АҚЫН ТҰМАНБАЙ МОЛДАҒАЛИЕВ ТІРІ БОЛСА, БҮГІН 86 ЖАСҚА ТОЛАР ЕДІ

Уақыты: 20.03.2021
Оқылды: 1832
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Ол уақыт бұрын да атағын алыстан естіп, жырларын жастана оқып, жаттап өскен ақын ағамызды танымал тұлғаларымыздың мерейтойлары мен әдеби жыл қорытындысы секілді одақта өтіп жататын кезекті жиындарда сыртынан көріп сүйсініп, реті келсе жиналыс соңынан қалың көпшілікпен келіп, имене сәлем беруден әріге бара алмайтын балаңдау кезіміз еді.

«Жастықтың мініп тұлпарын» демекші, жанымызға жай таптырмайтын бозбала күнімізде топты жарып, той басқаратын да өнеріміз бар еді. Сондай бір думанды шақта жақын туыстарымның баласы үйленіп, сол тойды басқаруыма тура келді. Тойға жай адамдар емес, кезінде облыс, республика деңгейінде қызмет атқарған үлкен-үлкен лауазым иелерімен қоса ақын-жазушы ағаларымыз да құрметті қонақ болды.

Сол тойдың төрін толтырып, ел назарын ерекше аударған екі тұлғаның жарқын бейнесі күні кешегідей көз алдымда. Біреуі белгілі жазушы, қайраткер бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінің сол кездегі бас редакторы Балғабек Қыдырбекұлы, ал екіншісі жырлары тұма бұлақтай Тұманбай Молдағалиев ағамыз еді.

Асабаның әдеті бойынша тілек айтушыларға кезек берерде тіліңнің жеткенінше бар мақтау мен марапат сөздеріңді аямайтының, көпіртіп көпшік қоятының белгілі ғой. Кімге не деп мақтау айтқаным есімде жоқ, әйтеуір, сөз асылын салмақтап, тіл құдіретін қадірлейтін осы екі тұлғаға деген менің ықыласым мен ниетім бөлек еді. Себебі, бұл кісілерді жұртқа таныстырудың да керегі шамалы. Өйткені, жұрттың бәрі таниды. Асыра мақтаудың да қажеті жоқ. Иісі қазақ мақтанатын тұлғалар емес пе?! Артық қыламын деп тыртық қылмау жағын да ойдан шығармай, қысқа әрі нұсқа, мәнді де сәнді етіп жеткізсем деген оймен табан астында Тұманбай ағаға сөз берерде тілімнің ұшына оралған сондағы төрт жол өлең мынау еді:

Сызылған қыздай қылықты,
Тұманбай ағам біртуар.
Тұманбай сынды талантты,
Ғасырда қазақ бір туар.

Бұл осыдан тура отыз бір жыл бұрын қазақтың тума талант ақыны, Қазақстан Ленин комсомолы, Абай атындағы мемлекеттік, Физули атындағы халықаралық сыйлықтарының иегері, Тұранның Тұманбайы атанған тума талант, тұлғалы ақынымыз Тұманбай Молдағалиевке арнаған ең алғашқы лебізім еді.

Сол бір сәтте аспайтын да таспайтын, сөз сөйлеуден саспайтын, жүрісі де, тұрысы да маңғаз, марғасқа ағамыздың ерекше бір мейірім мен шапағатқа толы келбетін ашық көз әйнегінің аржағында күлімсіреп тұрған көз жанарынан анық байқадым. Бойымды бір ерекше шабыт буғандай шадыман шалқар көңілмен мақтаныш сезіміне бөленгендей әсерде едім. Себебі, халқы қадірлеген тума талант иесі, тау тұлғалы Тұманбай ағаның қасындамын. Жай ғана қасында емес, жүздеген жұрт алдында қолын алып амандасып, сөз беріп тұрған жайым бар.

Міне, Тұмағаңмен кездескен осы бір әсерлі де әдемі сәтті ұзақ уақыт жыр етіп, жұртқа айтып та жүрдім. «Тұманбай ағамен бірге болдым. Тұманбай аға төрде отырған тойды басқардым. Сол тойда тілек айту кезегінде Тұманбай ағаға мынандай өлең жолдарымен сөз бердім», – деп құдды бір дүниені төңкергендей жүрген жерімде жар салғанымды несіне жасырайын?

Жылжып жылдар өтіп жатты. Тұмағаммен жүздесіп, сұхбат құруды армандап жүргенде ол кісімен жақын араласып, танысуыма себепші болған өзімнің ұстаз ағам, белгілі ұста, қолөнер шебері:

Жарасқан басыңдағы қырауың да,
Өзіңсің ақыным да, жырауым да.
Туылған менен кейін жарық сәуле,
«Қазатком» деп аталған бір ауылда
, – деп жыр арнаған Тұманбай ағамның өз інісі, өнерлес, жерлес бауыры Дәркембай Шоқпарұлы болатын. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, сол Дәркен ағамның шәкірті әрі сырлас інісі бола жүріп, ұлтымыздың небір  ұлағатты да ұлтжанды  ұл-қыздарымен танысып-білісіп араластық қой.

Кейін көптеген мектеп мекемелері мен Еңбекшіқазақ ауданы әкімшілігінің ұйымдастыруымен өткен шығармашылық кештерде жиі жүздесіп, ақын ағаның алдында саханаға шығып сөз сөйлеп, өлең де оқитын дәрежеге жеттік. Сөйтіп, Тұманбай ағаның бір сәтке де  өлеңсіз өмір сүре алмайтын өзгеше жаратылған жан екенін  байқадым. Ол кісінің  өзі де реті келгенде бұл әдетін үлгі-өнеге етіп айтып отыратын еді.

Елін сүйді, жерін сүйді. Тауды-тасты, өзенді-көлді, айлы түнді, аппақ Ай, ашық аспанды, жігерлі буын жастарды, жымыңдаған көктегі жұлдызды, бір-біріне ғашық болған, кездесуге асық болған ұл-қызды, тамылжыған табиғатты, мейірім мен шапағатты, мәңгі өлмейтін махаббатты, бәрін-бәрін жырына арқау етті.

Бір сөзбен айтқанда, Тұманбай ақынның тілге тиек етпеген тақырыбын табу қиын. Бұл нені білдіреді? Өлеңге деген өлшеусіз махаббат пен өмірге деген сүйіспеншіліктің шынайылығы. Адамды сүйді, сүйіндірді. Өзінің Алладан берілген адалдығы мен табиғи талантының арқасында өзін де шексіз сүйдірді.

Ақын ағамыздың өз сөзімен айтсақ: «Ғашық бола білген жанның ғана бойынан жылуы мәңгі жоғалмайды, қызығы тоналмайды, бақыты жоғарылайды». Адамдарды сүйгендіктен ғана жарқыраған жақұт жырларын жіпке тізген моншақтай етіп, ішке бүккен мұңын да, сырын да алдыңа әкеліп жайып салады.

Тұмағамның жүрегінде иненің жасуындай да жасырын сыр қалмайды. Жаратушы тәңірім өнер атты киелі ұғымнан әр адамға үлес бөліп бергенде біреуге мысқалдап, біреуге тұспалдап, біреулерге жиып-теріп, шанда біреуге үйіп-төгіп беретіні секілді сол Тұманбай атты алып ұлына ақындық қуатты аямай жиып-теріп те, үйіп-төгіп те барынша артылтып, тасытып бергенге ұқсайды.

Келем кейде Алматымда жаяулап,
Келем кейде арман қуып, ой аулап.
Жапырағын баяу ғана қозғайды,
Түніменен ұйықтамаған, ұйықтамаған ояу бақ.

Немесе:

Жұлдыздар жерге жақындап,
Байланып қалған секілді.
Қаз-қатар өскен тату бақ,
Ойланып қалған секілді.

Мұндай сұлу суреттерді суыртпақтап тарта берсең түгесіп болмайсың, шумақ-шумағымен шыға береді, шыға береді. Бұл шынында ғасырда бір туатын Тұманбай сынды біртуар таланттың ғана еншісіне бөлінген сыбаға демеске шараңыз жоқ.

Өнер туралы, өлең туралы сырласқанда Тұмаш ағамның жанарынан жалын ұшып, жүрегі көкке алып ұшып, шабыттың шаңқан бозына мінгендей шамырқанып шарқ ұрып, талай шалқыған кезінің де куәсі болдық. Сондай сәттегі өлеңге сонша өлердей ғашық өрелі тұлғаның өзгелерге айтатын өсиеті де ешкімді бейжай қалдырмасы анық. Жарықтық: «Поэзияның перзенті болам дегендерге айтарым, ең алдымен шынайылықты, шындықты, тазалық пен мөлдірлікті, мейірімділік пен махаббатты мейлінше меңгеруің керек. Өлең – ол ең алдымен қасиетті сезім. Ал тазалық жоқ жерден қасиет қашады. Осындай қасиетің болмаса өлең шіркін отарбасынан сені ерте түсіріп кетеді. Талантың мен тазалығың болмаса айдалада адасып қаңғып қаласың. Құдай ақындарымызды осындайдан сақтасын! Сондықтан да өлең деген айналайынмен абайлап барып сөйлескен жөн», – деп отыратын.

Ақын аға жайында айта берсе әңгіме көп. Кімге болса да қолынан келгенше шарапаты мен шапағатын тигізді. Адам баласын адал сүйе білген  алып жүрегімен талайдың басын игізді.

Бірде белгілі ақын Темірше Сарыбайұлы «Балдырған» журналында қызмет істеп жүрген кезінде бас редактор, өзінің бастығы Тұманбай ағаның кеңсесіне кіреді. Қарбалас жұмыс үстінде қағаздарын қобыратып отырған Тұманбай ағам кенеттен:

– Әй, Темірше, сен естіген жоқ па едің? Ертең Алматы қаласына арнап өлең жазған ақындардың жыр мүшәйрасы болады. Соған сен де қатыспайсың ба? – дейді.

– Ой, Тұмаға, Алматыға арнаған менің өлеңім жоқ қой, оған қалай қатыспақпын? – деп тығырыққа тірелген Темірше інісіне:

– Қанша жыл осы ару қала, әсем қала Алматыда тұрып, қызмет істеп жүріп, өлеңім жоқ дегенді менен басқа ешкім естімесін. Жоқ болса жазасың. Сен ақын емессің бе? Жақсы ақынсың. Жаз. Бүгін отырып жаз. Әңгіме осымен бітті, – деп бір-ақ кесіпті.

"Тұмаш ағамның бөлмесінен арқама бір ауыр жүк арқалағандай қалың ойға қамалып әрең шықтым. Ағаның маған айтқан сын-ескертпелері, ертеңгі жыр сайысының сынағы және де ол кісінің маған деген мейірімі мен пейілінің ауып, сенім арта сөйлеуі мені еріксіз жазу столына байлады. Бұрыннан да ойдағы пісіп-жетіліп қалған тың теңеулерімнің сыртқа лықсып шығып, төгілуіне Тұманбай ағам түрткі болды да, өлең деген жарықтық өзінен-өзі төгілді.

...Желкілде жырдың шудасы,
Шапшышы, шырқап көкке өлең.
Бабамның аппақ бурасы,
Бұл жерге тегін шөкпеген...

...Алматы дейміз әсілі,
Алланың нұры жауған жер,
– деп келетін сиясы әлі кеппеген жыр жолдарым ертесінде-ақ топты жарып жыр мүшайрасының бас жүлдесін иелендім. Мұның бәрі де Тұманбай аға секілді жан жылуын жанындағыларға таратып жүретін тума таланттың қамқорлығымен қол жеткізген жетістігім болатын", – деп жиі еске алушы еді. Енді, міне, екі ақынымыз да арада жоқ.

Табиғат пен махаббаттың жыршысы атанып, сонау алпысыншы жылдардағы қазақ лирикасына жыл құсындай жаңалық болып келген Тұманбай ақынның кез келген туындыларын тамсанбай, таңданбай оқу мүмкін емес. Ол адами асыл қасиеттердің нәзік те нәрлі болмысы мен оны жеткізудің тиімді  формасын таба білген талант. Ол адаммен ғана емес, аңмен, құспен, ағашпен, таумен, таспен, сумен де сырласып, тылсымның тереңінен тіл қатады. Өлеңімен өрнектелген өзгеше бір шеберлігімен  сезімтал жүрегінің лүпілін тыңдатады. Бұл Тұманбай ақынның тәңірі өзі тарту еткен  ақындық мол дарыны  мен таусылмас қажыр-қайраты, сарқылмас күш-қуаты.

Ренжітпедім мен елді,
Кезегі келсе қуанттым.
Арқалы бәрі мендегі,
Беделі, ұшқыр қуаттың, –
деп өзі жырлаған сол күш-қуат кісілігіне қылау түсірместен қарыштап алға ұмтыла беретін ақын ағаның бойынан да, ойынан да еш сарқылып көрген емес. Ол арқырап ағып таспайтын. Арнасын бұза жарып қашпайтын. Көктемдегі еріген қар суымен қосылып, тентектік танытып тасып, жазға салым жайылып жоқ болып кететін жай өзеннің суы да емес, өзгеше бір сағынышпен тыңдаған құлақтың  құрышын қандырып, жүректің отын жандырып, әсерлі бір ырғақпен, әсем әнге салдырып, жаныңды нұрға малдырып, таудан аққан бұлақтай сарқырап ағып жатса да сарқылмайтын, түгесіліп ешқашан таусылмайтын түпсіз терең дария іспетті дарынның  иесі болатын.

Өлең болып жаралған, өміріне өлшеусіз өлеңінен нәр алған Тұманбайдай ақынды өлеңінен ешкім бөлген жоқ. Бөле алмайды да. Себебі, ол өзінің сол ес білген шағынан бастап мұңдасы да сырласы, қимасы да құрдасы секілді өлең деген ең  киелі ұғымның ажырамас бір бөлігіне айналып кеткелі қашан?! Ақынның алпыс жыл бойы жазған еңбектерін кітап күйінде атын атап, түсін түстер болсақ, сонау ең алғашқы «Студент дәптерінен» бастап, өмірінің ақырына дейін шығарған жинақтарының саны қырыққа жетіп жығылады екен.

Оның бер жағында 2002-2004 жылдар аралығында «Қазығұрт» баспасынан әрқайсының көлемі орта есеппен отыз баспа табақтан тұратын таңдамалы туындыларының көп томдығы (он төрт том), одан кейінгі таңдамалылары жиырма төрт том болып жарық көрді. Осы жинақтардың бәрі де жеке кітапханамның төрінен орын алған құнды дүниелер. Сол еңбектердің тоғызыншы томындағы «Әй, өлең-ай» деп басталатын мына бір жолдарға көз жүгіртсек, өлеңге деген ақын сүйіспеншілігі  мен  берік  махаббатының  куәсі  боламыз.

Әй, өлең-ай, әй, өлең-ай, өлең-ай,
Нағашым-ай, ағашым-ай, бөлем-ай.
Әуре болып жүр ғой әлі біреулер,
Мені сенен, сені менен бөле алмай.

Заманының заңғар ақыны атанып, кейінгі толқын інілеріне қамқоршы ұстаз, ақылшы бола білген Тұмаш ағам алдыңғы  буын өкілдеріне адал дос, ақылшы іні де бола білді. Аға буын өкілдерінің ішінде біртуар ақын Тұманбайға да, жыр майталманы Мұқағалиға да ағалық ақ батасын беріп, өз әкесіндей қамқорлық жасаған Әбділда ақын атамыздың мына бір берген бағасымен ақын туралы шағын естелік мақаламды аяқтасам деймін:

«Тұманбай екеумізді тағдыр өзі қосты. Мен аға, ол іні болып табыстық. Біріміздің көзімізге екіншіміз махаббат көзімен қарадық. Ешнәрсені айтпай-ақ, бірімізге-біріміз жақсы сөздер айтпай-ақ ұғыстық. Бұл Тұманбай таңғажайып ақындығымен қоса таңғажайып адам. Ол адамды сүю үшін, оған сену үшін ғана туған. Мен жалпы Тұманбаймен достығымды өзіме ерекше мақтаныш етемін. Жасасын Тұманбай!»

Камнұр ТӘЛІМҰЛЫ,

ақын, сазгер,

Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі,

Талғар ауданының Құрметті азаматы

Сурет - ғаламтордан