ДАНАГӨЙІ ХАЛҚЫМНЫҢ

Уақыты: 13.01.2019
Оқылды: 1440
Бөлім: РУХАНИЯТ
Әйгілі қаламгер, айтулы жазушы Мұхтар Әуезовтің: «Мен бір жақсы адамдармен жегжат болған екенмін... Димаш, бұйырса, иісі қазаққа ортақ ұл болғалы тұр, тіл-көзден сақтасын!»  деген сөзі талассыз ақиқат, таңданарлық көрегендік еді. 1912 жылғы 12 қаңтарда Алматы қаласында дүниеге келген Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атамыздың балалық шағы осынау көк-жасыл бау-бақша саясындағы көркем шаһармен тығыз байланыста өткені мәлім.
«Өтті дәурен осылай» деген кітабында әкесі Меңліахметтің өз заманының білімді азаматы, анасы  Зәуре Байырқызының осы өңірдегі Шелек ауылының тумасы екендігі жазылады. Жетпіс жылдан астам уақыт жұп жазбай ғұмыр кешкен Зәуре ана 86 жасында, Меңліахмет ата 90 жасында өмірден өткені белгілі. Ал  Дінмұхамед Ахметұлының 81 жыл 8 ай 10 күн өмір сүргенін жұрт жақсы біледі. Осы жасының 50 жыл 6 ай және 2 күнін асыл жары Зухра Шәріпқызы ханыммен өткізген.
1931–1936 жылдар аралығында Мәскеудің түсті металдар және алтын институтында білім алған Дінмұхамед Ахметұлы Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат кенішінде тау-кен инженері ретінде ауыр еңбекке араласады. Жас маман сол кезде 24 жаста еді. Осылай басталған еңбек жолы 1986 жылдың 16 желтоқсанына дейінгі 50 жылды тұтастай қамтыды. Қоңырат кенішінен басталған қадам Риддер полиметалл зауытында бастық, одан соң 10 жыл Қазақ КСР Халық комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары, 3 жыл Ғылым академиясының президенті, 7 жыл Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, ширек ғасырға жуық Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы сынды лауазымды қызметтерге ұласты. 21 жыл бойы КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының тұрақты мүшесі болып сайланған көрнекті саясаткер Д. Қонаев КОКП Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі, КСРО және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңестерінің депутаты болып бірнеше рет сайланғандықтан мемлекеттік дипломатиялық мақсатпен АҚШ, Қытай, Алжир, Уругвай, Иран, Италия, Үнді, Корея, Египет, Болгария, Жапония секілді елдерге халықаралық қарым-қатынас мәселесіне орай іссапарға шықты.
Ел экономикасының барлық саласындағы ілгерілеу көрсеткіштері ерекше тебірентеді. Соның ішінде ауылшаруашылық саласына тоқталсақ, Д. Қонаев басшылық еткен жылдарда қойдың саны 17 миллионнан 36 миллионға, ірі қара  4,5 миллионнан 9 миллионға дейін көбейді. 1955 жылы мемлекетке Қазақстан 7 миллион тонна астық тапсырған болса, ол кейінгі жылдарда 27-30 миллион тоннаға жеткізілді. Қазақстан мемлекетке жеті рет 1 миллиард, сегіз рет 900 миллион пұт астық тапсырды. Бұрын-соңды болмаған мұндай жетістікке Алматы облысының қосқан үлесі мол. Жалпы Дінмұхамед Ахметұлының басшылығы кезінде Қазақстан КСРО-дағы 15 республика бойынша Ресей мен Украинадан кейінгі 3-орынды иеленді. Осылайша үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын алуы, 8 рет Ленин орденін иеленуі               Д. Қонаевтың халқына қалтқысыз қызмет еткен биік парасат иесі екендігін әйгілейді.
Қажымас қайрат, айдынды ақыл иесі Д. Қонаевтың еліміздің келешегі жолындағы еңбегінің әлемге танымал болғанын Қазақстан жұртшылығы орынды мақтаныш етеді. Қызметінің қауырттығына қарамастан  әсем ән, тәтті күйді сүйсіне тыңдайтын, аңшылықты жаны сүйетін. Қатар жүрген үзеңгілес достары қарайғанды қалт жібермейтін мергендігіне тәнті болыпты. Ал  өнер десе ішкен асын жерге қоятын. Әйгілі күйші-композитор Нұрғиса Тілендиевті інісіндей еркелетіп, композиторлар Шәмші Қалдаяқов пен Ескендір Хасанғалиевті сүйсіне тыңдайтын. Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестрі, «Отырар сазы» оркестрі, Қазақ циркі, «Гүлдер», «Шертер», «Сазген», «Айгүл» ансамбльдерінің репертуарына, әсіресе, «Дос Мұқасан» ансамблінің орындауындағы «Той жыры» әніне дән риза болатын. Ермек Серкебаев, Бибігүл Төлегенова, ағайынды Абдуллиндер, Әлібек Дінішев, Айман Мұсаходжаева, Жәния Әубәкірова, Лаки Кесоғлу, Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева секілді эстрада жұлдыздары мен ұлттық ән-күй майталмандары Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов, Алтынбек Қоразбаев сияқты талантты тұлғалардың жетістігіне шынайы ризашылық танытатын. 1980-ші жылы Мәскеу Олимпиадасынан чемпион болып оралған Жақсылық Үшкемпіровті Дінмұхамед Қонаев қабылдап, әйгілі палуанды арқасынан қағып: «Бір жапырағым-ай...» деп ризашылық білдіріпті. Бұл әңгімені Жақсылық бауырымның өз аузынан естідік.
Замана көші Ұлы Даланың төсінде жарасымды береке-бірлігімен алға қадам басқан сайын Мәңгілік Елдің тарихындағы даңқты тұлғалардың келбет-бейнесінің ажарлана түсетіні ақиқат. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы тарихымызды түгендеп, айтулы тұлғалар тізбегіне есімі жазылған жандарды құрметтеп, болашағымызды айқын бағдарлауға үйретеді. Сол тізімнің басынан Дінмұхамед Қонаевтың асқақтай көрінері анық.
 
Болат БИСҰЛТАНҰЛЫ,
облыстық «Д. А. Қонаев қоғамдық қорының»
басқарма мүшесі-баспасөз хатшысы
Талдықорған қаласы