ДАЛАДА ТҮНЕП ЖҮРГЕН КӨПБАЛАЛЫ ӘКЕ БАСПАНАМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Уақыты: 16.06.2020
Оқылды: 1114
Бөлім: ӘЛЕУМЕТ

Іле ауданында тұратын көпбалалы әкенің әсерлі бейнежазбасы ешкімді де бей-жай қалдырмады. Ол бейнежазбада таяуда үйі өртеніп, балаларымен далада қалғанын айтып, көз жасына ерік береді. Ер адам әкімдікке көмек сұрап барғанын, алайда шенеуніктер оны мазақ қылғанын айтып шағынады.

Ер адамның айтуынша, оның бес баласы бар. 13 маусымда олардың үйі өртеніп, төбесі құлаған. Көпбалалы әке көмек сұрап, Іле ауданының әкімдігіне барған.

- Әкімнің көмекшісі менімен байланысқа шықты, аты-жөнін білмеймін. Ол өз ауылдық округтеріңе барыңдар деді. Мен оған жағдайды түсіндірдім, осымен көшеде екінші күн түнеп жатқанымызды айттым. Ол маған күлді де: "Сіз бұған дейін апатты жағдайдағы үйде тұрдыңыз, бұған да үйренесіз", - деп айтты, - дейді ер адам.

Көпбалалы әке бұл оқиғаны айтып, көз жасына ерік береді. Ол ақша талап етпейтінін, тек үйді жөндеу үшін материалдар сұрағысы келетінін атап өтті.

Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел өз кезегінде аталған бейнематериалға қатысты пікір білдірді.

- Көпбалалы әке аудан әкімдігіне келді. Өкінішке қарай, біздің әріптестеріміз қажет шараларды қабылдамаған. Әкімнің тапсырмасы бойынша көпбалалы отбасына уақытша баспана берілді. Алдағы уақытта демеушілер қаражаты есебінен үй салу жоспарда бар, - деді ол.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Іле ауданы

Алматы облысы