Ахат ақын есімі ұмытылмауы тиіс

Уақыты: 25.12.2023
Оқылды: 658
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Ахат Баққожаев есімі өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында Талдықорған облыстық «Октябрь туы» газеті арқылы оқырмандарға таныла бастаған болатын. Өлеңдері таңғы шықтай таза, көркемдікпен кестеленіп, шебер қолдан шыққандығын айғақтап тұратын. 1977 жылы С.М.Киров атындағы Қазақтың Мемлекеттік университетінің табалдырығын аттағанда бізден бір-ер жыл бұрын журналистика факультетінің сырттай бөліміне түскен Ахат ақынмен сессия кезінде дидарласып, жақын араласқаным есімде. Осы таныстық 1980 жылдың жазында облыстық газетте өндірістік практикадан өткенімде одан әрі тереңдей түсті. Күнделікті газет жұмысынан қолы қалт еткенде көңіл түкпірінен туындаған жырларымен танысқан кезім де сол жылдар еді.

Оның өлеңдегі өрнегі төмендегі «Көктем», «Ауылға хат» туындыларынан айқын аңғарылады:

Жер-ананың бар жоғы түгелденіп,

Күлімдейді күн көзі жылы өң беріп.

Көктем тігіп далаға өз отауын,

Қойыпты қырға жасыл кілем керіп.

Жұпар желі жүзіңді желпіп желең,

Жас көңіл тәтті иіспен елтиді ерен.

О, далам жырға айналдың сен жүректе,

Осынау сырға толы кейпіңменен.

Сылқылдап, сеңсең белден бұлақ құлап,

Ғашықтар әуенімен жыр атты бақ.

Шартарапқа жыр бітіп жатыр міне,

Көмейінен көктемнің күй атқылап, – десе, азаматтық борышын өтеп жүрген кезінде жазылған «Ауылға хаты» шынайылығымен көңіліңе орнығады:

Мен үшін абыройы асқақ, нарқы мәр-мәр,

Ауылым, аманбысың алтын ордам.

Тұр таңын тыныштықтың нық күзетіп,

Мендегі өзің берген жарқын арман.

Ассалаумағалейкум, ақ тарландар,

Ақ таң үшін айқасқа аттанғандар.

Отан үшін сан отқа қақталғандар,

Табаныңда танкінің тапталғандар.

Жалын кешіп, сұрапыл ақтарғандар,

Өлім оғын төс тосып қаққан жандар.

Мәңгі өлмейтін ерлердің белгісі боп,

Үлгі боп бұл күнге сақталғандар.

Армысыңдар, аяулы ақ әжелер,

Шебер қолдар, төгілген ғажап өнер.

Өсиеттерің жасымнан бойға сіңген,

Қасиеттер бар менде таза нелер.

Арма, ақылшы әз аға, наз қарындастар,

Құшағы гүл, ойы ортақ абзал достар.

Болашақтың балауса шеруі үшін,

Қанат қаға беріңдер арманға асқар.

Байлығыңмен көл-көсір ырғын-егін,

Бақытыңды әлемге білдір елім.

Шайқалмайды тыныштық дариясы,

Күзетінде көз ілмей тұрмын өзім. 

Сарқан ауданының Көкөзек орта мектебінің музыка пәнінің оқытушысы болып зейнет демалысына шыққан Мырзахмет Сәрсенов ақын досы туралы тебірене әңгімелейді:

«1973-1975 жылдар аралығында мен Москва түбіндегі Можайск қаласында азаматтық борышымды өтедім. Сол жылдары жаныма жылу берген жауынгерлік достарымның арасынан Ахат Баққожаұлының есімін мәңгі жадымнан шығармаймын», – дейді Мырзекең алыста қалса да күні кешегідей жадында жатталып қалған жастық шағын есіне алып.  «Ол 1953 жылы 6-сәуірде Ақсу ауданы Қызылтаң  ауылында дүниеге келген. Ахаттың ақындық таланты ерте ашылған көрінеді. Кейіннен араласа жүріп оның 1971 жылы Қызылтаң орта мектебін бітіру «Соңғы қоңырау» кешінде оқыған «Ұстазыма» деген өлеңі қолыма түсті. Оқушының қаламынан туды демесеңіз мұнда ақындық арын бар.

Жайдары жаз-көңілің, жарқын жаның,

Бір өзіңде ғажайып бар шың дарын.

Білім бұлақ өзіңнен ағылады,

Ешкім бірақ көрген жоқ сарқылғанын.

Шәкірт ойын дөп басып ғажап танып,

Жан сырыңды шертесің сан ақтарып.

Балауса арман бөбектер болашаққа,

Сен арқылы самғайды қанат қағып.

Даналықпен кіршіксіз ақ көңілмен,

Орын алдың үміттің нақ төрінен.

Саған шаттық арнаған қайнар көзің,

Өз арнасын мәңгілік тапса өмірден.

Заман гүлдеп тұрғанда уақыт жырлап,

Ұстаз мерей бәрінен асып тұрмақ.

Бақыттысың бастаушым сен үйткені,

Бар адамға келесің бақыт сыйлап.

Ахат Баққожаев  мектеп кезінен армандаған оқуына түсті. КазГУ-дің журналистика факультетінде сырттай оқып жүргенде әскерге шақырылып, Москва түбіндегі Можайск қаласында офицерлер сапында азаматтық міндетін атқара жүріп өлең жазуын тоқтатқан жоқ. Оның  «Достарға естелік» деген өлеңі маған арналған еді:  

Адал дос, жақсы жолдас Мырзахмет,

Жауынгер жыл есігін бірге ашып ек.

Бір ырғақ тілге келіп үйірілді,

Болғандай бірер шумақ жырға тиек.

Бар қазақ, бөлек жандар болсақ тағы,

Біз үшін қуаныш, қайғы ортақ бәрі.

Тигенмен жанға ауырлау, көңілге жат,

Жүрерміз бұл күндерді аңсап та әлі.

Бұл өзі қайталанбас қызық күндер,

Жүр дейсің қасиетін біліп кімдер.

Мен үшін бәрің достар бір-бір төбе,

Апай төс, арыстандай жігітсіндер!

Еш айырымы жоқ жандар біз ұқсайтын,

(Бұл достыққа жүр екен қызықпай кім!).

Жан достар аңқылдаған адал достар,

Мен сендерді өлгенше ұмытпаймын!

Ақын осылай деп толғана келіп 1974 жылдың 16-қазанында төмендегі жалқы шумақты қағазға жеке түсіріпті:

Тұрмасам да ақын боп есіп-ағып,

Бірер шумақ жазғаным несіне айып?!

Осы жолдар көзіңе түскен сайын,

Жүрсең болды мені де есіңе алып!

Жылдар өтті. Қазір Ахат бұл дүниелік емес. Ол 1984 жылы өмірден озды. Соңында отбасы, балалары қалды. Бірақ ақын мұрасын  жинақтаған жан жоқ. Ахат Баққожаев тірі болғанда биыл 65 жасқа толар еді.

Ахат жазуды солақай қолмен жазып, домбыраны солақай қолмен тартатын. Сонымен қатар әнші, күйші, суырып салма ақындығы да бір төбе болатын.

Мені ақындыққа баулып, Талдықорғанда талай айтысқа қатыстырғаны есімде.  Бірде қазақтың ақын қызымен айтыстырып жатқанда жаттанды өлеңдерім таусыла бастап жеңілуге айналдым. Ахат соны сезіп, ақырын сыбырлай бастады. Мен өзім шығарғандай шебер орындап шықтым. Айтыскер қызымыздың «Айтыстың тәртібін бұздыңыздар», – деп шығып кеткен кезі болған. Ахат болса менің жеңісіме балаша қуанатын. Ақын-жазушылардың өлеңдерін жадына тоқитын, әсіресе Мұқағали Мақатаевтың, Төлеген Айбергеновтың өлеңдерін жатқа айтатын.

Талдықорғандағы орталық саябақта «Киіз үйдің» ішінде қымыз сатылатын еді. Жұмыстан соң немесе демалыс күндері сол «Қымызханада» талай қазақтың зиялы қауымымен таныстырды. Менің өнерге деген құлшынысымды қолдап, жігерлендіретін Ахат досым еді.

Әкесі Баққожа кейінде Қаратал ауданы Абай ауылында көп жылдар математикадан сабақ берген өнегелі ұстаз, ақын. Бес уақыт намазын қаза жібермеген діндар адам еді, сонымен бірге аңшылығы да бір төбе. Ахат жазған өлең-жырларын әкесіне тексертіп, түзеттіріп отыратын да, әкесі ақыл-кеңесін аямайтын. Артында сүйген жары Биғайша және екі ұлы қалды. Сегіз қырлы, бір сырлы осындай досыммен соңғы жүрегі тоқтағанша қарым-қатынасымыз үзілмегенін жаныма медеу тұтамын».

 Өнер десе ішкен асын жерге қоятын Мырзахмет Сәрсеновтың жан тебіренісі ойландырмай қоймайды. Мүмкін Ахаттың төл тумалары жерлестерінде, замандастарында, отбасында сақталған болар. Ахат ақынның соңында қалған мұрасы жинақталса Ақсуда туып, Қараталда есейіп, Талдықорғанда тұлғаланған ақын есімі айшықтала түсері анық. Бойындағы сан қырлы талантының толық танылуына, өкінішке орай адымын ажал құрсаулап, өткінші уақыт мұрсат бермеді. Дегенмен отыздан еркін аспай-ақ журналстикадағы қолтаңбасымен, поэзиядағы өзіндік үнімен ортасын мойындатқан Ақат Баққожаевтың жырлары ескі басылымдардан жинақталса, жарыққа шықса деген арманымыз көмескіленбесе екен...

Жомарт ИГІМАН