БАЛҚАШТЫҢ ТҰҢҒЫШ БОЛЫСЫ

Уақыты: 13.01.2019
Оқылды: 2633
Бөлім: РУХАНИЯТ

Ешкі сауса да елмен бөліскісі келіп тұратын кеңпейіл халық ертегі айтса: "ерте, ерте, ертеде" деп бастап, естір құлақты елеңдетіп қоятыны бар емес пе? Қызылаяқ мал жиса да қызығына түспеген бабамыздың жүрген жолына, кешкен ғұмырына әлгі аңыз-әңгімелер арқылы қанығып, қайта-қайта тыңдауға құмар болатынымыз содан-ау, сірә. Сол сияқты бүгінгі біздің тақырыбымыз ескіден жеткен құнды деректерге, халық қажетіне жарар мағлұматқа бай. Бірақ ол қиялға толы әрлі әпсана емес, нағыз ақиқат. Біз бүгін Жетісу жерінде өз алдына дербес отау болуды ықтияр көрген Іле-Балқаш болыстығы мен оның тізгінін ұстаған Сүндетбай Смайылұлының тағдырынан сыр тартпақпыз. Өңірімізде болған өрісті оқиғаларды осылайша жайсаң оқырманға жыл бойы жылымдап жеткізсек деген ниеттеміз.

Аруана даланың құшағы қандай кең болса, көңілі де дарқан ғой, шіркін! Ақеділ пейіліне аяқ батырсаң болғаны өне бойыңды бір сәруар самал шарпып өткендей, тынысың ашылып, кеудеңді кере сөйлегің келеді. Міне, қасиетті де өсиетті қазақ жерінің алақанына қонған Іле-Балқаш өңірі де сондай, ежелден елдің құтты қонысы, саялы мекені. Ауасы жұпар, алаботасы дәрумен. Ата-бабаларымыз ырысқа толы осы Іленің қос жағалауын жайлап, бірлігін бекемдеген. Оны тарих сабағынан талай рет естігеніміз бар. Осы маңды Ұлы жүз бен Орта жүздің көптеген ру-тайпалары қоныс еткенінен де хабардармыз. Бертін келе өлкеге Жалайыр руы шоғырланыпты. Ал олардың Іле-Балқаш өңіріне қалай қоныстанғаны жөніндегі әңгімеге келер болсақ, тағы да  тарихқа үңілуге тура келеді.
Сонау бір замандарда жоңғар-қалмақтардың шапқыншылығы салдарынан Жетісудағы қазақтардың көпшілігі Сыр бойына қоныс аударған еді. Кейін Байшегір мен Арықтыным рулары Сыр бойынан ата мекеніне көшіп келеді. Сол  кезде ел басқарған атақты Ескелді, Балпық, Қабылиса, Жолбарыс сияқты азаматтар көштің алдынан шығып қарсы алып, Іле өзенінің бас жағында отырған Құдеке деген байдың ауылына аялдатады.
Көш аттанып бара жатқанда Байшегір руының басшысы Тілеуғұл атқа мінер алдында Іле өзенінің төменгі жағына, яғни, Үш Қамауға үш рет қарайды. Мұны Қабылиса әулие ғана байқап қалады. Салт аттылар желе жортып Балықтының басына жетіп тоқтайды. Балпық би жан-жағы көк майса жерге қарап тұрып: 
– Қар қалыңдау түседі демесең, халықтың хал-жағдайына қолайлы жер екен, таяғыңды шаншы, Тілеуғұл, – дейді. Тілеуғұл басын шайқайды.
Бұлар Қараталды кешіп өтіп, Сарнақанның етегіне жетеді. 
– Қауға тартып, қауқар жұмсап жатпайсың, сай-саласы бастау екен, табындап сиыр, келелеп түйе, мыңғыртып қой, үйірлеп жылқы өсірсең де түңілмессің. Бәлкім, осы өңірді еншілерсің, Тілеуғұл, – депті Бапекең.
Тілеуғұл тағы басын шайқайды. Балпық би сәл ашуланыңқырап: – Оу, саған енді қандай қоныс керек? – дейді.
Әңгімені тыңдап тұрған Жолбарыс батыр: «Биеке, сабыр», – дейді. Сонда Қабылиса әулие мырс күліп: «Бапеке! Бұл Байшегірің Іленің төменгі Үш Қамауын ұнатып тұр ғой. Бағана атқа қонарда артына бұрылып үш рет қарады емес пе? Тілеуғұл алысты болжайды екен. Қойнауы құт, қысы жұмсақтау, жайылымы мол осы Іле өзенінің төменгі жағын Балқаш көліне дейін берсеңіздер деп тұр ғой. Біз емес, біздің ұрпақтарымыз, Байшегір, Арықтыным ұрпақтары шалғайлау құм ішінде өсіп-өнеді, тыныш өмір сүреді деп тұр, тілегін берейік», – дейді.
Аға сөзінен асып көрмеген Балпық әулие сәл сабасына түсіп: «Ал, Тілеуғұл, қоныстарың құтты, малдарың сүтті, балаларың жұпты болсын. Құдай оңдап, қыдыр қонып, еліңе дәулет, басыңа бақ берсін. Қарындарын тоқ, қайғыларың жоқ болып,  аталарыңның аруағы қолдап, еліңе тыныштық, береке әкелсін, әумин!» – деп батасын береді. 
Сөйтіп, төменгі Іле-Балқаш өңірі Байшегір, Арықтыным, Балғалы, Күшік, Қайшылы руларының еншісіне беріліпті. Содан бері Жалайырдың Сырманағынан тарайтын бес ата осы жерді мекендеп келеді. Ал енді  осы өңірдегі елдің басқару жүйесі қалай болған, соған көшейік.
Оларды бір ғана адам басқармаған. Әр атаның өз биі, болысы болған. Олар бір уезге қарайды. Атап айтатын болсақ, Байшегір мен Арықтыным рулары бір болыс ел болып, оны Жәлменде Байшығашұлы басқарады.  
Иә, оңтүстік Балқаш болысындағы екі мыңнан астам шаңырақтың тізгінін жеке дара ұстап отырған Жәлменде Іле бойын бөлуді, өз алдына бір болыс ұйымдастыруды жөн көрмеді. Алайда бел шеше іске кіріскен Ойшы Маясарұлы жердің шалғайлығын сылтауратып, Іле-Балқаш жағалауына қоныстанған қалың елді дербес өз алдына жеке болыс жасауға оқталды. Бірақ ол анау-мынау дейтіндей оңай шаруа емес еді. Бұл елеулі оқиға мұрағаттағы №42425 санды іс болып сақталған, 176 беттен тұрады. Бір болысты екіге бөлудің дайындығынан басталған жұмыс жер дауымен ұзаққа созылып барып, 1903 жылы сәтімен тиянақталыпты. Осы тұста мәлімет жинау барысында Зарыққан Әбілқасымұлының «Іле-Балқаштың тұңғыш болысы» еңбегіне жүгіндік. Архивте сақталған құжаттардың дені осы кітап бетінен орын алған. Сондай-ақ, біз зерттеу тақырыбымызды негізінен Сүндетбай қажыны бағдар етіп алғандықтан Балқаштың тұңғыш болысына қатысты-ау деген тұстарына ғана зейін қойғанымызды ескерте кеткеніміз жөн. 
Жәлменде Ойшыны райынан қайтаруға барынша тырысып бағады. Оған ат төбеліндей Байшегір мен Арықтынымды бөлуге болмайтынын, кейін балаларымыз жат болып, көрінгеннің аузында жем болатынын ескертеді. Не керек ақыры, Ойшының айтқанынан қайтпайтынын сезген болыс Іле-Балқаш болыстығы құрылса, басшылыққа сайлайтын кандидатын сұрайды. Ойшы өз руы Арықтынымнан қойса Байшегір руы шатақ шығарады деп, Байшегірден еті тірі, сөзі пысық Сүндетбайды көрсетеді.
Ойшы бай Сүндетбайды тегіннен-тегін болыс етіп сайламағаны анық. Оның бірбеткей өжеттігі, бастаған ісін соңына дейін тиянақты атқаратындығы, зерделі де зейінділігі көп үміт күттірсе керек. 
Сол тұста белсенділігімен көзге түскен Сүндетбай Смайылұлы 1896 жылдың көктемінде Іле-Балқаш бойындағы 1323 түтіннің сенімді өкілдері болып бекіп, халық атынан Жетісу облыстық әскери губернаторына хат жазады. Онда оңтүстік Балқаш болысынан бөліну себептерінің жай-жапсарын толық қағазға түсіреді. Сол уақытта жер дауы өршіп тұрған кезең болатын. Осы түйткілге тосқауыл қоюға оқталған ауыл баласы  жер дауы мен халықтың әл-ауқаты туралы жазылған құжаттармен жіті танысады. Оның мұсылманша сауаттылығы уезд бастығы мен әскери губернатордың тілін табуға таптырмас құрал болған. Ол облыстық басқарма кеңселерін жағалап жүріп, балқаштықтардың мұң-мұқтажын биліктегілерге жеткізеді. Содан да болар, болыс сайлауы жеткенде ояздағылар оның ілкімді ісіне көңілі толғандықтан кандидатурасына бәлендей қарсылық білдірмеген. 
Сөйтіп, XIX ғасырдың соңында өңірдің саяси сахнасына өзінің өткір тілді шешендігімен, айтқан сөзінен қайтпайтын өжеттігімен жас жігіт Сүндетбай Смайылұлы көтеріледі. Араға біраз жыл салып, оның есімі бүкіл Жетісу аймағына белгілі танымал тұлғаға айналатынын сол тұста байлықтан басы айналған Ойшы бай түгілі сұңғыла Жәлменде де аңғармаған еді.
1897 жылдың қаңтарында Ресей империясы қол астындағы халықтың санағын алуды жоспарлап, көп ұзамай оған кірісіп те кетті. Қапал уезіне жеткен пәрмен оны шұғыл әрі қысқа мерзімде аяқтап шығуды нақтылады. Жер бөлісудегі түйінді мәселенің оңды шешілуін өз қадағалауына алған дөкей барон Таубе Жетісу облыстық әскери губернаторына бұл істі созбалаңға салмай тез арада бітіруді тапсырады. Қол астындағыларға патшаның жоғарыдан келіп түскен жарлығы ешкімнің басынан сипамайтындығын  түсіндіреді.
Қапал уезінің бастығы Константин Петров қона жатып, 16 ауылдың тұрғындарын мал-мүлкімен қоса түгелдей дерлік санақтан өткізеді. "Сабақты ине сәтімен" дегендей бұл санақ Іле-Балқаш болысында алғаш рет болыс пен ауыл билерін сайлау жөнінде үлкен науқанға жол ашып береді. Жас Сүндетбайдың санақ кезіндегі белсенді жұмысы жоғарыдағылардың көңілінен шығады. 
Осы тұста айрықша бір мәселенің басын ашып алуға тура келеді. Оның өзіндік себебі де өте өзекті. Күні бүгінге дейін Ойшы бай болыс сайлауы кезінде Сүндетбайдың жасын жасырып, ояздың алдына барғанда 25 жаста деп көрсетілген әңгіме шындыққа бергісіз. Алайда Сүндетбай қажының ұлы Нұғыман 1957 жылы жазған өзінің өмірбаянында әкесінің 1872 жылы туып, 1921 жылы қайтыс болғандығын көрсеткен. Бұл арада жоғары білімді мұғалім Нұғыманның жаңсақтыққа ұрынуы мүмкін бе? Яғни, Сүндетбай болыс сайлауына түскенде, он сегіздегі түбіт мұртты бозбала емес, 25 жастың жалына жармасқан нағыз жігіт болып шығады.
–  Сүндетбай қажының өмірбаянын зерттегенде алдымен анықталатын мәселе – туған жылы мен өмір сүрген уақыты. Бұл дұрыс анықталмаса ол туралы жаңсақ пікір қалыптастырады. Алдымыздан бір-біріне қайшы екі дерек кезіккенде қайсысына жүгінерімізді білмей тығырыққа тірелдік. Оған қоса, 1897 жылғы болыстың сайлау парақшасында Сүндетбай Смайылұлы 35 жаста деп көрсетілгені тағы бар. Дәлірегінде парақшаны толтырушылар қателікке бой алдырса керек, – дейді Зарыққан Әбілқасымұлы.
Жәлменде дүниеден озған соң Ойшы айтқанын істеп, Сүндетбайды болыс сайлатады. Алайда жас болыс байдың дәргейіне бас бермей, оның халықтан алатын өсімін тоқтатады. Кедей шаруаларға, жетім-жесірлерге озбырлық жасаған билер мен байларды аяусыз жазалап отырады.
Сол сәтте патша өкіметінің отарлық әкімшілігі өз саясатын жүргізу үшін рулық құрылысты сақтап, оған лайық әлеуметтік қатынастарды қоздыра түсу арқылы басқарудың тиімді  екендігін түсінді. Шынында да мұндай саясат оларға қолайлы нәтижелерін берді де. Жас болысқа сөзі өтпегендер Сүндетбайдың үстінен арыз ұйымдастырды. Сөйтіп, «билердің төтенше съезіне қарапайым қазақты қатыстырады» деп кінә тағып, жеті тәулік гауптвахтаға қамауға кесім шығарылды. Ақыры қарсы топ Іле-Балқаштың тұңғыш болысының аяғынан шалып жығып, ел алдында бір мұқаттық деп миықтарынан күледі. Өйткені ол уақытта істі болған адамның сайлануға қақысы жоқ болатын. 
Шынында, Іле-Балқаш өңірінде қаншама болыс пен билер өмір сүрген, бірақ солардың ішінде Сүндетбай Смайылұлының есімі ұмытылмайды. Оның себебі, елдің ауызбірлігін сақтауға баса ден қойып, көңіл бөлуінде және қара халықтың қамын күйттеп жер дауы мен жесір дауын өршітпей әділ шешуінде жатыр. Ол, сөз жоқ, өз заманының алдыңғы қатарлы адамы болды. Жаны жақсылыққа жақын тұрды. Өмірдің өріне тартып, уақыттың үрдісінен қалмады. Алланың нұрына бөленген Қағбаға зиярат етіп, қажы атанды. Ойға жүйрік, сөзге шешен әрі домбырамен ән салатын өнері өз ортасында шоқтығын биіктетіп, абыройын тасытты. Сөйтіп, жүрегі шайлыққан халықтың жүзіне күлкі ұялатуға тырысқан Сүндетбай Смайылұлы 1921 жылы 49 жасында бақи дүниеге  аттанды.
Арада 2 жыл өткен соң Кеңес өкіметі өзінің ұстанған саясатын  насихаттау мақсатында  үш жүзге сауын айтып, Сүндетбайдың үлкен асын ұйымдастырады. Аста жыр сүлейлері Қалқа Жапсарбаев, Кенен Әзірбайұлы,Үмбетәлі Кәрібаев айтысып, болыстың ерлігін жырларына арқау етеді. Бұл елеулі оқиға тарих парақтарынан өз орнын алып үлгерді.
Иә, өлі риза болмай тірі байымақ емес. Бүгінде Балқаш ауданына қарасты Көктал ауылында артында қалған ұрпақтары баба зиратына тәу етіп, басына құлпытас орнатып, күмбезін қайта ретке келтірді. Ауыл мектебінен шағын музейін ашты. Көптің қалауымен көше атауын да берді. Кеңесбай Сүлейменов сынды ел ағалары «Сүндетбай болыс» атты кітаптың жарыққа шығуына жол ашты. Енді аудан орталығы Бақанас аулынан көше атауы беріліп, ескерткіш қойылса деген ел тілегі бар. Өр рухың болмаса, ұлтың да, жұртың да сау болмасы хақ. Осындай рухты тұлғаларды дәріптеу арқылы біз келешектің кемелдігіне негіз бола аламыз.

Мұхтар КҮМІСБЕК