Республикалық кітап фестивалі өтті

Уақыты: 29.09.2023
Оқылды: 1001
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қалалық В. Маяковский атындағы орталық кітапханасында «Kitap Time-2023» ІІ жалпы республикалық  кітап фестивалі өтті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен кітап оқуды, мәдени құндылықтарымызды халыққа насихаттау мақсатында өрнек тапқан шараға зиялы қауым өкілдері, қайраткер азаматтар, әдебиетсүйер көпшілік қатысты.

Кино және театр актері Кендебай  Темірбайұлы, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің  қауымдастырылған профессоры Сайлау Қожағұлов, жас ақын Азамат Нұрмұқан, өнер мектебінің вокал бөлімінің ұстазы Ажар Меирманова, қалалық әжелер ансамблінің әншісі Шара Бүркеқызы қонақ болған кітап фестивалінің шымылдығын Ажар Қапышқызы қазақтың аса Мұқан Төлебаевтың  «Ақмарал сұлу еркем-ай» әнімен ашты.

Фестиваль барысында түрлі танымдық іс-шаралар өткізілді. Атап айтар болсақ, Кендебай Темірбайұлының  жетекшілігімен құрылған  Мұқағали Мақатаев атындағы поэтикалық «Жас актёр» театрының  әртістері ақиық ақынның «Алтай-Атырау» поэмасын сомдап шықты. Сонымен қатар «Дарындар туған даңқты өлке» атты Жетісудың ақын-жазушылармен өткен кездесу кеш өте тартымды өтті. Кеш барысында оқушылар ақындардың өлеңдерін жатқа оқыды.

Өз кезегінде қонақтар мен оқырман қызыққа толы байқауларға қатысып, бақтары сынап көрді. «Менің сүйікті кейіпкерім» сурет байқауы, «Миллион кімге бұйырады?» интеллектуалды ойын, «Кино қиылысында» кинодан үзіндіні табу, «СКРАББЛ» – әріптен сөз құрау, «Әдеби жанрдағы өлең оқу» сынды байқауға қатысып, қуыршақтар театрының «Сиқырлы ертегі әлемі» қойылымын тамашалады. Шара соңында белсене қатысқан оқырмандарға алғыс хат, диплом мен сый-сияпат табыс етілді.

Күміс Жұмаділқызы,
3-ші бөлімшедегі №7 кітапхана филиалының меңгерушісі