Саялы Сарқанды саз тербеді

Уақыты: 05.10.2023
Оқылды: 1042
Бөлім: РУХАНИЯТ

Сарқан ауданының Мәдениет күні ерекше салтанатпен аталып өтті. Жетісу өңірінің өнерін өрістетіп, тарихи-мәдени мұраларын көпшілікке насихаттап, ұлттардың ынтымағы мен келісімін паш ететін, рухани жетістігі мен жемісін көрсетуге кеңінен жол ашатын аудан күндері  биыл «Жер жаннаты – Жетісу» атты тақырыпта ұйымдастырылды.

Сарқан ауданының құнарлы топырағынан өнер тарландарының көптеп шыққаны қалың елге аян. Сарқан жұртшылығы ауданның атын шартарапқа жайған өнер тарландарымен мақтанады. Өткен ғасырдың бел ортасында қазақ опера өнерінің негізін қалаған Кеңестер одағының халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұқан Төлебаевтің туғанына биыл 110 жыл толды. Дара дарынның өнердегі ізгі жолын жалғастырған Қазақстанның Еңбек Ері Еркеғали Рахмадиев, қазақ өнерінің қайталанбас тұлғалары Құман Тастанбеков, Бекен Жылысбаев, Күнсайын Қуатбаев, Кеңес Бақтаев, Әлия Абылаева, Кәдірбек Демесінов, Саят Мерекеұлы, қазақ әдебиетінің бір шоғыр жұлдыздары Кәкімжан Қазыбаев, Мұхтар Арын, Әділбек Абайділданов, Жаскілең Қалиев  және осы қатардан көрінетін мәдениетіміз бен әдебиетіміздің біз мақтан тұтар өкілдерінің есімдерін ауыз толтырып айтамыз. 

Ауданның Мәдениет күндері Сарқан қаласының Мұхаметжан Тынышбаев атындағы орталық алаңында аудан тұрғындарының қатысуымен жоғары деңгейде өтті. Мәдени шарада түрлі қол-өнер бұйымдары, жергілікті суретшілердің жаңа туындылары,  өзге ұлт өкілдерінің ас мәзірі мен салт-дәстүрімізді дәріптейтін көріністер, мәдени-рухани бағыттағы жетістіктер  көпшілік назарына ұсынылды. 

Мәдениет күндері аясында өтетін шараның халыққа берерінің мол екендігі әр жыл сайын айқындалып, айшықтана түсуде. Бұл мереке арқылы жыл өткен сайын өнеріміз бен мәдениетіміздің қандай деңгейге көтерілгені анықталып қана қоймай, халықтың рухын биіктетуге, өз еліне, жеріне деген құрметін еселей түсуге жол ашылуда. Айтулы мерекемен барша жиналған қауымды аудан әкімі Ғалымжан Маманбаев құттықтап, киелі өңірден ел болып құрметтейтін біртуар азаматтардың шыққанын атап өтіп, мәдениет саласында атқарылып жатқан жұмыстардың барысына жан-жақты тоқталды. 

Аудан көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасы өткен мен бүгінді байланыстыруымен көрермендердің көңілінен шықты. Саялы Сарқан туралы ілгері-кейінгі сазгерлер мен ақындардың тебіренісінен туған ән-өлеңдер туған жердің берекесі мен байлығын өнер тілімен асқақтатып, халқымыздың бай мұрасы мың бұралған би, әуезді ән арқылы көрініс тапты.

Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ
Сарқан ауданы