КЕРБҰЛАҚ АУДАНЫНДА ТӨРТ ТҮЛІК МАЛҒА ДӘРІ ЕГІЛДІ - ВЕТЕРИНАРИЯ БӨЛІМІ

Уақыты: 18.11.2022
Оқылды: 871
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Биыл 1 мың гектарға салынған егістіктің әр гектарынан 25 центнерден түсім алыпты. Бұл жылдың жаңбырлы болғанының нәтижесі. Кей жылдары құрғақшылықтың кесірінен астық шықпай да қалады. Сондай болмас үшін күзгі ылғалды тиімді пайдаланатын шаруашылық биыл 700 гектар күздік егістікке бидай салыпты. Енді алдағы көктемде 300-400 гектар жерге арпа себеміз деп отыр.

Біз барғанда шаруашылықтың қорасында ұсақ малға дәрі салған Кербұлақ аудандық ветеринария стансысының Қызылжар ауылдық округінің мал дәрігері Қайрат Рахимов, ветеринарлар Ерлан Сембай мен Нұрбол Сатыбалды әрбір қой мен ешкінің құлағындағы сырғасын тексеріп, қозы мен лақты жаңа нөмірмен белгілеп жатты.

Мамандардың айтуынша, күз кезінде салынатын дәрі аусылдың алдын алуға септігін тигізеді. Мал дәрігерлеріне шаруашылықтың сиыршысы Оразхан Күзембаев, қойшы Құсайын Жиендинов ұсақ малды іріктеуге қолғабыс етіп тұрды.

«Б.Асанұлы» шаруа қожалығының меңгерушісі Оспанжан Бауыржанұлының пікіріне қарағанда қазір қойдың жүні құнсыз. Сондықтан биязы жүнді меринос қой өсіргеннен гөрі суыққа төзімді, етті мол беретін «байыс» тұқымын көбейте бастапты. Етін көбіне қабырғаға жинайтын бұл тұқым аса ерекше күтімді қажет етпейді. Осыған орай Шопаната түлігін ұдайы бақылап, дәрілеп, қадағалап отыруды әдетке айналдырыпты.

Ауыртпалығы басым ауылшаруашылық саласын таңдап, Талдықорғандағы аграрлық колледж бен Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін бітірген Оспанжан Бауыржанұлы өз ісін сүйетінін осылай көрсетіп отыр.

Мәди АЛЖАНБАЙ

Кербұлақ ауданы,

Жетісу облысы