АУЫЛДАН ҰСТАХАНА АШАМЫН ДЕГЕН ЖІГІТ МИЛЛИОНЕР БОЛЫП ШЫҒА КЕЛДІ

Уақыты: 13.12.2020
Оқылды: 1461
Бөлім: ОН САУСАҚ

Райымбек, Кеген аудандары бойынша 2 адам «Zhas Project» жобасының жеңімпазы атанды. Екі жеңімпаздың бірі - Райымбек ауданындағы Қақпақ ауылында тұратын Марғұлан ЖОЛШЫҰЛЫ 1 миллион теңге көлемінде грант ұтып алып, ұстахана ашты.

Халқымызда «Ата көрген оқ жонар», «Ат тұяғын тай басар» деген жақсы тәмсіл бар. Марғұланның әкесі Жолшы Терлікбаев – шебер ұста. Әсіресе, қыс маусымында Жолшының соққан таға, шегесін тұтынатын тұрғындар көп.

Марғұландай жас өрен әкесінің қасында қолқанат бола жүріп ұсталықты меңгерді. Қолынан келетін дүниені кеңейту үшін «Zhas Project» жобасынан бағын сынап көреді. Асығы алшысынан түскен ол грант иегері атанып, қаражатқа ұстахананың жұмысын жандандыруға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алды. Жас шебердің Ертай, Дархан, және Дәуен атты көмекшілері бар. Үшеуіне де алғашқы уақытқа 5 ай шәкіртақы төленеді.

– Темірден таға, шеге, үйдің тіршілігіне қажетті қалақ, қысқаш, көсеу сынды тұрмысқа қажетті заттарды жасап жүрмін. Жоба жеңімпазы атанғаныма қуанамын. Осындай жобаның мүмкіндігін қолданып, ойымда жүргенді іске асырсам деймін. Болашаққа жоспар көп, – дейді Марғұлан Жолшыұлы.

Он саусағынан өнер тамған шебер Марғұлан күмістен сақина, білезік, қыздардың әшекей бұйымдарын да жасайды екен. Ағаштан ер-тоқым, ат әбзелдерін жасау да қолынан келеді. Мұның барлығы – жақсылық, ауыл тіршілігіне қажетті дүние. Рас, кей ауылдан ұстаны, ұстахананы таппайсың. Марғұлан ашқан ұстахана Қақпақ пен Көкбел ауылы тұрғындарының қажетіне жарап тұр.

Қанат БІРЖАНСАЛ

Райымбек ауданы

Алматы облысы