ӘБІЛХАН ҚАСТЕЕВТІҢ ШӨБЕРЕСІ ҚОЛДАУ КҮТЕДІ

Уақыты: 27.01.2019
Оқылды: 1155
Бөлім: РУХАНИЯТ

Назарбаев университетінде Self-made жастар форумы өтті. Шараны Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығы Жастар жылының ашылуы аясында, жетістікке жеткендердің көшбасшылық құпиясын кәсіпкерлікке енді бет бұрып келе жатқан жандарға жеткізу мақсатында ұйымдастырған, - деді egemen.kz.

TEDx форматында өткен шарада спикерлер өздерінің табысты кейстері, кәсіпкерлік саласындағы мемлекеттік қолдау және жастар саясаты туралы әңгімелейді, кәсіпкерлікті бастау мен оны дамыту аясында білгенімен бөлісті. Форум негізінен жас кәсіпкерлердің  аграрлық сектордағы, ғылымдағы, жеңіл өнеркәсіптегі, жасыл технологияларды дамытудағы бизнес бастамаларын, стартап-жобаларын қолдауды көздейді.

Іс-шара барысында кәсіпке бет бұрған жандардың жұмыстарын көрсететін көрме ұйымдастырылған. Көрмеде қазақы нақышпен заманауи материалдардан тігілген костюмдер көзге жылы ұшырасты. Көркем жұмыстардың иесін сөзге тартқанымызда оның әйгілі Әбілхан Қастеевтің шөбересі екенін білдік. Қазақ Ұлттық өнер университетінде «Костюм суретшісі, театр және кино» мамандығының 4 курсында оқитын Айсәнім Қастеева көрмеге қойылғандар – семестр сайын өткізетін емтихан жұмыстары екенін айтты. Студенттің дипломдық та емес, көп емтихандарында тіккен киімдері мен істеген бұйымдары шынында көз тартарлық. Бір киімнің арқасына ұзатылғалы тұрған қыз келбетін бейнелесе, екінші бірінде ұзату алдындағы сәукелелі қыз бен оны шығарып салып тұрған сұлу құрбысының қимастық сезімін суреттеген.

«Өзімнің авторлық оюларым бар, атамның қалдырған бай мұрасы да біразға азық. Соның бәріне оқу орнында жиған білімімді қосып, киім арқылы ұлтымыздың дәстүрлерін көрсеткім келді», дейді ол. Айсәнім шараға «Шеберлер альянсы» қоғамдық қорының шақыртуымен келген. Ағылшын тілін жетік меңгерген шебер қыз болашақта ұмытылып бара жатқан әдет-ғұрыптарымызды ағылшын тілімен қатар үйретуді көздейді. Әлемде қазір брендке айналған тілдің арқасында ұлттық нақышты да қайта жаңғыртуды жоспарлайды. «Осындай бағытта оқытатын балалар орталығын ашқым келеді. Жоба көп, қаржы жағы қинайды, жолымызды кескестейді. Осы форумға сол мәселемді шешу ниетінде келдім, меценаттардан қолдау күтемін», дейді ол.  Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасарлары Леонид Прокопенко «Достық үйінен» шеберхана беруге уәде етіпті.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»