ӘСКЕРИ ҚЫЗМЕТТЕН ЖАЛТАРҒАНДАРДЫ ҚАНДАЙ ЖАЗА КҮТІП ТҰР? МАҢЫЗДЫ ЖҮЗДЕСУ

Уақыты: 27.09.2022
Оқылды: 1291
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Талдықорған гарнизонының әскери бөлімдерінде «Әскери қызметтен жалтарудың, қызметке шықпау және бөлімді өз еркімен тастап кету» фактілердің алдын алу бойынша әскери полиция бөлімі өкілдерінің қатысуымен іс-шара өткізілді.

Шараға гарнизондағы әскери бөлімдердің офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілер, мерзімді қызметтегі сарбаздар қатысты.

Жеке құрамға әскери бөлімді өз бетімен тастап кетпеуді және әскери қызметтен жалтаруды немесе бас тартуды болдырмау тақырыбында сабақтар өткізілді. Сондай-ақ, жарғы талаптарын, өзіне жүктелген міндеттерін орындамаған, қызметтен жалтарған, өз бетімен әскери бөлімді тастап кеткен тұлғалардың жауапкершілікке тартылатыны жайлы мысалдар келтіріліп, арнайы дайындалған бейне үзінділер көрсетілді.

– Жеке құрамға қызметтік уақыт регламентін сақтау талаптары түсіндіріліп, мысал ретінде Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріндегі қызметке шықпау және әскери бөлімді өз еркімен тастап кету фактілері көрсетілді. Сонымен қатар, офицерлер мен сержанттар құрамына әскери қызметті өтеу бойынша келісімшарт ережелерін қатаң сақтау және оларды бұзған жағдайда қолданылатын әкімшілік жауапкершілік шаралары айтылды, – деді Талдықорған гарнизоны әскери полиция бөлімінің аға офицері, әділет майоры Нұрбол Зейтинов.

Іс-шараға қатысқан әскери қызметшілер сұхбат барысында сұрақтар қойып, тиісті жауаптар алды.

Талдықорған гарнизонының баспасөз қызметі

Жетісу облысы