1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда «Ұлттық сезім» флешмобы басталып, Kusto Group, Tas Group, Chocofamily Holding, «BI Group», Invictus, Novopack, Bilim Media Group, Ordamed Group, MYD Production, SDC, Freedom Holding Corp, Ұлтты спорт қауымдастығы сияқты ірі компаниялардың қызметкерлері жұмысқа ұлттық киіммен келеді. Бұл бастама аптаның әрбір жұма күнінде қайталанып, басқа да мекеме қызметкерлері арасында дәстүрге айналуы мүмкін.
Бұл туралы 7-su.kz желілік басылымы Halyq Uni.kz сайты дерегіне сүйене отырып хабарлайды.
Елдің назарын қазақтың ұлттық байлығы мен дәстүріне бұруға, ұлттық киімді қоғамда сәнге айналдыруға бастамашы болғандардың бірі – «Бәйге» федерациясының президенті Қанат Көпбаев.
Алдымен бәйгеден Қазақстан чемпионаты аясында ұлттық костюм байқауын өткіздік. Ол бастағаннан-ақ қолдау тапты, соның арқасында біздің ұлттық киіміміздің жан-жақты әрі ерекше екеніне, дәстүріміздің бай, қыздарымыздың сұлулығына тағы да көз жеткіздік. Федерация өткізетін барлық жиналыс пен іс-шараға шеберлер кестелеген шапан немесе камзол киіп барамыз. 1 желтоқсанда 2023 жылдың есеп беру іс-шарасы өтеді, бұл күні де ұлттық нақыштағы киіммен баратынымыз анық. Биыл федерацияда ребрендинг өткіздік, келер жылы төрешілер мен федерация өкілдерінің арнайы киімін жаңартуды жоспарлап отырмыз. Ол да ұлттық нақышта болады, - деді ол.
Сонымен қатар ол қызметкерлердің жоспарланған іс-шараларға дайындалып жатқанын атап өтті.
«Серіктестер мен әріптестеріме бұл идеяға ынта-шынтасымен қосылып, қолдағаны үшін алғыс білдіремін. Kusto Group құрамына кіретін компаниялар туралы айтатын болсақ, олардың әрқайсысының өзіндік ерекшелігі бар. Дайындық нәтижесін 1 желтоқсанда көреміз», - деді Қанат Көпбаев.
Жоба жетекшісі Оксана Шкрыгунова флешмоб туралы толығырақ айтып берді.
«Ұлттық сезім» флешмобы 1 желтоқсанда өтеді. Әрбір адам жасына, ұлтына және жынысына қарамастан жобаның бір бөлігі бола алады. Бұл жерде түгел ұлттық киімде келудің қажеті жоқ, заманауи үлгідегі әшекейлерді тағуға болады, қыздар ерекше макияж жасай алады. Мұндай тренд жақында Tik-Tok желісінде тарады. Біз жобаға арнайы Instagram-парақша аштық және 1 желтоқсаннан бастап арнайы сайт іске қосылады. Ол жерде ұлттық киімдер туралы ақпарат та жарияланады, - деді Шкрыгунова.
Жобаның мақсаты – ата-бабамыздың дәстүрі мен тарихы арқылы ұлттық киімді дәріптеу, ұлттық брендті нығайту.
Фото: Halyq Uni