Мемлекеттік тіл мемлекеттік қызметте

Уақыты: 24.08.2017
Оқылды: 1804
Бөлім: РУХАНИЯТ

Облыстық  Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметкерлер арасында «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» атты облыстық байқау өтті. Бас жүлдені Талдықорған қаласының атынан қатысқан «ЭКСПО» командасы жеңіп алды.

Мемлекеттік тілдің аясын кеңейту және дамыту, беделін арттыру бүгінгі күн тәртібінде тұрған мәселе. Осы орайда түрлі шаралар атқарылып, байқаулар ұйымдастырылып жатыр. Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында өткен байқауға қала мен аудандардан жиналған 15 топ қатысты. 
Конкурсқа қатысушылар үш бөлім, төрт тапсырма бойынша бақ сынады. Бірінші бөлім – «Сәлемдесу». Екінші бөлімде лэд-экраннан екі тапсырма берілді: біріншісі «Жер-судың аты – тарихтың хаты» деп аталады, онда қатысушыларға суреттер мен бейнелер көрсетіледі, соны атап, оның тарихын айтуы шарт. Екіншісі «Қазақ сөзі» деп аталды. Бұл тапсырмада бақ сынаушылар берілген мақалдың, қанатты сөздердің толық нұсқасын табуы қажет. Ал үшінші бөлім – «Үй жұмысы». 
Талдықорған қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Әділ Алинов бастаған, Талдықорған қаласының білім бөлімінің бас маманы Ұлан Боранбайұлы мен Талдықорған қаласының дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Гүлназ Шыныбековадан құралған «ЭКС- ПО» тобы қарсыластарынан оқ бойы озық шықты. Сәлемдесуді сәтті өткізген топ екінші кезеңде көрсетілген Үлкен Алматы өзенін тауып, «қазақ сөзінде» жасырылған мақал мен нормативтік-құқықтық актілер туралы сұрақтарға мүдірмей жауап берді. «ЭКСПО» тобы үшінші кезеңде жиналғандарға немересіне домбыра жасап сыйламақ болған қария бейнесін, оның орындауындағы Кенен Әзірбаевтің әнін сәтті орындады. Бұл байқауда домбыра үні естілген жалғыз сәт осы еді. 
Бірінші орынды Жамбыл ауданынан келген «Жамбыл жұлдыздары» тобы алды. Нұргүл Жекебаева капитандық қызмет атқарған топтың үшінші кезеңдегі «Қазақ тіліне қан керек» деген поэзиядан тұратын қойылымы көпшіліктің көңілінен шықты.
Ал екінші орын екі топқа: Алакөлден келген «Алакөл қырандары» мен Панфилов ауданының атынан қатысқан «Алдаспан» тобына бұйырды. «Жетісу» телеарнасы директорының орынбасары Досан Қызайбекұлы бастаған қазылар алқасы үшінші орынға үш топты лайық деп тапты. Олар: «Алатау» (Талғар ауданы), «Жалын» (Қаратал ауданы) және «Тамшы» (Сарқан ауданы) топтары. Ынталандыру жүлдесіне «Тілдарын» командасы (Көксу ауданы) алды. Сонымен қатар байқаудың арнайы жүлдесіне Еңбекшіқазақ ауданының намысын қорғаған «Руханият» тобы ие болды. 
Барлық жеңімпаз бен жүлдегер арнайы сыйлықтар мен Мақтау қағаздарымен марапатталды. Байқау жеңімпазы болған «ЭКСПО» тобы алдағы уақытта республикалық байқауда облысымыздың намысын қорғайды. 

Серік ҚАНТАЙ.