Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауының ережесі

Уақыты: 04.10.2023
Оқылды: 929
Бөлім: РУХАНИЯТ

Биыл Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалардың шығармалардың алтыншы байқауы жазушының 100 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.

«Заң» Медиа-корпорациясы» ЖШС Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауын 2018 жылдан бері ұйымдастырып келеді.

Осы доданың арқасында талай қаламы қарымды жазушы, журналистер, заңгер, құқық қорғаушылар детектив жанрында шығарма жазып, байқаудың тартысты өтуіне үлес қосты. Бұл шығармашылық сайыс сонымен бірге жас қаламгерлердің жаңа қырынан танылуына мүмкіндік туғызды. Мұның бәрі әдебиеттің кенжелеп қалған жанрының түрленуіне, жандануына ықпалын тигізгені анық. 

Әрі биылғы шараға Жетісу облысының әкімдігі қолдау көрсетеді.

Байқаудың артықшылығы:

  1. Үміткерлердің байқау талабына сай келетін шығармалары республикалық «Заң газеті» мен «Юридическая газета» басылымдарында жарық көреді;
  2. Байқауға жолданған шығармалар zanmedia.kz сайтындағы ДЕТЕКТИВ айдарында жинақталып, көпшіліктің оқып танысуына, пікір білдіруіне мүмкіндік жасалады;
  3. Шара аясында бұған дейінгі байқауларда бас жүлдені иеленген үздіктер Талдықорғанға арнайы шақырылып, шеберлік сабағын өткізеді.

Жетісу облысының әкімдігі Кемел Тоқаев атындағы байқаудың жеңімпазына 1,5 миллион теңге жүлде тағайындап отыр.

Одан бөлек:

1 бірінші орын иесі – 1 млн теңге;

2 екінші орын иесі – 750 мың теңгеден;

3 үшінші орын иесі – 500 мың теңгеден қаржылай сыйлық алады.

Байқаудағы үздік шығарма иелерін ынталандыру мақсатында сыйлық тағайындалып отыр.

БАЙҚАУ ЕРЕЖЕЛЕРІ:

  • Кемел Тоқаев атындағы детектив шығармалар байқауына жіберілетін шығармалар детектив жанрының табиғатына сай болуы керек;
  • Бір автор бірнеше шығармасын ұсына алады, іріктеу ұйымдастырушылар құзырына кіреді;
  • Мәтін Microsoft Word редакторында терілуі тиіс,  қарпі – Times New Roman, кегль - 14, жол аралық интервал – 1, түзетілуі  – енінен,    шет-шетінен – 2 см.. Үміткер өзінің аты-жөнін, төлқұжатының көшірмесін, ұялы байланыс номерін, электронды поштасын толық жазуы керек.
  • Шығармалар 2023 жылғы 15 қазан сағ 18.00-ге дейін қабылданады;
  • Белгіленген мерзімнен кешігіп жіберілген, конкурстың талабына сәйкес келмейтін, бұрын басқа байқауға қатысқан шығармалардың конкурсқа қатысуына жол берілмейді;
  • Қазанның 15-25 аралығында үміткерлер шығармасын қазылар іріктейді;
  • Байқау жеңімпаздарын марапаттау 8 қарашаға белгіленген.

"Жетісу-Ақпарат"