ТАЛДЫҚОРҒАН: ЖҰМАХАН БАЛАПАНОВҚА ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛДЫ

Уақыты: 25.10.2019
Оқылды: 3421
Бөлім: РУХАНИЯТ

Талдықорған қаласында экономика ғылымдарының докторы, профессор, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы болған Жұмахан Балапановқа арналған ескерткіштің салтанатты ашылуы болып өтті.

Ескерткіш Ж.Балапанов және Д.Қонаев көшелерінің қиылысында қала көркіне сән беріп тұр. Салтанатты жиында алғашқы сөзді облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов алды.

"Бүгінгі бой көтеріп отырған ескерткіш иесі Жұмахан Балапанов – тарих беттерінде есімі қалған өр тұлға. Ғұмырын еңбек пен ғылым жолына арнап, адамзаттық болмыстың жоғары деңгейіне көтерілген ұлар азамат. «Ел іші - алтын бесік» дегендей, Жетісу топырағына кіндік қаны тамып, халық игілігі үшін жұмыс атқарып, ел экономикасының көркеюіне үлесін қосып, ғылым саласының өркендеуі жолында еңбек еткендігін зор мақтанышпен айтамыз. Саналы ғұмырында 140-тан астам ғылыми еңбек жазып, 10 шақты монография және көптеген оқулықтар мен кітаптар жазу – үлкен еңбектің нәтижесі. Мемлекет және қоғам қайраткері ретінде танылған еңселі тұлғаның атын дәріптеу – бүгінгі ұрпаққа аманат. Тұғырлы ескерткіш пен шағын саябақ қаламыздың көркіне көрік қосады деген сенімдемін. Ел жүрегінен орын алған, өнегелі ісімен тарихта ізін қалдырған тұлғаларды ұлықтау біздің – парыз", – деді Лаззат Махатұлы.

Келесі сөз кезегін Жұмахан Балапановтың жары Балкен Балапанова алып, жасалып жатқан құрмет үшін барлығына басын ие алғысын білдірді. Толқыған жүректен жанды тебірентер сөздер төгіліп, бірге ғұмыр кешкен жылдардағы жылы естеліктерімен бөлісті. Қай кезде де елім-жұртым деген азаматқа аяулы жары әр кез қолдау көрсетті.

Жиында ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Ахмет Кендірбек «Ағаға арнау» өлеңін оқып, халықтың қошеметіне бөленді.

Салтанатты шараның соңында жиналған жұрт естелік тақта жанына гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсті.

Аймарал ОМАР

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ