АЛМАТЫДА ӘЛИЯ НАЗАРБАЕВАНЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН ӨНЕР КӨРМЕСІ АШЫЛДЫ

Уақыты: 30.10.2020
Оқылды: 958
Бөлім: РУХАНИЯТ

Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының өнер мемлекеттік мұражайында «Бұл таңғажайып әрі нәзік әлем» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.

Қазақстанның экологиялық қауымдастығы ұйымы мен «StopMusor» әлеуметтік жобасының шеңберінде ұйымдастырылған суреттер көрмесі келушілердің назарын аударып, қалада да, табиғат аясында да қоқысты өнер туындысына айналдыруға болатындығын ұғындырды.

Шараға арнайы қатысқан "Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігі (ЗТБ) президиумының төрайымы Әлия Нұрсұлтанқызы, ҚР Мәдениет және спорт министрінің кеңесшісі Ерлан Жұрынбаев, "Филипп Моррис Қазақстан" ЖШС басқарушы директоры Хуан Карлос Эскобар көрменің лентасын қиды.

Шараны "Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы" ЗТБ басқарма төрайымы Айгүл Соловьева жүргізіп, Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайының директоры Гүлмира Шалабаева, Қазақстан Суретшілер одағы басқармасының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов мұражайдың бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырды. Сондай-ақ, «StopMusor» әлеуметтік жобасының шеңберінде ұйымдастырылған суреттер көрмесінің экологиялық мәселелерді шешудегі өнегелі тұстарын әңгімеледі.

Суреттер топтамасы әртүрлі техниканы қолданумен қайталама материалдардан орындалған шығармалардан құралатын 30-дан астам танымал қазақстандық шебердің еңбегінен тұрады. Ондағы Нэлли Бубэ, Мұхит пен Руслан Ақанаевтар, Сәуле Сүлейменова, Жәмила Тәкен, Шаттық Батан шығармалары, сондай-ақ, өнер жолын жаңадан бастаған Алмас Нұрғожаев, Нұрболат Асқар, Камила Баянова, Равиля Нарегеева, Темірәлі Нәжімиденовтің шығармалары ұсынылған.

Аталмыш көрме 6 қарашаға дейін ашық болады. Айталық, «StopMusor» жобасы халықтың сауаттылығы мен әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, сонымен қатар, тұрғындар арасында тұрмыс қалдықтарын жауапты жоюға мәдениетті тәрбиелеуге бағытталған. Демек, аталмыш көрме сол ойдың жүзеге асуына дем бермек. Сондықтан, уақытыңыз болса, мұражайға бас сұғып, көрмені тамашалап кетіңіз. Көкейіңізге көп ой түйеріңіз анық.

Қажет АНДАС

Алматы облысы