен Долан ауылының тұрғыны боламын. Балаларымызды автобуспен Алмалыбақтағы мектепке алып барып оқытып жүрміз. Әкімдік бекітіп берген автобус жиі жүрмей қалады. Себебін сұрасақ, жанармай жоқтығын алға тартады. Осындай мәселенің алдын алу үшін өз ауылымыздағы мектептің құрылысын неге ертерек бастамасқа? Сіз бір сөзіңізде: «1000-1200 оқушыға арналған мектеп салынады», – деп айтып едіңіз. Алайда, бұл жаңалықтан біздің атқамінерлер бейхабар болып шықты. Бізге емес, балаларға жағдай жасаңыздаршы. Біздің өтініш аяқсыз қалмаса екен.

– Долан ауылындағы бастауыш мектептегі 3 ауысымдылықты жою үшін, 2,5 гектар жер телімі сатып алынды. Бүгінгі күні Долан ауылына 600 орынды  жаңа мектеп құрылысына жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеу үшін аудандық бюджеттен тиісті қаражат бөлінді. Соған сәйкес 21.01.2020 жылы Алматы облысының мемлекеттік сатып алу басқармасы мемлекеттік мекемесі жобалау жұмыстарын жүргізетін мекемені анықтауға ашық конкурс жариялады. Жобалық-сметалық құжаттамасын аяқтау үшін облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына 55 миллион теңгеге бюджеттік өтінім берілді. Осы күнде облыстық экономика басқармасы құжаттардың толықтығын тексеруде. 
Долан ауылының төменгі бөлігінде тұратын оқушылар мемлекеттің көрсететін тегін қызметі бойынша Алмалыбақ ауылындағы әл-Фараби атындағы мектеп-гимназиясына тасымалданып оқытылады. 11.02.2020 жылы оқушыларды тасымалдайтын көліктің техникалық ақауына байланысты тасымалдау қызметі тоқтап қалған. Алайда дәл сол күні көліктің ақауы жөнделіп, бүгінгі күнге дейін оқушылар қалыпты түрде тасымалдануда.

Лейла ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ:
– Қанша айтсақ та, жазсақ та құлақ асатын ешкім жоқ. Іле ауданындағы Калинин көшесін неге жөндемейсіздер? 20 жылдан бері жолдың азабын тартып келеміз. Жаны ашып, халықтың жағдайын сұрап жатқан шенеуніктердің жоқтығы көңілімізге көлеңке түсіреді. Жол азабын тек сол көшенің тұрғындары ғана біледі. Осы мәселенің мәнісін шешілсе екен.

– Калинин көшесінің жолын (1960 метр) орташа жөндеу үшін 42 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына қаражат бөлу мәселесін қарастыру тапсырылды. Алдағы уақытта көше толығымен жөнделетін болады.

Димаш КӘРІМ: 
– «Талғар аудандық электр торабы» бөлімі коронавирус инфекциясына қарсы оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізді. Салдарынан екі күн бойына күндіз жарық та, жылу да болмады. Балалардың барлығы тұмау, өкпе демікпесі мен қызылша ауруына душар болып қалды. Біз балаларымыздың денсаулығына қатты алаңдаймыз. Бізге көмек қажет.

– 2019 жылдың 10-14 ақпан аралығында Тұздыбастау ауылындағы «Жайлау» және «Айсұлу» ықшамаудандарында (500-ге жуық үй) аудандық электр торабы тарапынан жоспар бойынша электр жүйелерін ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Сол себепті электр жарығы уақытша өшірілді. Жұмыстар жергілікті әкімдікпен келісілмеген. Сол себепті тұрғындар тарапынан көптеген арыз-шағым түсті. 14 ақпан күні жұмыстар толығымен аяқталып, қазіргі таңда электр жарығы берілді. Жағдай бақылауда. Алаңдауға еш негіз жоқ. Тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Серікбол ОРАЛДЫҰЛЫ:
– Ескелді ауданы, Сырымбет ауылдық округінің тұрғындары үйлеріне интернет желісін кіргізе алмай жүргендеріне жарты жылға жуық уақыт болды. Нақты себебін де біле алмадық.

– "Қазақтелеком" АҚ мамандары­­­­­ның хабарлауынша, қазіргі уақытта "Қазақтелеком" АҚ-мен сіз атап өткен елді мекенде кеңжолақты интернет желісін жүргізу жұмыстары атқарылуда. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында интернетке қолжетімділік қамтамасыз етілетін болады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"