Өнермен өрілген өмір

Уақыты: 29.09.2023
Оқылды: 947
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бикен Римованың 100 жылдығына арналған «Өнермен өрілген өмір» атты республикалық ғылыми-танымдық конференцияға түркітілдес мемлекеттердің өнер қайраткерлері, мәдениет саласының көрнекті өкілдері қатысты. Тағылымды тойды Түрксой мәдени ұйымы мен Жетісу облыстық әкімдігінің ұйымдастыруымен халықаралық деңгейде өткізіліп отыр.

Басқосудағы алғашқы сөзді облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли алып, ғасыр той – өнер мен халықтың ортақ қазынасы екеніне тоқталды.

– Майталман актрисаның мерейтойын туған өлкесінде лайықты өткізу – облысымыз үшін үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. «BIKEN»  I Халықаралық театр фестиваліне бауырлас Қырғыз елі, Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Түрікменстан елдерінен де драмалық және музыкалық театрлар өнер көрсетуге келді, – деп конференция жұмысына табыс, сәттілік тілеген Рустам Әли Бикен апамыздың рухани өмірі жалғаса берсін деген тілегін арнады.

Тойға арнайы келген Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО және Қазақстанның халық әртісі Асанәлі Әшімов 100  жылдық тойға құттықтауын арнап, Бикен ападан алған тәлімі өміріне азық болғанын әңгімеледі.

– «Жер-ана» қойылымында керемет ойнады. Ондай туындының енді болу, болмауы екіталай. Ол кісі анамыздай қамқор еді. Сахнаға шығудың қыр-сырын үйретті. Өтірік айтпауға, өсек айтпауға баулыды. Ол кісі сахнаға шыққанда жан-жағына жан бітетін,  «қойылым әсерлі көңіл-күйге толып» кететін. Қазір театрда Бикен апаның орны үңірейіп тұрады. Бірақ актерлерге сол кісі қалай ойнаушы еді, соны қайталаңдар деп айтып отырамыз. Облыс басшыларына осындай той өткізіп отырғандығы үшін алғыс айтамын.

Конференцияда Бикен Римованың қызы Меруерт Құсайынова анасы жайлы естеліктерімен бөлісіп, сахнада актриса болғанымен  үйде үлкен жүректі ана еді деп еске алды. Анасына бюст қойып жатқан облыс басшыларына алғысын білдірді. Басқосуда театр саласының мамандары сөз алып, қойылымдарды жандандыру барысындағы ойларымен бөлісті.

Рухани шарада театртанушы Аманкелді Мұқанның Бикен апамыздың ғұмыр-дариясынан сыр шертетін «Көктем қалпынан айнымай қалған жан» атты кітабының тұсауы кесілді.

Бикен апаның қазақ театры мен киносында қалдырған қайталанбас образдары, дарынды драматург ретіндегі сүбелі туындылары, өнегелі өмір жолы мен шығармашылық шыңы кейінгі ұрпаққа мәңгілік мұра болып қала бермек.

Гүлжан ТҰРСЫН
Суретті түсірген Дмитрий ЕРОФЕЕВ