"КҮЙЕУІМ ҚАЗАҚ БОЛАРЫН СЕЗІП ЖҮРДІМ": ТАТЬЯНАДАЙ КЕЛІН БҰЙЫРСЫН!

Уақыты: 01.05.2021
Оқылды: 1683
Бөлім: РУХАНИЯТ

Еліміздегі ұлттар мен ұлыстардың біте-қайнасып, араласып кеткені, тіпті, кейбірінің бір-бірімен құдандалы болып жатқаны қай заман?! Өзге ұлттың қызын келін етіп, шаңырағынан орын бергендер де жетерлік. Оның  шыққан тегін құрметтей отырып, қазақылыққа баулығандар бар. Ұлты басқа демесеңіз, қазақтың дәстүрін бойына сіңірген осындай келіндер қазақы шаңырақтың тұтқасын ұстап, ұрпағын өрбітіп отыр. Солардың қатарында бүгін орыс қызы Татьяна Гришинаға тоқталғымыз келеді.

Татьяна Гришина 1975 жылы Ленин кеңшарында дүниеге келген. Кішкентайынан өзін қазақ санап өскені сонша, орысшаға шорқақтау болып кеткен. Ата-анасынан бастап айналасы қазақша сөйлеген. Бала кезінде тұрған көшесінде орыс тілінде сөйлейтін бірде-бір бала болмаған көрінеді. Қазақ мектебін тамамдаған соң жұмысқа орналасты. Ол жердегі ұжымы да қазақ тілді жандар болған. Қазақтың қара баласы Жанатбекті кездестіргенінде де таңқалмаған көрінеді.

– Іштей Құдай қосқан қосағым қазақ боларын сезіп жүрдім, – деп бастады әңгімесін қазақ келіні. – Тағдырдың жазуымен 1996 жылы тұрмысқа шығып, келін атандым. Жолдасым екеуміз қайынсіңлім арқылы таныстық. Кеңжыра ауылына Жанатбектің қарындасы келін болып түседі. Содан араға уақыт салып қайынсіңлім екеуіміз бір жерде қызмет еттік. Туған күніне құттықтап ағасы (күйеуім) келді. Содан әңгімеміз жарасып, отау құрдық.

Қазақ тілінде емін-еркін сөйлеймін. Жолдасыммен де, балаларыммен де қазақ тілінде тілдесеміз. Келін болғаныма биыл 25 жыл толып отыр. Үлкен әулетке түскеніме қуанамын. Қазір 3 бала тәрбиелеп отырған анамын. Олардың есімін де қойған ата-енем. Қазақ отбасында бұл үлкен маңызға ие. Барлық салт-жоралғыларды ұстанып, қазақилықты бойыма сіңіріп жүрмін. Ең бастысы – сыйластық, – деген кейіпкеріміз әулетінде тек қазақ халқының салт-дәстүрін ұстанатындықтарын жеткізді. Сондай-ақ, ол енді келін болып түскен кезінде шай құюдан қатты шатасқан көрінеді. Бір дастархан басында 10-12 адам қонақ болып, бірінен кейін бірі кесесін берген уақытта кімдікі қайсы екенінен жаңылған екен.

 – Қазақтың келіні болған шынымен де керемет. Мен барлық салт-дәстүрді ұстанамын, қолдаймын. Ал бәрінен бұрын, туыстардың көп болғаны жақсы. Қазаққа тұрмысқа шығып, жарты ауыл менің туысым болып шыққаны қуаныш емей, немене?! Аралас некені сөгетіндерге айтарым, жаман ұлт болмайды, жаман адам болады дер едім. Бізге ең қатты ұнайтын мереке – Наурыз мейрамы. Бұл кезде сүрленген етімізді асып, көжемізді қайнатып, таң атқаннан бауырсағымызды пісіріп, қонақ күтуге әзірленеміз, – дейді Татьяна Викторқызы.

Айта кетерлігі, Жанатбектің отбасы Татьянаны өз қыздарындай қабылдаған. Ата-анасындай болған асыл жандарға басын иіп, сыйласымдылықта болған. Бүгінде ата-енесі өмірде жоқ. Өнегелі келін ата-ене мектебінен өткенін бақыт санайды. Ең бастысы, орыс келін ұсылман дінін қабылдаған.

Ислам дінін қабылдап, жұбайым Жанатбекпен некеміз қиылды. Барлығы мұсылмандық жөн-жоралғымен орындалды. Ал ата-енем алтын адамдар болды. Ата-енем өте мәдениетті кісілер еді. Әрдайым мені мақтап, өнеге қылып отырды. Әр адамның саған деген жылы сөзі, инабатты қарым-қатынасы алға жетелейді екен. Мені қыздарынан артық көрмесе, кем көрген емес, – дейді Татьяна келін.

Қазір Татьяна қазақша сөздерді ғана емес, мақал-мәтел, Ұлы Абайдың қара сөздері мен  өлеңдерін  жатқа айтып отыр. Тіпті, балаларына қазақтың халық ауыз әдебиеті туындыларын үйретіп, санасына сіңіруде.

Бақытымды қазақ отбасынан тапқаннан кейін, қазақы әдет-ғұрыпты ұстануды басты міндетім деп білемін. Жаратылысым орыс болса да, менің қазір жүрегім қазақ деп соғады. Балаларым таза қазақ тілінде тілдері шықты. Тіпті, олар орысша білмейді де, – дейді келін бізбен тілдесу барысында.

Ол абысындарымен тату, көрші-қоланға сыйлы. Басынан орамалын бір тастамай, үлкенге де, кішіге де ізеттілікпен сәлем салуды әдетке айналдырған. Міне, кейіпкеріміз осылайша өзге ұлттан өз бақытын тауып қана қоймай, шаңырағын бақытқа кенелтіп отырған жан.

Қашанда жаны жайдары жүретін жайсаң жан туралы тек жақсылықтар ғана естисің, аузын ашса, жүрегі көрінетін алтын қыздың арманы орындала берсін дедік. Жалпы, тілі басқа, тілегі бір, жүзі басқа, жүрегі бір жанның өмірі ізгілікпен нұрлана түскен. «Тірліктің күші – бірлікте, бірліксіз істе береке жоқ». Қазақтың осы бір даналық сөзін жүректеріне мықтап түйген отбасының бақыты мен бағын адал еңбекпен өрген шаттықтарына куә болып, марқайдық.

Еңлік АРЫҚБАЙ

Алматы облысы