Атасы мен апасының баласы

Уақыты: 15.10.2023
Оқылды: 949
Бөлім: РУХАНИЯТ

Көбіне біз дәстүр бойынша тұла бойы тұңғышымызды ата-апасының баласы деп еркелетеміз. Өйткені, олар дүниеге келген бірінші немересіне бар мейірімін төгіп, бәрінен артық көріп өсіреді. Сөйтіп, ол ата-анасының ғана емес, үлкен кісілердің де тәрбиесін бойына сіңіріп, есейеді.     

 Қариялар балаға неше түрлі тәттілерін ұсынып, бар білгендерін үйретуге тырысады. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай көңіл бөледі. Әрине, мұндай ұрпақтың арасында зеректігі, білгірлігі, ақылдылығымен танылған тұлғалар да аз емес. Десек те мұны «баланы тым еркелетіп жіберді, шолжаң етіп өсірді» деп қолдамайтындар да, «ата-әженің қолында өскен бала әке-шешеге жат боп кетеді» деген пікірді алға тартатындар да кездеседі. 

Бұл тұрғысында психолог мамандар баланы ата-әжесінің тәрбиесіне беру дұрыс емес дегенді айтады. Олардың сөзінше, ата-әже, нағашы, бауыр, басқа да туысқандар әке-шешенің тәрбиелеу үдерісіндегі көмекші адамдар. Баланы ата-әжесінің, туысқандардың жанына уақытша жіберуге болады. Бірақ, мұның өзі ата-ананың қадағалауымен болуы тиіс. Өйткені оған тікелей жауапты да, ең жақын адам да – ол әкесі мен шешесі. Ата-әжесінің немересіне қаншалықты қамқор болғанына қарамастан, бұл сәбидің жан дүниесіне белгілі бір өзгерістер алып келеді. Яғни балаға әке-шешесінен ажырау өте ауыр тиеді. Қазақтың «әженің сары майы ананың қара шайына татымайды» деген мақалы осы жағдайды меңзесе керек. Осы туралы әркім әртүрлі ой айтады.

Есен Қойайдаров, жас әке: «Менің 3 балам бар. Бәрі өзіміздің тәрбиемізде. Оларды сенбі, жексенбі күндері ата-апасына апарып тұрамыз. Жеке басым баланы түбегейлі ата-әжесінің тәрбиесіне беруді құп санамаймын. Себебі, бала ес біліп, оңы мен солын танығанша әке-шешесінің қасында тәрбиеленуі керек дегенді жөн санаймын. Жалпы, тәрбиені отбасының барлық мүшесі берген дұрыс. Ананың аялы алақанын сезініп, әженің ертегісін тыңдап, әкенің қатал тәрбиесін көріп, атаның ғибратты әңгімелерін бойына сіңіріп есейген баланың жаман болмасы анық. Өйткені, олардың әрқайсысының өз орны, айтары бар емес пе,– дейді. 

– Есейіп кетсем де өзімді әлі күнге апамның қызымын деп санаймын. Ол кісі қазір бұл өмірде жоқ. Сондай қатты сағынамын. Ес білгелі әжемнің қолында өсіп, тәрбиесін көрдім. Тыққан тәттілерін үнемі маған беріп, еркелететін. Бүгінге дейін әке-шешем шал мен кемпірдің баласы деп бетімнен қаққан емес. Әжемнің қолында өссем де, ата-анама деген құрметім ерекше. Ал анам жақын құрбым сияқты, өзімнің ішкі сырларыммен бөлісемін. Үлкен ұлым ата-әжесінің қолында. Балам тәрбиелі, кішіпейіл, бауырмал болып ержетіп келеді. Сонда да оның тәрбиесі әкесі екеуміздің қадағалауымызда, – дейді әжесінің еркесі, бүгінде екі баланың анасы Гүлім Сарбасқызы.  

Қалай десек те  баланың тәрбиесіне негізінен ата-анасы жауапты. Сондықтан, ұл-қыздың дұрыс өсіп-жетілуіне, білім алуына, саналы азамат болып ержетуіне ерекше мән беріп, бақылауда ұстаған жөн. 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Фото: көрнекілікке алынды