ТЕМІРДЕН ТҮЙІН ТҮЙГЕН

Уақыты: 12.06.2022
Оқылды: 2323
Бөлім: ОН САУСАҚ

Бүгінде он саусағынан өнер темір жонушы шеберлер табу қиын. Жастардың дені заманауи техникаға бейімделіп алғаннан кейін табандылықты талап ететін, әуресі көп кәсіпті істегісі келмейді.  

Райымбек ауданының Сарыжаз ауылда тұратын Қайрат Алакөзов атты азамат Райымбек, Кеген аудандары тұрғындарының бұзылған ауыл шаруашылығы техникасы мен тұрмыстық бұйымдарын жөндеп, кәсіптен нәсіп тауып келеді.

– Мәскеу қаласында азаматтық борышымды өтеп туған ауылыма келгеннен кейін шаруашылық басшылары мені Алматы қаласындағы 4 айлық курсқа жіберді. Қаладағы поршень зауытында білім алып әрі іс-тәжрибеден өтіп, темір жонушы мамандығын меңгердім,– дейді Қайрат қысқа қайырып.

Ол 1978 жылдан бері темір жонумен айналысады.

– Темір жонатын құрылғыны Астрахань қаласынан алып келдім. Содан бері біргеміз. Жалынды жастық шағымның белгісіндей көзіме ыстық көрінеді. Менің өмірімнің бір бөлшегіне, қымбат дүниеме айналды, – дейді ол сыры кетсе де, сыны кетпеген құрылғыны нұсқап.

Мамыр айында алпыстың бесеуіне келген азамат әлі тың, қажырлы қалпында. Темірден түйін түйетін кәсіпқой токарь газ, электрмен дәнекерлеуді меңгеріп алса да бесаспап маман сонау шаруашылықтар тұсындағы шебархана жұмысын әлі күнге тоқтатпай жүргізіп келеді. Қазір осы өнерін ұлы Серікке де үйретуде.  

Қанат Біржансал
Райымбек ауданы