ӨШКЕНІМІЗ ЖАНДЫ: "ОРАҚТЫ БАТЫР" ТАРИХИ ДРАМАСЫН КӨРГЕННЕН КЕЙІНГІ ОЙ

Уақыты: 02.11.2020
Оқылды: 1665
Бөлім: РУХАНИЯТ

Қабырғасы хан ордасының уығындай тәует басты тұлпарды тізгіндеп, күллі Түркінің қасиетті топырағында қабыландай жортуылда жүрген қайран бабалар! Сере қардың көбесін көкірегінің жалынымен жібіткен, семсер жүзі серттесіп, көксеңгір тауларына, көк жазира бауларына көз тіккен қаншама қонтайшы-қолбасшылардың, сұлтандар мен хандардың басын допша домалатты десеңізші! Алып Ер Тұңғадан тұтанған рухтың шырағы Мөдеден тартып, ат кекілі тірелген кеңістікті дәргей-хақына келтірген ұлы Шыңғыс бабамызға ұласып, дарқан даланы даңқ дақпыртымен тербеген қаншама батырлардың кеудесінде лапылдап жанды екен?! Селебесінен қан кеппеген қасиетті ғасырлардың қасіретті оқиғаларында ұлт ошағы сөнбеуі, ұлы өскіні сембеуі үшін күлік жалында күнқақты ғұмыр кешкен сол баһадүрлердің әрбірінің асқақ тұрпаты, болмысы мен ерлік қиссасы – ұлт тарихының тамырлы тармағы емес пе еді?! Алты Алаштың ноқта-ағасы саналған жалпақ жатқан Жалайырдың алдаспан перзенті Алшағырұлы Орақты батыр бейнесі сахналанған тарихи драмасынан кейін жау қолын жалғыз жапырғандай рухтана отырып, осындай тебіреністің термесін кеудеде тулаттық.

Алты Алаш жолында алшайып тұрып сөйлеген Алшағырдың ұлы Орақты батырдың ерлігі мен өрлігі театр тілінде сөйледі. Бикен Римова атындағы облыстық драма театры ұлт батырының бейнесін сомдап, руханиятқа тағы бір тың туындыны ұсынды. Көңілді көкжиекпен астастырып, рухты асқақтатқан тарихи драма сахналанбас бұрын бірқатар игі шара шымылдығын түрді.

Әуелі С.Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханасында белгілі журналист Серік Сарыбай мен Гүлжан Қызайбай құрастырған «Орақты батыр» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. Өз кезегінде облыстық драма театры қабырғасында баспасөз мәслихаты өтіп, баһадүр бейнесі сомдалатын тарихи драма туралы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Мәрлен Көлбаев, Д.Қонаев атындағы Еуразия заң академиясының ректоры, профессор Өмірәлі Жалайыри, облыстық мәслихат депутаты Серік Мұқанов, тарихи драма авторы, белгілі қаламгер-журналист Серік Сарыбай, қоюшы-режиссер Ерлан Кәрібаев тебірене термеледі. Асқақ рухтың өзегіндей болған өр тұлғалы батырдың ұлт тарихынан алатын орнын, ұлы ерліктеріне тоқталып, драма жайлы журналистер сауалына жан-жақтылы жауап берді.

Өз кезегінде ел руханиятына қосылған тың туынды сахналады. Шыңыраудан шыңғы көтерілгендей рух асқақтады. Тебіренген әрбір көкіректегі көрермен жүрегі шашасын шаң қаппаған тұлпардың шеке тамырындай бүлкілдеп қоя берді.

Емініп келген жауына құрыш қалқан болған Керей мен Жәнібекті ауыздықтамақ сұс танытып, алты аталы Алашқа астамси қараған Әбілқайыр шаһтың қазақ ұлысына уын шашқан кезеңінде Орақты батыр ерлігімен дәуірлеп тұрған. Ала шапан астында аярлықпен күн кешкен шаһқа тіс қайраған қазақтың сұлтандарының ірге бөліп, хандық құрар мезгілі жеткен. Осынау толғақты кезеңде күркіреген күндей туырлықты елді тықсыра қыспаққа алған сыртқы жаулар да аш бөрідей анталай түскен. Жау алқымдар шақта пейілі бұзылған Әбілқайырдың ниетінен түңілген сайын даланың сұлтандары хан ордасында күнде керісіп, күпсектемей кесім айтып, күлбілтелемей ел жайын талқыға салатын.

Міне, осы бір шатқаяқтаған шақта толғамалы семсерін сертке ұстаған сайын даланың сайыпқыраны, дауылпаз батыры Орақты пейілі бұзық Әбілқайыр ханның ақ жүректі қарындасы Аққозымен Қожақ арқылы серт байласады. «Хан тұқымына қарадан шыққан жылқышының перзенті лайық па?» деген озбыр хан бұл махаббаттың шырағын сөндіруге тырысады.

Иә, алты Алаштың ақ баталы ноқта-ағасы ұлы Жалайырдың асыл нәсіліне астамси қарап, жолына кесе-көлденең тұруы ханның тақ-тағдырының тәмамдалар шағы екенін ол кезде ала шапанды аяр шаһ білмеген-ді. Орақтыны ит тепкінің астына алып, зынданға салып, Аққозыны арманынан айырды. Сөйтіп, алшайтып тұрып арғымақ мінген Алшағырдың хан ордаға қазақ қолын бастап келіп, кетісуіне себеп болды. Шешендік пен көсемдіктің, өктемдік пен өрліктің шарықтау шегін көрсеткен Алаштың Алшағыры Орақтыны ордалы жылан інінен алып шықты. Алайда қапастан қасқырдай кек арқалап шыққан батырдың жүрегіне Аққозының өлімі қанжар сұққанмен пара-пар еді.

Тектіден шықса да, төмен етекті үшін ұлы қорғанындай болған батырмен бітіспес жауға айналған Әбілқайыр дәурені де бітуге таяу. Десе де, шұбалаң құйрық шұбарды тайпалтып, ұлы мұрат жолында Әбілқайыр хандығын анталаған жаудан Орақты батыр қол бастап барып қорғап қалды. Кектің көбесін ел үшін сөкті. Қатқан кекті бір сәт ұлыс үшін ұмытты. Сонда да Әбілқайыр жалпақ жатқан Жалайырмен айыбын мойындап бітіспеді. Керей мен Жәнібекті көзге ілмеді. Ақыры еркін елдің енші бөліп кетуіне жол ашты. Көзсіз соқырлығы басына сор болды.

Тауанды тарихтың осы бір оқиғасы сахна тілінде сөйледі. Премьерадағы әрбір эпизод көрерменді өткенге еріксіз сана жетелеттіріп, желпіндіріп, рухын көтеріп, жанарына жас үйірді. Қазақ хандығының құрылуына текті тегершік болған Орақты батырдың асқақ тұрпаты көз алдымызға келді. Ұлы Шыңғыс ханнан тартып, қаншама тұлғалардың есімі, кесімі құлақта жаңғырды. Үш жүзден құралған қазақ елінің әрбір руының аты аталып, алты Алаштың аруғы қозғандай болды.

Белгілі журналист, қаламгер Серік Сарыбайдың «Орақты батыр» тарихи драмасы шын мәнінде жақсы сахналанды. Автор тарихи оқиғаларды тұтастыра отырып, кешегілердің рухын, шешендігі мен ерлігін драмаға салып көркем жазып шыққан. Әсіресе, автор одыраңдаған ойратты жеңген Орақтының аузына: «Әбілқайыр тамыры шіріген бәйтерек, қатты дауыл соққан күні құлайды», – деген сөз салады. Сол секілді алдымдағы хан екен деп шімірікпей дат айтқан Алшағырға Әбілқайырдың: «Алайып тұрып сөйлемесең, Алшағыр болармысың?», ал сол Алшағырдың аяр ханға: «Хан тағына отыру халықтың ниетінен. Халқыңның ниеті айныса, тақта отырдың не, таста отырдың не бәрібір», – деуі автордың жанкешті ізденісі мен кешегілер пәлсапасын тірілтуге күш салуынан туындаған ұтымды диалог екені анық. Жалпы, автордың бұл драмасы ұлт қоржынына қосылған ғажайып қазына екені даусыз.

«Орақты батыр» премьерасының қоюшы-режиссері Ғ.Мүсірепов атындағы Балалар мен жасөспірімдер театрының актері Ерлан Кәрібаев қойылымды жоғары деңгейде сахналай білген. Әсіресе, батырлардың шайқасы, бәйгені ойнатуы ерекше тебіреніске жетеледі. Әбілқайыр ордасындағы су жыландай сұмаңдаған жандайшаптарының  хан орданың тесігінен мұмаңдап шығып, ирелеңдеп кіріп жүргені соны соқпақтай көрінді. Қазақ хандығын құрған қос сұлтанның ордадан еншісін бөліп алып кетуін – Сарай бейнесіндегі матаны кесуімен шебер қолданған.

Жалпы, жекелей тарқатар болсақ, қойылымдағы әрбір эпизод, әрбір штрих режиссердің соны ізденісін айғақтайды. Айта кетерлігі, Бикен Римова театрының премьераға қатысқан әрбір актері тарихи драманың жоғары деңгейде сахналануына күш салған. Шеберліктің шыңынан көрінген. Театрдың әлеуеті, мүмкіншілігі өте жоғары. Бұл қойылым барысында Бикен апа театрының әрбір актеріне көрерменнің шексіз махаббаты байқалып тұрды.

Серік Сарыбайдың «Орақты батыр» пьесасы сиясы кеппей жатып сахналанды. Бұл қойылымда ұлы бабалар тұрпаты көз алдымызға келді. Өшкеніміз жанды. Тарихымыз тағы бір толайым шығармамен толықты. Алаш ұранды қазақтың қайсарлығы, ұлы кеудеде жатқан нажағай намысы, кемел көсемдігі мен шалқар шешендігі, Жалайырды ноқта-ағасы деп төбеге көтерген ұлттық құрметі, ізгі ізеті сахнада көрініс берді. Текті елдің тұтас болмысынан шым-шымдап тамыр тартқан шығарма автордың ғана емес, қойылымға қатысы бар әрбір шығармашылық топтың шеберлігін айғақтады.

Десе де, кешегі сындарлы кезеңде қазақ үшін қам жеген, жортуылда жүріп күн кешіп, көкқасқа құрмалдық болып, бүгінде ел жадынан шыға бастаған Құндақбай, Омарбек сынды тарихи тұлғаларды тірілтіп, ұлттық руханиятқа өзіндік үлесін қосып келе жатқан Серік Сарыбайдың Алшағыр ұлы Орақты батыр туралы жазған пьесасы халықтың шөліркеген шағында тапқан кәусар бұлағындай құнды шығарма екені анық. Мұны тамырлы тарихтың қатпарына сана жетелетіп, үлкен тебіреніс құшағында қойылым тамашалаған зиялы қауым мен қарапайым көрерменнің жанарынан премьера соңында оқып та үлгердік.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Фото - Аслан ҚАЖЕКЕ

Алматы облысы