БИЫЛҒЫ ОРАЗА 2 СӘУІРДЕН БАСТАЛАДЫ. ПІТІР-САДАҚА МӨЛШЕРІ - 500 ТЕҢГЕ

Уақыты: 26.03.2022
Оқылды: 1588

Ел астанасында Бас мүфти Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫНЫҢ төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының алқа мәжілісі өтті. Бұл туралы ҚМДБ-ның ресми сайты хабарлады.

Жиынды ашқан ҚМДБ Төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы: «Санаулы күндерден соң қасиетті Рамазан айы басталады. Мұсылман үмбеті үшін Рамазан – ерекше ай. Мейірім мен кешірімге, сауапқа толы айды әдеттегідей өз деңгейінде өткізуді Алла нәсіп етсін! Осы айда мейлінше қайырымдылық іс-шараларды көбірек атқаруға шақырамын», - деді.

Төралқа мәжілісінде наиб мүфти, Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы биыл қасиетті Рамазан айы 2 сәуірден басталатынын, Өзбекстан, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасымен кеңесіп, осындай ортақ шешім қабылданғанын атап өтті. Мәжілісте «Зекет және қайырымдылық» қорының директоры Қанат Қыдырмин қасиетті айда атқарылатын қайырымдылық іс-шаралар туралы Бас мүфтиге баяндады.

Айта кетсек, биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда аяқталады. Ораза - 30 күн. 2 мамыр – Ораза айт күні. 27 сәуірден 28 сәуірге қараған түн – Қадір түні.

Мәжілісте биылғы пітір садақасының мөлшері де анықталды. Биыл пітір мөлшері 500 теңге болып белгіленді. Пітір-садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы ҚМДБ-ның қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"