«Ақын елдің – ардағы» тақырыбында кездесу кеші өтті.

Уақыты: 30.09.2023
Оқылды: 1008
Бөлім: РУХАНИЯТ

Көмейінен сөз, көкірегінен өлең сауған ақын деген жаратылыстың жырын тыңдау, өнегелі сөзінен ғибрат алу да бір ғанибет емес пе?! Әсіресе өмірдің әр сәтінен қызық аулап, шаттық терген бүлдіршіндердің қаламгерлермен кездесуі, алдыңғы толқынның ақылына қанығуы жақсы дүние.

Осы орайда келешек ұрпаққа дәстүрді дәріптеу, құндылықтарды құнттауды үйрету мақсатында  Талдықорған қаласындағы №4 орта мектепте «Ақын елдің – ардағы» тақырыбында кездесу кеші өтті. Алтын ұя ұстаздары Нұргүл Жәутікова мен Сәуле Сыдықованың ұйымдастыруымен өткен шараға мектептің 2, 3 және 6 сынып оқушылары қатысты. Кеш кейіпкері­­­ – Жетісу жұртшылығына танымал ақын, ҚР Мәдениет қайраткері, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Жұматай Әміреев.

Тіл апталығының аясында өткен рухани шараны бастауыш сынып оқушылары Жұматай Оспанұлының жырымен бастады.

Балалардың әлеміне кіріп, тілін тауып, олармен бір толқынды ұстап тұру да бір өнер. Бұл орайда жас бүлдіршіндермен әңгіме жарастыру үшін қос ішекті домбырасын қолына алып, кеш қонағы бір әннің ырғағын жасырды. Өздеріне таныс әнді ести салысымен бәрі бірігіп хормен «Қошақаным» әнін орындай жөнелді. Үрпейісіп отырған балалардың тілін тапқанын бір сәтте көңіл сарайы ашылып, сан түрлі сауалды жаңбырша жаудырғаннан-ақ сезгендей болдық.  Қасиетті домбыраның сүйемелдеуімен «Балбырауын» күйін тартып, «Анамның тілі»  әндерін шырқаған кеш қонағы өз кезегінде:

– ­Бүлдіршіндерге қарап өзімде балалық шаққа қайта оралғандай күй кештім. Сіздердің әлемдеріңізге кіріп, әңгімелесудің өзі алғашында қиындау көрінді. Алайда, кішкентай балалар ғой деп көз жұма салмай, әдейі дайындалып келдім. Жарыса қойған сауалдарыңызға да тәнті болдым. Бәлки, сіздердің араларыңызда да болашақ ақын, қарымды қаламгер отырған болар?! Осы орайда осындай кешті ұйымдастырған мұғалімдеріңізге алғыс айтамын, – деді Жұматай Оспанұлы.

Аталған кеште Раяна Талғат, Айғаным Болат, Ерке Тұрысбек сынды оқушылар мың бұрала би билеп, әуелетіп ән салды. Шара соңында кеш қонағы  Абайдың қара сөздері мен мақал-мәтел кітаптарын оқушыларға табыстады.

Айғаным АЙТМҰХАН