ЕҢЛІК БОЛЫП ЕНІП, ҚОРЛАН БОЛЫП ҚОШТАСҚАН

Уақыты: 29.09.2023
Оқылды: 962
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ол қасиетті сахнаға көтерілгенде күллі қазақ көрермені рухтанып, мөлдір өнердің құндылығын қастерлей түсетін. Ана бейнесін сомдағанда жер бетіндегі ең жанашыр ғазиз жүректі жанға деген махаббат пен сағыныш кеудені қоса кернесе, әйел образы арқылы халқының шалқар сезімі мен ризашылығына шомылатын. Кино саласында да терсіңді еңбек етіп руханиятқа олжа салған Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бикен Римова ұлы өнердің көгіне біткен жарық жұлдыз еді. Осынау ғажайып тұлғаның 100 жылдық мерейтойы жыл бойы аталып өтсе, ғасырлық қуаныштың шырайы «BIKEN»  І Халықаралық театр фестивалімен жандана түсті.

Театр қарлығашының торқалы тойына орай Жетісудың жүрегі саналған Талдықорғанда тұңғыш рет жалауын желбіреткен халықаралық фестиваль Биапа театры ғимаратының алдында тұғыр тепкен ұлы ақын Абай Құнанбайұлының еңселі ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Замананың зарын шертіп, қара сөз, қара өлеңмен халқын ізгілікке шақырған алып ойшылдың рухына тағзым жасалғаннан кейін Б. Римова атындағы Талдықорған драма театрының фойесіне орнатылған Биапа бюстінің ашылу салтанаты өткерілді. 

Киелі сахнаға он сегізінде Еңлік болып еніп, Қорлан болып қоштасып, театр мен кино әлемін қос қанатына айналдырған сәулелі ғұмыр иесінің қоладан құйылған бюстінің ашылу рәсімін Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазақстанның Еңбек ері, аңыз адам Асанәлі Әшімов пен Биапаның қызы Меруерт Құсайынова атқарды. Айта кетерлігі, мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұханбетов жасаған бюст 18,5 млн. теңге (қоладан) құйылған. 

Ғибратты ғұмыры ғасырларға аңыз болып таралатын тұлғаның құрметіне өткен алғашқы халықаралық фестивальда көрерменнің рухы асқақтап, өнерпаздар шалқып-тасып, үлкен тебіреніспен жүргенін аңдадық. Жан жадыратқан осынау тағылымды да рухани шара барысында Түркия, Өзбекстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Қырғыз елі сынды 5 мемлекеттен және еліміздің түкпір-түкпірінен келген театр ұжымдары, өнер майталмандары мен ұлт зиялылары қызыл кілеммен жүріп өтті. 

Өз кезегінде берекелі іске бастамашы болған облыс әкімі Бейбіт Исабаев сөз алып, қазақ театр өнерінің Еңлікгүлі атанған тұлғаның мерейтойымен көпшілікті құттықтады. Абзал ана, асыл жар бейнесін сомдаған, ғұмырының 60 жылын сахнаға арнаған Биапаның тірліктегі атқарған ізгілікті ісі мен терсіңді еңбегін айшықтап, ұлы елдің санасында мәңгі қашалған бірегей екенін жазған ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды. Сонымен қатар, ол: 
– Өнер таусылмас азық, сарқылмас байлық. Театр өнері қай кезде де ұлттық құндылықтарымыздың, адамгершілік пен ізгіліктің насихатшысы, ұрпақтың басты рухани-эстетикалық тәрбиешісі болған. Уақыт өтеді, заман өзгереді, бірақ мәдениет мәңгілік, өнер өміршең қалпымен құнды. Осы орайда өзінің есімі берілген облыстың драма театрымен бірге Бикен Римованың да ғибратты, жасампаз ғұмыры жалғаса бермек, – дей келе халықаралық өнер фестиваліне қатысушыларға сәттілік, шығармашылық еңбектеріне табыс тіледі.

Жетісу топырағында жалауын желбіретті демесе, күллі қазаққа ортақ қуаныш үстінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева лебізін білдіріп, мәдениет пен әдебиет ұлттың жаны  екенін, мұндай ірі фестивальдің  халыққа, өнерге аса қажет екенін жеткізді. Елімізде осымен жалпы саны 9-ға жеткен әр байқау таланттарды шыңдауға, өнердегі жаңа есімдерді анықтауға негіз болса, дәстүрлі құндылықтың қайнарын мөлдіретіп, кешегі мен бүгінді жалғауға, ұрпақ сабақтастығын нығайтуға да өзек екенін тебірене толғады. Ал, өз кезегінде сөз алған «ТҮРКСОЙ» халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев қазақ жерінің қасиеті туралы тебіреніп, өнері озық елдің ең шұрайлы мекенінде бастау алған байқаудың баянды болуына тілекші екенін жеткізді. Бикен Римованың қызы  Меруерт Құсайынова даңқты тұлғаның өмірі мен өнер жолындағы жарқын жолы мен ұлы сүрлеу-сүрдегіне, адами бет-бейнесі мен бекзат болымысына қатысты перзенттік пікірін білдіріп, байқауға бастамашы болған Жетісу облыстық әкімдігіне, «ТҮРКСОЙ» ұйымына алғысын бідірді.

Б. Римова атындағы драма театры, І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайы, Д. Рақышев атындағы филармониясында апта бойы өтетін өнер додасының ашылу салтанаты әрмен қарай концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна саңлағының өмір жолынан үзінді ретінде қойылым көрсетіліп, «Жетісу сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамбль, М. Төлебаев және симфониялық  оркестрлер көпшілікті сырлы сазбен тебірентсе, «МұзАРТ» тобы бастаған эстрада әншілері айтулы шараның ажарын ашты. 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Суреттерді түсірген Жеңіс  ЫСҚАБАЙ, Дмитрий ЕРОФЕЕВ