ОЛ АҚЫН ӘРІ ПРОЗАИК ЕДІ. БҮГІН - МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВТЫҢ ТУҒАН КҮНІ

Уақыты: 09.02.2022
Оқылды: 1485
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Жоқ! Ол прозаик емес, ақын» дерсіз бәлкім. Иә, ақын, ақын болғанда да жай ақын емес, асқардай биік, теңіздей терең дарын иесі. Оның жырларын сүймеген, жаттамаған, мақтамаған жан сирек кездеседі. Бірақ мен оның сезімге толы өміршең жырлары жайлы емес, оның қым-қиғаш оқиғаға толы прозалық шығармалары жайлы сыр шертпекпін.

1964 жыл болатын. Мен сол кездегі С.Киров атындағы университеттің филология факультетінде журналистика бөлімін үздік тамамдап, Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Жұлдыз» журналына қызметке тұрған кезім. Ол уақытта редакторы марқұм Сырбай Мәуленов ағай болатын, Мұқағали ақынмен сол редакцияда таныстым.

Бір кабинетте төрт адам отырамыз. Ақын Сабырхан Асанов, Зейнолла Серікқалиев, Жайсаңбек Молдағалиев және мен. 1962 жылдан бастап, республикалық газет-журналдарда бірнеше әңгімем жарияланып, ақын-жазушылар арасында қазақ қыздарынан шыққан тұңғыш прозаик атанып, біршама беделге ие болып қалған едім. Сырбай Мәуленов ағай да қызметке қабылдар кезінде көп сұрақ қоймай «Ә, шырағым Күнсая Оспанова болсаң, «Ара» журналынан бір сықақ әңгімеңді оқып, риза болып едім», – деп жылы қарсы алған.

Кабинеттегі төрттің бірі Жайсаңбек Молдағалиев мінезі салмақты, үндемейтін, шамасы болашақ романын жазу үстінде болса керек, қиялының желісін үзбей, бас көтермей жаза беретін. Ал Сабырхан мен Зейнолла болса, жұмыстарының арасында әзіл-қалжыңға жол беріп, бәрімізді мәз-мейрам ғып күлдіріп алатын. Бірде осылай көңілді болып отыр едік, қолында папкасы бар еңсегей бойлы жігіт күлімсіреп кіріп келді. Бәріне қол беріп амандасты да, маған тек «сәлеметсіз бе?» деп бас изеді. Алғаш рет Сырбай аға мені кабинетке ертіп келіп: «Мынау Зейнолла, мынау Сабырхан, мынау Жайсаңбек ағаларың» деп таныстырған еді, енді Зейнолла маған «мынау Мұқағали Мақатаев деген ағаң болады» деп оны басымен изеп көрсетті.

– Япыр-ай, осында жұмысқа келгелі ағаға қарық болдым ғой, – деп әзілдеп едім, келген адам маған күлімсіреп қарады. Олар біраз әңгімелескен соң, Мұқағали аға менің жаныма келіп:

– Қарындас, сіз машинка басуды білесіз бе? – деп ақырын ғана сұрады. Мен жоқ деп айта алмай:

– Иә, ақырындап басамын. Университетте бізге арнайы сабақ өтетін. Сонда үйренгем, – дедім.

– Олай болса, мен сізге бір қолқа салсам деп едім, – деп өтіне қарады.

– Әй, Мұқа, келе сала біздің көзқуанышымыз болып отырған жалғыз қызымызға көз салғаның не? – деп Зейнолла әзілдей жөнелді. Онсыз да қызылшырайланып отырған ол, әзіл екенін түсінсе де, ыңғайсызданып қалды. Жігіттердің әзіл-қалжыңына күлімсірей ақталып жауап беріп, маған бұрылды.

– Мына бір әңгіме жазып едім, соны мүмкіндігіңіз болса, машинкаға басып берсеңіз, – деді. Папкасынан бір топ жазылған қағазды суырып алып, менің алдыма қойды.

– Ағай, мен оны қайда басам, біздің машинка босамайды ғой, – деп едім.

– Қарсыдағы «Қазақ әдебиетіндегі» екі қыздың бірі демалысқа кетіпті, мен Сырбай ағаңмен де, Сайынмен де сөйлесейін, тек сіз келіссеңіз болғаны, – деді. Ол кезде «Қазақ әдебиеті» газетінің редакторы Сайын Мұратбеков болатын.

«Қазақ әдебиетінің» машбюросына келіп, Мұқаң берген қағаздарды ашып қарасам «Қош, махаббат» деген әңгіме екен. Мен баяу баса бастадым. Басқан сайын әңгіменің желісіне ілесіп, уақиғаны бойлап жүре бердім.

Сезім

«Сездің бе,  балам? 
Сездім, сездім ғой,  әке!»
Н.Гоголь, «Тарас Бульба»

Бұл жалғанға келгеннен соң, 
өмір мәнін сеземін,
Дар алдында беріл десе, 
берілмеймін, төземін.
Сын сағатта ақиқаттан 
адасудан сақтасын.
Намыс күйреп, өкініштен 
өртенбесін өзегің.

Сезім болса, сезе білгін,
мына болмыс тынысын.
Сезімдерін тұмшалаған, 
қуыс кеуде құрысын!
Жәй шертумен түрте алмайсың, 
сезім атты пернені.  
Сол перненің күйін табу,
сезімталдар жұмысы.

Нар әкенің тастап кеткен,
аманатын сезіп ем.
Мынау күнді, жерді, айды, 
түндерімді сезінем.
Хантәңірдің аясында, 
биік мұзарт шыңында.
Көзі мұңды арғымақпен 
түбі мен де кезігем.

Алматы 

Таң қалам осы қалама,
Еліктеу сәті қас қағым.
Өткенге оны балама,
Өзгеше қазір жан жағың.

Сымбаты өзге, мәні өзге,
Қоршаған ортаң,  жан өзге.
Қол бұлғап түнгі  Алматы,
Төсін де ашар аш көзге.

Әсерге бейім бас қалам,
Түніңді мен де жастанам.
Сырыңды түйіп санама,
Арзанды жиып тастағам.

Ойлар

Күйзелу зәрін сепкенде,
Көңілдің әні тоқтайды.
Тағдырың шалыс кеткенде,
Жазмыш оғын оқтайды.

Ағыңның жоқ қарасы,
Анық қой жігіт,  қарашы.
Жалған мен шындық арасын,
Ойлының жіктер санасы.

Жастығың кеткен уыстан,
Айналып қайта соқпайды.
Өмірдің мәні жылыстап,
Ұстатпай кетсе,  сол қайғы.

Болмаса игі мақсатың,
Жоқ нәрсені талғайсың.
Болмасқа басты қақсатып,
Өзіңді-өзің жалмайсың.

Біл мұны,  мейлі  білмегін,
Осылар тағдыр сұрағы.
Пенденің түріп түнегін,
Алдыңнан жағар шырағын.

Өз ырысым

Соқпақтар жеңіл болған жоқ,
Ауыры маған бұйырды.
Ұңғыда қалған жалғыз  оқ,
Сарт етіп үнсіз  тиылды.

Тиді ме оғың белгісіз,
Басқа оққа әлде жембісің?
Марқалар топта тұр әне,
Солардан өзің кембісің?

Тірек бар артта сезінем,
Құқайға талай төзіп ем.
Бұқпалап келген қорқаудың,
Қорқамын бірақ көзінен.
 
Жұлдыз МҰҚАҒАЛИҰЛЫ
Алматы қаласы

Студенттік өмір, жастық шақ, алау сезім мені жетектей жөнелді. Айбар атты жігіт пен Айша атты қыздың, Бану мен Бағдаттың араларындағы махаббат сезім шырғалаңы, ыстық ықыластары шығармаға арқау болыпты. Өлімнен басқа ажырата алмайды деген Банудың Бағдатқа деген махаббаты тіршіліктің бұралаң соқпақтарымен бұрала келіп, басқа арнаға құйғанда қатты қиналдым.

Иә, өмірде сирек те болса кездесетін шындық екені белгілі. Талайдың басынан кешкен өкінішті оқиға. Өмірдің өзіндей өткінші, баянсыз сезім-ай деп ауыр күрсіндім. Бірақ жабырқаған көңілім шығарма соңында бұлт астынан шыққан күндей көңілімді жадыратып жіберді. Автор дүниедегі қара бұлттар шуаққа айналып, шапағатқа ғана тоғысса деп армандаса керек, өзінің игі ниетімен, шексіз қиялымен әңгіме желісін иіп әкеліп Бану мен Бағдаттың жабырқаған жандарына шуақ сеуіп, өзара жарасым тапқызған түйінді көрдім. Шығарма негізінен адамдар өзара ренжіспей, бір-бірінің жүрегіне салмақ салмай, қамшының сабындай қысқа ғұмырда татулықпен өмір сүруге шақырған Мұқағалидың ақ ниеті, оның өн бойындағы шыншыл рухы анық сезіледі. «Қош махаббат» – өмір әлемінің бір кішкентай үзіндісі сияқты әсер қалдырды.

Бұдан соң да Мұқаңның бірнеше әңгімесін басып беріп жүрдім. Олардың бәрінде де өмірдегі кездесетін шынайылық бар еді. Адамдар мінезіндегі қатыгездік пен мейірімділік, қарама-қайшылықтар тоғысып жатады. Әңгімелерінде де өлеңіндегі сияқты турашыл, ақ ниетті Мұқағали рухы елес береді. Көрсеткен көмегім үшін ұлы ақынның талай алғысына ие болған едім.

Күнсая ОСПАНҚЫЗЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі