ТАЛДЫҚОРҒАН: ҚЫЛҚАЛАМ ШЕБЕРЛЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 18.06.2019
Оқылды: 1679
Бөлім: РУХАНИЯТ

«Өлке өнері» тақырыбымен бастау алған облыстық кәсіпқой суретшілердің байқауы өз мәресіне жетті. Қатысушылардың туындылары Көркемөнер галереясында көрмеге қойылып, жеңімпаздар марапатталды.

Шара Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы аясында ұйымдастырылды. Оған облыстың әр өңірінен қылқалам шеберлері қатысып, өз бақтарын сынады. Марапаттау салтанатында сөз алған облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев:

– Бейнелеу өнері – үлкен шығармашылықты талап ететін дүние. Суретті сызып қана қоймай, оған жан бітіру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ол үлкен қиял мен аса шеберлікті талап етеді, – дей келе, өнерлі жандарға әрқашан қолдау бар екендігін жеткізді.

Байқау нәтижесі бойынша үшінші орынды Тілеш Намазбеков, екінші орынды Сапар Қасен, бірінші орынды Шәміл Османов иеленді. Ал, бас жүлдені Айдар Асқаров еншіледі. Жеңімпаздарға Мақтау қағазы мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Шара соңынан Әйгерім Досупова мен Гүлнара Ожарова Қазақстан Республикасы Дизайнерлер одағына мүшелікке өтіп, куәліктер табысталды. Сондай-ақ, Мөлдір Қасымбекова ҚР Жас суретшілер одағының мүшесі болып қабылданды.

Шараға қатысып, бас жүлде алған Айдар ТҰРҒЫНБАЙҰЛЫ есімді суретші: "Бала кезімнен шимақтап, ойымдағыны қағазға бейне ретінде сызғанды ұнататынмын. Сөйтіп, қолөнермен айналыса бастадым. Бүгінде осы салада жүргеніммен, негізі мүсінші болып қызмет атқарамын. Шығармашылықпен айналысып жүргеніме 25 жылдай уақыт болыпты. Көрмеге қойылған жұмыстар арасынан қонақтар жеріміздің дарқан табиғатын, тарихын, тақырыптық картиналарды және тағы да басқа жанрларды көре алды деген сенімдемін", - деді.

Аймарал ОМАР

Талдықорған қаласы