БЕЙБІТ ИСАБАЕВ №974 САЙЛАУ УЧАСКЕСІНДЕ ДАУЫС БЕРДІ - ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 20.11.2022
Оқылды: 869
Бөлім: КҮНДЕРЕК

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев І. Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында орналасқан №974 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді.

Ел президентін сайлау - егемен ел үшін жасалатын жарқын іс. Бұл науқаннан әрбір адам қалыс қалмай, берекелі болашақ, кемел келешек үшін өз таңдауын жасауға тиіс. Айталық, аймақ басшысы Бейбіт Өксікбайұлы зайыбы Әсия Ғабдіманқызымен бірге өнер шаңырағындағы учаскеге келіп таңдау жасады.

Өз кезегінде:

- Бүгін жалпы қазақстандықтар үшін маңызды саяси оқиға. Мен Президенттік сайлауға келіп дауыс бердім. Бұл менің азаматтық құқым һәм борышым. Қазақстанымның болашағы үшін таңдау жасадым және еркін елдің ертеңіне сенемін! - деп аймақ басшысы пікір білдірді.

Жетісулық өнерпаздар күй шалқытып, әуезді әуен асқақтатып тұрған сайлау учаскесіне көпшілік таңнан толастар емес. Жалпы, облыс бойынша 447 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр десек, аймақ көлемінде 450 мыңға жуық азамат өз таңдауын жасамақ.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Талдықорған қаласы,

Жетісу облысы