«ВIKEN» І ХАЛҚАРАЛЫҚ ФЕСТИВАЛІ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Уақыты: 04.10.2023
Оқылды: 856
Бөлім: РУХАНИЯТ

Кино және театр өнерінің жарық жұлдызы, тұғырлы тұлға, КСРО Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бикен Римованың 100 жылдығына арналған халықаралық фестиваль мәресіне жетті. Талдықорған қаласындағы Биапа театрында өткен салтанатты шарада үздік шыққан өнер ұжымдары мен әртістер, сахнагерлер мен режиссерлер марапатталды.

Рухани шараның алғашқы сөзін алған облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли әуелі аймақ басшысы Бейбіт Исабаевтың ыстық сәлемін жеткізіп, руханият үшін, түбі бір түркі халықтарының өнерін өрістету үшін осындай фестиваль көптеп керек екенің атап өтті. Өнері өркендеген елдің өркениеті түзу, келешегі кемел болатынын атады. Өз кезегінде «BIKEN» I Халықаралық театр фестиваліне қатысқан барша өнер ұжымына облыс әкімінің Алғыс хатын табыстады. Сондай-ақ, Биапа театрында еселі еңбек етіп, өнердің дамуына үлес қосып жүрген Аман Қожабеков, Әйгерім Бектемірова, Нұргүл Кемербаева, Дулат Жарбасова, Ұлдар Оңғарбекқызы, Ұлжалғас Жұмәділова, Салтанат Асханбаева сынды театр қызыметкерлеріне ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Алғыс хатын табыстады.

Аптаға жуық көрермен көңілін көкжиекпен астастырған доданың мәні мен мазмұнына тоқталып, айрықша алқаусыз сезімін білдірген «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раева Б.Римова атындағы драма театрында терсіңді еңбек етіп, өнері мен өмірін көпке арнаған Дина Нұрғалиева "Құрмет" орданіне ие болса, Алмахан Кенжебекова, Ерлік Жуасбек, Ұлан Ахметов, Дастан Пышанов, Роза Қапашевалар ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымының 30 жылдығына арналған мерекелік медальмен марапатталды. Өз кезегінде фестивалға қатысқан 5 мемлекет және еліміздің түкпір-түкпірінен келген театрлар «ТҮРКСОЙ» Халықаралық ұйымының Алғыс хатымен мерейленді.

Алып ана, майталман актер, сахна саңлағының ғасыр тойына орай алғаш рет өткен халықаралық фестиваль қорытындысы бойынша «Аманат» партиясы тағйындаған арнайы жүлдені (300 мың теңге) Ж. Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театры еншіледі. Ал, сахна саңлағы, ұлы тұлға Шолпан Жандарбековадан дәріс алған шәкірттері Ш. Жанарбекова атындағы арнайы жүлде тағайынап, оған Оралхан Бөкейдің «Атау-Кере» қойылымында келін рөлін сомдаған С. Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық драма театрының әртісі Анель Сағындықованы лайықты деп тапты. Биапа театрының іргетасын қалаған жетісулық өнер ошағының ардагер буыны, сахна саңлақтары тағайындаған Б. Римова атындағы арнайы жүлдеге Ғ. Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Ақбота Рахат лайық деп танылды.

Сол секілді, «Үміт» аталымы бойынша алматылық «Жаңа Ғасыр» театрының әртісі Мақпал Қасенова, «Үздік режиссерлік шешім» аталымы бойынша С. Сейфуллин атандағы Қарағанды облыстық академиялық театрының режессері Айбын Салбан,  «Үздік 2 пландағы ер адам бейнесі» аталымы бойынша Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының актері Сағындық Жұмәділ  «Ахат» рөлі үшін, «Үздік 2 пландағы әйел адам бейнесі» Әзірбайжан мемлекеттік ЮХ театрының әртісі Мегдизаде Гюнеш «Қызметші» рөлі үшін марапатталды. Ал, «Үздік ер адам бейнесі» аталымы бойынша Н. Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық дарама театрының актері Жанғазы Рысқұл, «Үздік әйел адам бейнесі» аталымы бойынша музыкалық жас көрермен театрының әртісі Шынар Қалдыбай мерейленді.

Күллі елді шаттыққа бөлеген шырайы бөлек додада арнайы тағайындалған Бикен Римова атындағы жүлдені Ж. Аймауытов атындағы Павлодар қазақ музыкалық-драма театры «Ұждан» қойылымы үшін (700 мың теңге) еншіледі. Ал, «ТҮРКСОЙ» ұйымының арнайы жүлдесін талдықорғандық Б. Римова атындағы драма театры (1 мың доллар) ұтып алды. Осылайша көптің көңілін шалқытқан, көрерменге рухани азық сыйлаған ғажайып фестивальдың алғашқы жеңімпазы әрі «Ең үздік қойылым» аталымының иегері – Ғ. Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік балалар мен жас өспірімдер театры деп танылып, облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлидың қолынан 1 миллион теңгелік сертификат алды. Айта кетерлігі, фестиваль жеңімпаздары дода барысында Федерико Гарсиа Лорканың «Бернарда Албаның үйі» қойылымын сахналаған болатын.

Асыл Сұлтанғазы