Мұқыры  халық театры 14-ші маусымын ашты

Уақыты: 09.10.2023
Оқылды: 1121
Бөлім: РУХАНИЯТ

Театр – ұлттың рухани айнасы. Онда өмірдің қалтарыс-бұлтарысы, күнгейі мен көлеңкесі айна-қатесіз көрсетіледі. Руханият ордасына енген кісі оңалып, санасында дұрыс ой қалыптастырады. Осы орайда Көксулық Мұқыры  халық театрының 14-ші маусымының ашылуы өтті.

Мұқыры халық театры 1965-1966 жылы 16 қарашада Нұрмолда Алдабергеновтің батасымен, режиссер Жақып Әбілтаевтың басқаруымен құрылған. 1967 жылы театр ұжымы «Халық театры» атағын қорғап шықты. Уақыт өте әріптестер құрамы толықтырылып, өзгеріп отырды. Сол кезеңдерде Мұхтар Әуезовтың «Айман – Шолпан», Бәкір Тәжібаевтың «Ана жүрегі», Қуандық Шаңғытбаев пен Қанабек Байсейітовтың «Беу, қыздар-ай» спектакльдері қалың көрермен назарына ұсынылды. 1995 жылы ұжымшар бірнеше ұжымға бөлінуіне байланысты театр өз жұмысын тоқтатқан болатын. Кейін Мұқыры халық театры 2009 жылы жергілікті өнерсүйер қауымның ұсынысымен қайта жұмысын бастады. Бүгінгі таңда 15 штат бөлініп, театр жетекшісі болып Мақпал Арыстанбаева, театр режиссеры болып Кәмшат Болатова қызмет атқаруда. Бұл күнде театр қоржынында 20 спектакль бар.

Мұқыры  халық театрының 14-ші маусымының ашылуы аясында Көксу ауданының әкімі Марлен Көлбаев сөз сөйлеп, көпшілікке ыстық ықыласын білдірді. Өнер ордасының ардагерлері Бағдагүл Атамбаева, Бақыт Талипова, Қаншайым Қабылмажиноваға сый-сияпат жасап, марапаттау рәсімін өткізді.

Содай-ақ, салтанатты жиында ҚР Президентінің 2023 жылғы 25 тамыздағы №308 жарлығы бойынша Алтын және Күміс алқа иегерлері марапатталды. Айталық, Асия Абдкаримова, Меруерт Маратова  Алтын алқа, Бақытгүл Омарбек,  Күләрбүбі Мәткерім, Сәбира Құндақбаевалар Күміс алқа тағынды.

Шарада Жұматай Оспанұлының «Театр» атты поэзиясы оқылды. Сонымен қатар, Көксу ауданы Мәдениет үйінің дәстүрлі әншілері ән  шырқап, көпшілікке көңіл күй сыйлады. Көрермен Мар Байджиевтың «Тіл табысқандар» атты комедиясын тамашалады.

Медет ЖҰМАБАЙ