ҚОНАЕВТА ҚАЗАҚ-УКРАИН АҒАРТУШЫЛАРЫ ДӘРІПТЕЛДІ - ОБЛЫСТЫҚ ФОРУМ

Уақыты: 17.11.2022
Оқылды: 904
Бөлім: КҮНДЕРЕК

«Қазақ және украин халықтарының ағартушылары Ахмет Байтұрсынұлы пен Кристина Алчевская» облыстық форумы ТМД елдерінің халық шығармашылығы мен мәдениеті жылының аясында өтті. Іс-шараны Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қоғамдық келісім» басшылығымен облыстық орыс этномәдени орталығы ұйымдастырды.

Шаһардағы көпсалалы колледжде ұйымдастырылған форумға түрлі этнос өкілдерінен құралған ұйымдардың мүшелері, студенттер, колледж ұстаздары қатысты. Мақсат – жалпыұлттық өзін-өзі тануды қалыптастыру, этносаралық келісімді нығайту, көрнекті ағартушылар Ахмет Байтұрсынов пен Кристина Алчевскаяның рухани адамгершілік құндылықтары мысалында жастарды қазақстандық бірегейлік пен бірлік рухында тәрбиелеу.

Қонаев қаласының көпсалалы колледжінде өткен шараға жиналғандар Ахмет Байтұрсынұлы пен Кристина Алчевскаяға арналған көрмені тамашалады. Онда қазақ және украин халқының ағартушылары туралы фотосуреттер мен кітаптар көрмесі қойылған.

"Алматы облыстық орыс орталығы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Лариса Котельникова: «Форум өскелең ұрпақты Қазақстанның мәдени игілігімен таныстыруға ықпал етеді. Жас ұрпақты рухтандырып, мәдени байытуға, азаматтық патриотизм рухында тәрбиелеуге бағыттайды», – деді. Сонымен бірге, ол қазақ және украин халықтарының ағартушылары Ахмет Байтұрсынұлы мен Кристина Алчевскаяның үлгі болар өмірі мен халыққа сіңірген баға жетпес еңбектерін әңгімеледі.

Маңызды шарада «Алматы облысының ішкі саясат басқармасы» ММ «Қоғамдық келісім» КММ директоры Марат Илипов сөз сөйледі.

Елдегі 100-ден аса этностың айрандай ұйыған татулығы – басты байлық. Ел бірлігін нығайту, жас ұрпақты білімге баулу, жастар арасындағы ұлттық ынтымақтастықты қалыптастыру – форумның басты міндеті. Алматы облысында 105 этнос өкілі тұрады. Олардың тілі мен мәдениетін дамытуға облыстық Қазақстан халқы Ассамблеялары мен этномәдени бірлестіктердің жұмысы ықпал етеді. Белгілі қазақ ғалымы және ағартушысы Ахмет Байбұрсынұлы Қазақстанда ұлт мұғалімі ретінде құрметке ие. Ол Қазақстанның алғашқы ағартушыларының бірі. Кристина Алчевская халықтық білім беруде өзінің қажымас қызметімен танымал. Ол Украин, Ресей және шетелдік мәдениет қайраткерлерінің жоғары бағасына ие болған педагог, – деп форумға қатысып, атсалысқан азаматтарға алғысын жеткізді.

Өз кезегінде Қонаев қаласының көпсалалы колледжінің директоры Айсәуле Әбуғалиева, тарих пәні мұғалімі Алексей Дубровин, «Просвет» украин этномәдени орталығының өкілі Т.Кайдалова ойларымен бөлісті.

Форум аясында шығармашылық байқау ұйымдастырылып, ағартушылар жайлы эссе жазған студенттер марапатталды.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

Алматы облысы