Қаңтар (өлең)

Уақыты: 04.01.2024
Оқылды: 757
Бөлім: АРДЫҢ ІСІ

Дүрия көйлек киінген дүние,
Тау, текше, белең – ақ мамық.
Көк аспан көктен сүйінген күйде,
Күмісін жатыр ақтарып.

Дала-ару аппақ жүзіне түскен,
Әр ізді далап деп білер.
Әр ерін тисе сүзіле түскен,
Түлерсің тағы текті жер!

Суыққа саусақ созған бұталар,
Балақан күйде мұз қауып.
Мұржада билеп қоздан құт алар
шұбайды түтін – мұздауық.

Қаңтарды осы ұнатам, тіпті,
Тап-таза шақ қой қыс деген.
Сықырлап жетсе құба таң құтты,
Аяздай арлы түс көрем. 
Қаңтарым жетсе жоспарым анық,
Бір жылға мықтап жасаған.
Жер аппақ, тіпті аспаным анық,
Бауырым бүтін, бас аман!

«Кел, төрлет!» дедім қаңтарға қарап,
Асыға күттік жалпымыз.
Береке жаудыр әр таңға барат,
Барақат тапсын халқымыз!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Фото: beesona.pro